Атырау, 28 желтоқсан 15:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Бергей Рысқалиев – бюджеттегі проблемалар, жалған кезек және «үркек имамдар» жайында

6 155 просмотра

Кеше, облыстық әкімдікте мәслихат депутаттары әкім Бергей Рысқалиевтің 8 ай ішіндегі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады. Әкім баяндамасы тәуелсіздік алған 20 жыл ішіндегі қол жеткізген жетістіктер мен цифрларға толы болды. Ал кейбіреулер бұл баяндама әкімнің осы орында отырғанына 5 жыл толуына арналды десіп жатты.

Әдеттегідей өнеркәсіптік өндіріс саласындағы жетістіктер анағұрлым әсерлі шықты. Бұл терминнің астарында көмірсутек шикізатын кең ауқымды өндіру жатқанын айтпай-ақ түсінуге болады. Оның басым үлесі ТШО-ның еншісінде. Біздің облысымызда өндірілетін жалпы өнімнің көлемі соңғы 20 жыл ішінде 600 есе артқан, яғни 1991 жылы 4,6 млрд. теңгеден бастап, 2010 жылы 2,8 трлн.-ға дейін. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 20 жыл ішінде 30 млрд. теңгеден 3,1 трлн. теңгеге дейін өскен (2010 жылғы мәліметтер), бұл республикалық көрсеткіштің 27 пайызын құрайды.

ИНВЕСТИЦИЯЛАР 

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жылы облыстағы инвестиция көлемі 1 трлн. теңгеден асып кеткен еді. Ал 2011 жылдың 8 айы ішінде экономикаға тағы 700 млрд. теңге құйылды. Әкім елге тартылған бүкіл инвестицияның 28 пайызы Атырау облысының еншісінде екенін атап өтті.

Б.Рысқалиевтің айтуынша, бізге келген сапарында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Оңтүстік Корея президентімен мұнай-химия кешенін салу үшін 6 млрд. доллар тарту жөніндегі келісімге қол жеткізілгенін айтқан. Шамасы, әңгіме алып жобаның екінші кезеңі туралы болып отырған шығар. Өйткені бірінші кезеңді қытайлық мердігерлер қытай ақшасына игеруде.

БЮДЖЕТ

Рысқалиев жиналғандарға жаңа Салық кодексіне сәйкес республикалық бюджеттегі алымдардың артып отырғанын еске салды. Осының салдарынан бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыру келесі жылға қалдырылған.

– Салық кодексі қабылданып, қолданысқа енсе де, біз түзетулер қажет екендігі туралы өзіміздің ұсынысымызды енгіздік, - деп атап өткен әкім, барлық депутаттарды осы проблеманы шешуге үлес қосуға шақырды. Ол сондай-ақ, биылғы жылдың бюджетіне Қаржы министрлігінен түскен қате ақпараттың да әсер етіп кеткенін атап өтті. Қаржы министрлігі мұнай және газ министрлігінің алдын ала дайындаған үшінші кезең зауыты және мұнай-химия кешенінің жұмыстарының басталуы туралы мәліметтерінің негізінде осы құрылыста жұмыс жасап жатқан жұмысшылардан түсуі тиіс болжамды салықтар көлемін қате белгілеген. Нәтижесінде осы жобаларға жұмылдырылуы тиіс жұмысшылар табысына салынатын салық түрінде бюджетке 14 миллиард теңге түспеген. Дегенмен де, биылғы жылға жоспарланған жобаларды жүзеге асыру тоқтатылмайтын болады. Әрі кеткенде 5-6 айға созылады.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ

Биылғы жылдың 8 айы ішінде 228,2 мың шаршы метр тапсырылды. Жыл аяғына дейін 1250 пәтер, ал 2012 жылдың бірінші жартыжылдығының аяғында тағы 1800 пәтер пайдалануға беріледі. Соңғы үш жыл ішінде жаңа пәтерлерге 15 мыңдай отбасы қоныстанды. Олардың ішінде 20 жылдан бері кезекте тұрғандар, мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік-осал топтан шыққандар бар.

Бәз біреулер мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін баспананы себепсіз иеленіп отыр

Сонымен қатар әкім бір оғаш нәрсені атап өтті: тапсырылған баспанамен бірге оған тұратын кезектер де өсуде. Егер бұрын ол 3,5 мың адамды құраған болса, енді қазір 20 мыңдай адам. «Тексеріп қалғанда, олардың бәрі бірдей мұқтаж емес боп шығады. Алмагүл ықшамауданындағы мемлекеттік бағдарлама бойынша тапсырылған пәтерлердің 40-50 пайызы бос тұр немесе жалға беріледі. Демек, оларға үміткер адамдардың тұратын жерлері бар деген сөз. Бәрінің сөздеріне сене беруге болмайды. Кезекке тұрушылардың барлығын қайта тексеру қажет. Облыс әкімі де, қала әкімі де мемлекеттік тегін баспананы немесе жер учаскесін бөлумен айналыспауы тиіс. Мұнымен бақылаушы органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысқан арнайы комиссия айналысуы тиіс».

ДІН

Рысқалиев діни экстремизмнің таралу мәселесін тағы да қозғап өтті:

– Бұл мәселені соңғы бірнеше жыл ішінде үлкенді-кішілі мәжілістерде көтеріп келдім. Алайда тек таяуда ғана оны қолға алдық. Тағы да қайталаймын: біздің ортақ міндетіміз – бұл мәселені бақылауымыздан шығарып алмау. Әр мемлекеттің өз шекарасы болатыны секілді, әр діннің таралу, дәстүрлі даму ортасы, тарихи қалыптасқан аумағы болады.

Әкім статистика келтірді. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде бірнеше мыңдаған діни бірлестіктер тіркелген. Тіркелген ағымдардың ішінен исламға қатысы барлары -  2371, православиеге – 2208, католик дініне – 82, протестант дініне қатысы барлар – 1189.

– Бұлардан басқа тіркелмеген діни ағымдардан шыққан уағыздаушылар жеткілікті. Біз үшін, исламның хақ дін екені сөзсіз. «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» деген Абай, оны өзі де ұстанған. Бірақ ол ешқашан ата-анасын құрметтемеу, қатыгез болу, өмір проблемасынан қашу дегенді насихаттамаған. Керісінше: «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деді емес пе?! Немесе Шәкәрім Құдайбердіұлының кез-келген шығармасын алыңыз. Сонда оның басты қағидаларының бірі – бірлік, бауырмалдық, шыншылдық екенін көресіздер.

Әкімнің айтуынша, жақында құқыққорғау органдары ұстаған адамдар дінді бұрмалағандар. Олар дінді өшпенділікті қоздыру үшін пайдаланады.

– Біз бәрін қатарынан тұтқындайын деп отырған жоқпыз. Біз дінмен күреспейміз, біз дінді жамылып, лаң салып, үрей туғызып, тыныштықты бұзатындармен күресеміз.

Әрі қарай ол ресми имамдарды сынға ала бастады:

– Имамдар экстремистік түсініктегі діни ағым өкілдерінің ұсталғандығын жақсы біле тұрып, тіпті селт етпеді де. Олардың тарапынан ешқандай әрекет, ешқандай ұсыныс, идеялар болған жоқ. Неге бұлай? Бұл не деген жауапсыздық? Әлде олар «Аз сөз алтын, көп сөз көмір» деген қағиданы ұстана ма? Сол күндері өз ұстанымдарын білдірмеген имамдар экстремистерді үнсіз ғана қолдайды немесе қорқады деп есептеймін. Мен олардан қорқады-ау деп ойлаймын.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

22 қыркүйек 2011, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.