Қазақ-түрік лицейі - Атыраудағы ең беделді оқу орындарының бірі. Онда бірнеше тестіден өтіп барып, 6 сыныптан кейін қабылданады. Қазіргі уақытта лицейде 264 оқушы білім алуда.
Неге екенін қайдам, көп адамдар осы лицейде жағдайы жақсы ғана балалар оқиды деп санайды. Алайда, бұл олай емес. Оқушылардың арасында жартылай және толық жетім балалар бар. Көптеген оқушылар алыс аудандардан да келген. Ал жуырда шетелдік компанияда жұмыс істейтін түрік азаматтарының балалары бірінші тур емтиханынан соң оқуға алынады, ал екінші турға қатыспайды деген қауесет тарады.
Лицей директоры Исмаил ЭЛЬМА бұл әңгімені жаңсақ пікірге балап, бәрін де теріске шығарып отыр. Оның айтуынша, лицейде түрік ұлтының өкілі саналған үш бала ғана білім алу үстінде. Олардың бәрі де екі кезеңдік емтихан тапсырып оқуға қабылданған. Атап айтсақ, 2008 жылы қабылданған 10-сынып оқушысы Чәкір Самед екі турдан да табысты өткен. Лицейге 2010 жылы оқуға түскен Өзүн Бурак KATEV халықаралық қоғамдық қоры жүйесі бойынша білім беретін Түркиядағы халықаралық мектептен ата-анасының жұмыс бабымен ауысып келген. Үшіншісі – осы жылы лицей табалдырығын аттаған Эрхан Гүр KATEV тарапынан тағайындалған математика пәні мұғалімінің баласы. Эрхан мұнда Павлодар қазақ-түрік лицейінен ауысқан.
- Барлық балалар математика, логика пәндерінен емтихан тапсырып, екі турдан тұратын тестілеуден өтеді. Талапкерлердің бәріне қойылатын талап ортақ – жоғары білім деңгейі. Жыл сайын шамамен 1500 үміткердің тек 50-і ғана оқуға қабылданады, - дейді Исмаил Эльма.
Биылғы жылы Атырау облыстық қазақ-түрік лицейін 57 түлек бітірді. Оның 10-ы үздік аттестат алып, 7-еуі «Алтын белгі» иесі атанды. Ал 12 түлек Астанадағы Назарбаев университетінің грант бойынша ақысыз оқу бөліміне, тағы 11 түлек шетел университеттеріне оқуға түсіп, 25 түлек Қазақстанның танымал оқу орындарында білім алып жатыр.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ