Атырау, 21 желтоқсан 07:29
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Энергетика министрлігі заң бұзып отыр

2 783 просмотра

Image 0Қали Әубекеров

«Асықпаңдар, балықты үркітесіңдер!» («АЖ», 2.04.2015 күнгі №14) жарияланымында NCOC директоры Стефан де Майе ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникке Каспий теңізінде 1 сәуірден 15 шілдеге дейінгі кезеңде құрылыс жұмыстарын жасауға тыйым салатын Экологиялық кодекстің 257 және 258-баптарына өзгеріс енгізуге жәрдемдесуін сұрап өтініш білдірді деп хабарланды.

Өкінішке орай, энергетика министрлігінің жұмыс тәжірибесінен оның Экологиялық кодекс талаптарына қайшы болса да, жер қойнауын қолданушылардың сөзін сөйлейтінін жиі көруге болады.

Мәселен, өткен жылдың қарашасында министрлік «KAZENERGY» мұнай-газ бен энергетикалық кешен кәсіпорындары қауымдастығының өтінішін қанағаттандырып, ведомстволық «Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде экологиялық мониторинг ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына» қадағалау кезеңдеріне қатысты «мұзды учаскелердегі жұмыстардан өзге» қосымшасын енгізді. Алайда, Экологиялық кодекстің 269-бабы 2-тармағында Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында шаруашылық қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы өндірістік қызметті жоспарлау және одан әрі жүзеге асыру кезеңінен бастап жыл сайын төрт климаттық маусым бойынша 4 рет барлық келісімшарт аумағы бойынша қоршаған ортаға өндірістік мониторинг жүргізуге міндетті деп белгіленген.

«Қазгидрометтің» ресми анықтамасы соңғы 10 жылда Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұздың тұруы үш айдан (96 күн) бес айға дейін (156 күн) созылатынын растайды. Мониторингтің кезеңділігін заңсыз 5 айға қысқарту және Каспий теңізінің солтүстік шығыс бөлігі жағалауында 1 сәуірден 15 шілде аралығында белгілі бір құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру (бейресми ақпарат) табиғат қорғау заңнамаларының тиімділігін төмендетеді.

ҚР «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 45-бабы 2-тармағына сәйкес, заңдық актілерге тек оны қабылдаған (шығарған) органдар мен лауазымды тұлғалар ғана ресми түсінік бере алады. Сондықтан да ҚР энергетика министрлігінің бұл әрекеті заңсыз.

ҚР Конституциясында Парламентке де заңдарға ресми түсінік беру құқығы берілмеген, ол тек Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы ғана мүмкін. Сондықтан Экологиялық кодекстің 269-бабы 2-тармағына «мұзды учаскелердегі жұмыстардан өзге» түсінігін енгізуге болмайды. Осылайша, энергетика министрлігінің ережесін Бас прокуратура немесе үкімет кері қайтаруы керек.

Қ. Әубекеров, «БатысЭкоҚорғау» ҚБ төрағасы

9 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.