Атырау, 21 желтоқсан 18:26
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Гүлнәр ИМАНАЛИЕВА: «Шәкірттерім менсіз, мен оларсыз өмір сүре алмаймын»

2 560 просмотра
2008 жылдың қаңтарынан бастап Атырауда үстел теннисінен, пауэрлифтинг, арбамен билеу, оқ ату, зағип адамдарға арналған дзюдо, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, жүзу, жеңіл атлетика, мини-футбол және армрестлинг дәрістері өтетін облыстық мүгедектер спорт клубы («Балықшы» ДСК) жұмыс жасайды. Өз шәкірттерінің табыстары туралы үстел теннисінің жаттықтырушысы Гүлнәр ИМАНАЛИЕВА (суретте) әңгімелейді.
 

ШЫНАРДЫҢ ӘЛЕМДІК «ҚОЛАСЫ» МЕН ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖЕТІСТІГІ

- Өткен жылдың маусым айында шәкірттерім Шымкентте өткен тірек-қозғалыс аппараттары зақымданған мүгедектер арасындағы ҚР чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Эльмира Балманова (Махамбет) мен Людмила Фокина чемпион атанды. 12-13 жас тобында Махамбет Нәсихан жұптасып өнер көрсетуде үшінші болса, Асылхан Саясатов 24 қатысушының арасында 4-орын алды. Тыныш Жақыпова 2-орын алды. Жұптасып өнер көрсету мен абсолюттік есепте Э. Балманова жүлделеріне қола және күміс медаль қосты.

Тамызда А. Саясатов, М. Нәсихан және Шынар Кенжебаева Ұлыбританияның Сток-Мандевилл қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына барып келді. Бұл қала – паралимпиадалық қозғалыстың отаны. Ол жердегі спорт залдары мүгедектердің жаттығуы мен оңалтуына арналған түрлі жабдықтарға толы. Жарысқа баратын ақшаны көп уақыт бойы таба алмадық, алайда «ЕмбіМұнайГаз» көмектесті. Сток-Мандевиллге босқа барған жоқпыз, Шынар қола медаль ұтты.

- Биыл қандай жарыстарға баруды жоспарлап отырсыздар?

- Сәуірде Л. Фокина Словакия мен Словенияның ашық чемпионаттарына қатысу керек. ҚР құрамасы сапында Фокинамен бірге Э. Балманова, Ш. Кенжебаева, А. Саясатов, М. Нәсихан өнер көрсетеді. Маусым айында Павлодар қаласында жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтеді. Біз сол жерде екі «алтын» ұтуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, бүгінде елімізде А. Саясатов пен М. Нәсиханнан мықты спортшы жоқ.

- 20 наурызда өткен ашық қала чемпионатының нәтижелері туралы айтыңызшы.

- Жарысқа Атырау қаласы, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы және Мақат аудандарынан мүмкіндігі шектеулі 26 жан қатысты. Қатысушылар диагноздарына байланысты топтарға бөлінді. ҚР және облыс құрамасының мүшелері, мықты теннисшілер бөлек топта күш сынасты.

Топтардың бірінде 11 жастағы Жұлдыз Ерубаева жеңімпаз атанды. Оның қарсыластары Меруерт Смақова мен Әсел Ғазизова жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Арбаға таңылған мүгедектер арасында Мәди Имақов бірінші орын алса, Қанат Шияпов 2-орынға, Жеткізген Өркенғалиев 3-орынға ие болды. Қыздар арасында 1-орынды Раушан Орынбаева, 2-орынды Дәрия Маутенова, 3-орынды Аружан Ғинаятова (Махамбет) алды. Мықтылар арасында Л. Фокина жеңімпаз атанса, 2-орынды Т. Жақыпова, 3-орынды Э. Балманова иеленді. Ер балалар арасында А. Саясатов топ жарып, Нұржан Қасанов 2-орын, Дәулет Есқабыл (Мақат) 3-орын алды.

- Осы жарыста жаңа есімдер ашылды ма?

- Жұлдыз Ерубаеваның ойыны мені таңғалдырды. Бұрын орташа ғана өнер көрсететін, ал мұнда табандылық танытып, бәрін жеңді. Мақаттан келген 14 жастағы Д. Есқабыл да өзін жақсы көрсете білді. Оның болашағы зор. Атырауға келіп жаттығу жасағанын қалап, ата-анасымен сөйлестік. Мен оны жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына дайындауды жоспарлап отырмын.

Демеген Нұрберген мен Қызылқоғадан келген Елтай Есжанов жұбының ойыны да маған ұнады. Бұл жұп 2-орын алды. Аудандардан келген мүгедектер қаланың ашық чемпионатына бірінші рет қатысып отыр. Алайда бұл жұп көптен бері бірге дайындалып жүрген адамдардай өнер көрсетті.

- Аудандарда мүмкіндігі шектеулі жандарды кім жаттықтырады?

- Бұлар – өздігінен үйренген адамдар. Олар ДСК-лерге де барады, онда олармен нұсқаушылар мен дені сау спортшылар шұғылданады. Алайда мұндай жаттығулар анда-санда ғана болады. Д. Есқабыл бізге келместен бұрын тек бір ай дайындалған. Мұнда олар өздеріне жаңа мүмкіндіктер ашты. Енді олар техникаларын жетілдіріп, жарыстарға баратын болады.

 

«ӘРҚАЙСЫСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА АЛАҢДАЙМЫН»

- Барлығы дерттерінің ауырлығына байланысты. Демеген Нұрбергенмен мен жарты жыл үлкен жұмыс жасадым. Ол қолына шарик те, ракетка да ұстай алмайтын еді. Асылхан Саясатовты бір ай ғана дайындадым, ол бірден нәтиже көрсете бастады. Бәрі де мінезге байланысты. Мүгедек жаттығуға алғаш рет келгенде аяқ-қолы қалшылдап, қара терге түсіп, дір-дір қағып, қақшиып тұрады. Менің шәкірттерім бір айдан соң-ақ өз бетінше ештеңеге сүйенбестен, ойнап кетеді.

- Теннис ойыны балаларға не береді?

- Демеген «енді тенниссіз өмір сүре алмаймын» дейді. Бұрын мүгедектерді үйлерінен жаттығуға әкелетін автобусымыз жоқ болған кезде ол ДСК-ге техникалық қызметкерлерден ертемен таңғы 7-де келіп, жаттықтырушыларды күтіп отыратын. Біз жұмысқа 9-да келіп, таңғалатынбыз. Үйде отыра алмайтын. Шексіз бақытты болды.

Маған жоғары жалақысы бар жақсы жұмыс ұсынды. Балалар бұл туралы білгенде мені әңгімеге тартты. Жылаған да, сөккен де жоқ, бір-ақ сұрақ қойды – сіздің орныңызға кім келеді? Менің орныма, шынымен де, оларға кім қамқорлық жасайды деп ойландым. Маған да оларсыз қиын. Әрқайсысының тағдырына алаңдаймын. Жаңа бала келсе, әңгімені неден бастаймын деп түнімен ұйықтамай ойланамын. Сонымен не керек, тиімді ұсыныстан бас тарттым.

- Жаттығуларыңыздың емдік әсер берген кездері болды ма?

- Барлық кезде деуге болады. Маған бұлшық еттері былшыраған, әлсіз балалар мен ересектер келеді. Мәселен, Ш. Кенжебаеваның жамбасы туғаннан зақымданған. Бір аяғы екіншісінен арық. Бір айдан кейін аяқтарының бұлшық еттері қатайып, тіке жүре бастады. Қазір ол Қытайда оқиды.

- Атырауда паралимпиа-далық спорт түрлерін дамыту-дың болашағы қандай?

- Спортқа мүгедектерді көп тарту керек. Атырауда он мыңның үстінде мүмкіндігі шектеулі адам бар. Өкінішке орай, көптеген мүгедек балалардың ата-аналары оларды жаттығуларға әкелгілері келмейді. Бізге балалардың церебралды салдануы дертінен жүре алмай қалған бір баланы әкелді. Жаттығулардың арқасында ол жүре бастады. Алайда кейіннен анасы оны әкелмеді. Мен үйлеріне телефон соққанмын, бала телефон тұтқасынан: «Гуля апа, мен сіздерге барғым келеді, анам рұқсат етпейді» деп айқайлады. Мен анасына баланың спортпен шұғылданғаны дұрыс екенін түсіндірмек болғанмын, алайда ол  тыңдамады.

- Топтарыңызға қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

- Қажетті жабдықтардың бәрі бар. 2013 жылы облыстық әкімдік есебінен немістің «Donic» компаниясы жасаған 4 теннис үстелі және ракеткамен соққы жасауға жаттығатын 1 робот алынды. Бұл - ең заманауи үстелдер. Балалар өте риза.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер «ЖС» мұрағатынан алынды

2 сәуір 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.