Балалық шағыңды еске түсіретін керемет бір заттар болады. Олармен кездесу сонау алыста қалған бақытты жылдар туралы естеліктерді қайта оралтады.
Жақында тарихи-өлкетану музейіне барып, өзімнің «маузерімді» көргенде мен де тап осындай күй кештім.
Балалық шағым есіме түсті. Ұңғысы қысқарған, дүмі жоқ мушкетке ұқсас ескі қаруды мен 1960 жылы жеке меншік үйдің шатырынан тауып алдым. Біз, елкезбе ер балалар, шатырлар мен сарайларға кіргенді жақсы көретінбіз және сол жерлерден қажет болмағандықтан тасталған түрлі заттарды тауып алатынбыз.
Қару тот басқан, ауыр болды. Үй иелері - туыстарым, қарапайым ауыл тұрғындары мұның қайдан келгені туралы ештеңе айта алмады. Олар осы тот басқан темірге назар да аударған жоқ. Олардың рұқсатымен мен қаруды өзіме алдым.
Мен оны үйге әкеліп, достарыма мақтанышпен көрсеттім. Маузерге еш қатысы болмаса да, тапқан олжамды «маузер» деп атадым. Бұл жай ғана балалық даңғойлық еді. Барлық балалардың қызғанышын тудыратын затқа ие болу қандай кереметі. Осы бір ерекше дүниені көргенде құрдастарымның көздері жарқ ететін. Ойындарымыз кезінде кинотеатрлардан жиі көретін мушкетерлер, ортағасырлық крест ұстаушылар рөлін сомдайтынбыз. Кейіннен қолыма ұстап жүрген «маузерді» нағашы атам Ш. Нұржанов көріп, сирек кездесетін ескі зат екенін бірден түсініп, менен алып, музейге тапсырды. Қаруым жәдігерге айналды.
Міне, 55 жылдан кейін мен оны музейден көрдім. Астындағы қалақшада ««Аңшы тапаншасы» - ХІХ ғасыр аңшысының қаруы» деп жазылыпты. Мен қарулар туралы жақсы білмеймін, алайда бұл аңшының қаруы болуы мүмкін емес. Бұл, не де болса, мушкетер тапаншасына ұқсас атты әскер тапаншасы болуы керек. Қалай болғанда да, балалық шағымдағы өз «ойыншығымды» көргенде қатты қуандым.
Ғали Әлденұлы, Атырау қ.