Атырау, 26 желтоқсан 23:59
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Кітапханашылар көше кезіп жүр

2 492 просмотра

«АЖ» өткен нөмірінде («Әкімдіктерге өрт қаупі төніп тұр») Индер ауданындағы мектептер мен балабақша, әкімдік ғимараттары өрт қауіпсіздігін сақтамау шараларына жол бергені үшін экономикалық соттың шешімімен жабылатыны жөнінде жазған едік. Жуырда осы ауданға қарасты мәдениет үйлері мен кітапханалар ақыры жабылып тынды.

Индер ауданына қарасты Жарсуат, Елтай, Аққала, Есбол, Өрлік, Көктоғайдағы мәдениет үйлері мен кітапханалар 12 қыркүйектен бастап жаппай жабылды. Мәдениет қызметкерлері қара бұлтты қалай сейілтерін білмей басы қатулы. Аталған ғимараттар күрделі жөндеуді бірнеше жылдан көрмеген. Сұраныс берілгенімен бірде-бір талап орындалмады. Ғимараттардың ескілігі мен талапқа сай болмауы мәдениетшілердің ығырын шығарып болған еді.

 - Біздің не кінәміз бар. Енді жоспарлы шараларымызды қалай өткізерге білмей отырмыз. Осыған дейін неге шара алынбады. Мектептердің акт залдары өздерінен ауыспайтыны белгілі ғой. Сонда көше кеземіз бе, бұл сорлылық қой, - дейді мәдениет қызметкерлері.

Аудандық әкімдіктің ішкі саясат, мәдениет және тілдер бөлімінің бастығы Жеміс ТІЛЕПҚАЛИЕВА жарытымды жауап айта алмады. Бұл тығырықтан шығудың жолын табу үшін әкімдерді жинап, жиналыс өткізбекші-мыс, ал мәдениетшілер белгіленген шараларды көшеде ұйымдастырады дейді. Және мектептерден көмек сұрап аудандық білім бөлімінің бастығы Бағытжан МУСАҒАЛИҒА хат жазыпты.

Өрт қауіпсіздігіне байланысты сот шешіміндегі кейбір талаптарды орындағанымызбен, күшіміз келмейтін мәселелер де баршылық. Мәселен, сигнализация жабдығын қондыруға бірнеше миллион қаржы керек, бірақ оның да себебі бар. Егер ғимарат алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтетін болса сигнализацияны қайта ауыстыру керек болады. Сигнализацияға екі қайтара қаржы шығарудың қажеті қанша? Басымыздың қатып отырғаны осы, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВ.

 - Келесі жылы күрделі жөндеуге мәдениет үйлері кіріп тұр ма?

 - Ол облыстан шешіледі, бірақ бірде-бір мәдениет үйі күрделі жөндеуге ілігіп отырған жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 қыркүйек 2011, 20:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.