Атырау, 24 қараша 01:52
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қоғамдық ұйымдар мұнайшыларды саяси қуғын-сүргін құрбандарына теңеді

2 647 просмотра

Өткен аптада бір топ атыраулық қоғамдық ұйым өкілдері Жеңіс бағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші маңына жиналды. Олар ескерткішке гүл шоғын қойып, қаза болған кәсіподақ белсендісі Жақсылық ТӨРЕБАЕВТЫ, тағы бір кәсіподақ белсендісінің  қызы Жансәуле ҚАРАБАЛАЕВА марқұмдарды еске алды.

Құқық қорғаушы «Демос» ұйымының жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВА  қаза болғандарды саяси қуғын құрбандары деп санайтындарын айтады. 

- Сондықтан біз осы ескерткіштің маңына топтастық. Бұдан бөлек «Демос», «Аялы орта», «Заман», «Алшы»  қоғамдық ұйым өкілдері  аз-мұз ақша жинап, оны  қолымыздан келген жәрдеміміз ретінде  маңғыстаулық мұнайшыларға жібердік,- дейді Т.Қизатова.

Азаматтық белсенділер ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВКЕ, «Қазмұнайгаз» ҰҚ төрағасы  Қайыргелді КАБЫЛДИНГЕ және «Қазмұнайгаз» БӨ» бас директоры   Асқар БАЛЖАНОВҚА үндеу хат жолдады. Онда: «Мұнайшылар қанша тырысқанымен еңбек дауы тығырыққа тірелді. Үкімет пен жұмыс берушілер мұнайшыларды жазалауда  XIX ғасырдан қалған тәсілді пайдаланып, жаппай жұмыстан босату мен күштік жазалау қолданып отыр. Шамасы билік басындағылар мұндай әрекеттердің  салдарынан қарсылық көңіл-күйінің радикалды  түріне ауып кетуі мүмкін екендігін есепке алмайтын тәрізді. Шындығына келгенде мұнайшылар бұғауынан басқа ештеңені де жоғалтпайды. Біз мұнайшыларға қолдау білдіреміз және салмақты шешім қабылдауға үндейміз».

Сонымен қатар «Қаражанбасмұнай» компаниясындағы наразылық білдірген мұнайшылар  қыркүйектің 12-сі күні ереуіл комитетін құрды. Оның жетекшісі болып Әділбек САҚТАҒАНОВ  сайланған.

– Комитет 25 адамнан тұрады. Қазір біздің заңгеріміз оны тіркеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Ресми тіркеуге қол жеткен соң  пикет, шеру, наразылық тәрізді әрекеттерге ашық көшетін боламыз,-деп мәлімдеді Ә.Сақтағанов. Оның айтуынша, бүгінде  «Қаражанбасмұнай» компаниясынан мыңнан астам адам жұмыстан босатылған.

Еске сала кетсек, Маңғыстау облысындағы ереуіл мамырдың орта тұсынан басталған еді. Ереуілдеткен жұмысшылар жүз күннен астам уақыт  жалақыны көтеруді, аймақтық және жергілікті  коэффициенттерді  қайтаруды талап етіп отыр.

Сәния ТОЙКЕН

15 қыркүйек 2011, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.