Атырау, 28 желтоқсан 17:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Бір сыныпта қанша бала оқуы керек?

10 870 просмотра

2005 жылғы бала туу қарқыны  биыл атыраулықтар үшін сынып жетіспеушілігімен көрініс тапты.  Мәселен, №22 мектепте бір сыныпта 40-қа жуық бала оқып жатыр. Сөз жоқ, жағымды жаңалық, тек  орын жетпегені ғана болмаса.

№22 мектеп директоры Сара ХАБИБУЛЛИНА биылғы оқу жылында 1-сыныпқа барған оқушылар үшін екі қазақ және бір орыс сыныбы ашылғандығын мәлім етті. Бір сыныпта 38 оқушыдан болса, жалғыз орыс сыныбында 35 бала бар.

- Бізге келген балаларды мүмкіндігімізше қамтуға тиістіміз. Қазір қалалық білім бөлімінен балаларды №24, №27 мектептерде оқытуға болады деген келісім алдық. Өйткені, оларда бала саны аз. Бірақ, ата-аналар балаларын бізге әкелуде. Оқушыларды тағы да сыныпқа бөлуге болар еді, бірақ оған орын жоқ. Ұстаздар бөлмесінен бір сынып ашып, оқытып отырмыз балаларды, - дейді мектеп басшысы.

№24 мектеп директоры Ғали МАХАМБЕТОВ биыл сегіз 1-сыныптың ашылғандығын айтты. Оның үшеуі қазақ, бесеуі орыс тілінде білім береді.

- Орыс сыныптарының басым болуы – аумағымызда қазақ мектептерінің көптігімен байланысты. Привокзальный ықшам ауданын қамтитын №34, №10, №27 қазақ мектептері бар ғой. Жалпы, бізде әр сыныпта 24-25 оқушыдан келеді. Біз оқушы санын 25-тен асырмауға тырысамыз. Ал мұғалімдер саны артық. Оларды мектепалды даярлық сыныптарына жіберудеміз. Ешкім де қысқартылып жатқан жоқ. Біздің мектеп қала бойынша ең ауқымды саналады. Барлығы 85 сынып оқытылуда, - дейді мектеп директоры Ғали Махамбетов. Оған қоса, ол бір сыныпта қырыққа жуық баланың оқуына қатысты пікірін де айтып қалды. «Қырық баламен білім болмайтынын бәріміз білеміз. Қиын ғой», - деді директор.

Ал №27 мектеп директорының орынбасары Ару ҚОСЫМБАЕВА да бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жылдан-жылға артып отырғандығын айтады. Мәселен, өткен жылы бес сынып болса (оның алдыңғы жылы төрт сынып болған), биыл алты сынып бар. Оның үшеуі жәй сынып, келесі үшеуі гимназия сыныптары. Және әрбір жәй сыныпта 25 оқушы, әрбір гимназия сыныбында 20 оқушы білім алуда. Директордың орынбасары оқушылар санының көбеюін Жұлдыз, Мирас секілді ықшам аудандарында тұратындар мен жаңадан қоныс тойын тойлаған отбасылардың балаларымен байланыстырады. 

Осы жайтқа байланысты Атырау қалалық білім бөлімінің мектеп инспекторы Дариға ШОХАНАЕВА қанша оқушы қабылданатынын мектеп әкімшілігі шешетінін және бір сыныпта 25 баладан көп болуы керектігін айтып отыр.  

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

22 қыркүйек 2011, 16:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.