Сайханов көшесінің сықпыты осы. Қақпақсыз құдықтар қауіп төндіруде.
Индер ауданы Есбол селосынан күй кеткелі қашан. Кезінде аудан орталығы болған тарихи мекеннің бүгінде сиқы қашып тұр.
ЖОЛ АЗАБЫ - КӨР АЗАБЫ
Орал-Атырау тас жолынан Есболға бұрылған кім-кімнен де ес кетері анық. Қиралаң-қиралаң еткен жолдың өзі көңіліңді түсіріп жібереді. Селоға кіреберіс үш шақырым жолдың (жол деген атағы бар - Л.Қ.) азабынан құтылғаныңмен, ауылдағы көше жолдарының өзі бұдан әрі сорақы жағдайға жеткен. Олардың тек санаулысы ғана асфалтталғанымен оның өзі шұрқ тесік, қалғаны грейдер. «Ақ бұлақ» бағдарламасына орай қазылмаған көше қалмапты, тау болып үйілген топырақтар онсыз да әрі кеткен көшенің ұсқынын алып жатыр. Және аузы үңірейіп, айналасы қоршалмаған құдықтар ауылдықтардың зәре құтын алып тұр. Айналасы ең болмаса лентамен қоршалмапты. Бұған қатты алаңдаған тұрғындар әкімдікке әлденеше арызданған. Бірнеше ай бойы қорқынышты құдықтарға қарап өмір сүрген есболдықтардың жан айқайына жұмыс жасаушы мердігер компания «СнабОилСтрой» ЖШС пысқырып та қарар емес.
- Аудан орталығынан кейінгі көп халық топтасқан осы Есбол селосы. Осы селоның мұң-мұқтажы шаш етектен. Бірақ оны тұрғындар жиынында айтудан біз шаршадық. Жаңбыр жауғанда, болмаса, қар ерігенде бұл ауылға келе көрмеңіз. Аттылы түгілі жаяу адам балшықтан құлап жатады. Лайсаң күндері бұл ауылдан безіп кеткің келеді, барар жерің жоқ, қайтерсің, - дейді Жұма ана.
75 ЖАСТАҒЫ МЕКТЕП
Округ бойынша 5017 халық болса, оның 4501-і Есболда тұрады, қалғаны осы округке қарасты Ынтымақ селосында. Құрылғанына 78 жыл болған Есбол селосының (бұрынғы Кулагино селосы - Л.Қ.) әлеуметтік жағдайы тұралап қалған. Пайдалануға берілгеніне жетпіс бес жыл болған мектеп қызметкерлердің күшімен ілдалдаға жарап тұр. Екі қабатты мектеп жаңа жабдықтармен жабдықталғанымен ғимараттың ескілігі қиындықтан құтқаратын емес. Едендердің тақтайлары сықыр-сықыр етеді. Төбесінен су ақпағанымен, адамдардың жүрісінен қозғалысқа түсіп тұрады екен.
- Биыл жай жөндеу жұмысын жүргіздік. Алғаш рет қарт ұстаз Қалам Есқалиев мешіттің қызыл тасынан салған деседі. Іргетасының мықтылығынан осы кезге дейін жетіп тұр. Қанша әктеп, сырлағанмен ескілігі көзге ұрып тұр ғой. Балалар екі ауысыммен оқиды. Жаңа мектепті армандаумен күндер өтіп жатыр, - дейді отыз жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Гүлнар САПАРОВА.
БАЛАБАҚША, МӘДЕНИЕТ ҮЙІ, КІТАПХАНАДАҒЫ ҚАРА ҚҰЛЫП
Үкіметтің «Балапан» бағдарламасына орай балабақша ашу ауылда жүзеге аспайтын шаруаға айналғандай. Күні бүгін село бойынша 2-5 жастағы 300 бүлдіршін болса, 130 ата-ананың балабақша сұраған арызы мызғымастан жатыр. Бұл орындалмайды, өйткені ауылда балабақша жоқ. Кезінде екі балабақша болған, оның бірі гимназия мектебіне, екіншісі мәдениет үйіне беріліп кеткен. Күні бүгін осындағы 150 балалық гимназия туралы керек пе, жоқ па деген екіұдай пікір қалыптасқан.
Туберкулезге шалдығушылық балалар арасында өсіп кеткендіктен 1998 жылы 25 балалық сауықтыру тобы ашылған. Бұл топтың жұмысы қазір алға басудан қалған. Себебі, ғимараттың пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асып кеткен. Қабырғасының ішкі бөлігі қамыс, сырты селикат таспен өрілсе де, ескіліктен жұтаң тартып тұр. Оның үстіне өртке қарсы құрылғылар мен жабдықтардың болмауына байланысты Атырау облыстық ауданаралық экономикалық соттың «Қарлығаш» балабақшасын үш айға жабу жөнінде мамыр айында шешімі шыққан.
"Қарлығаш" балабақшасы
- Біз тамыздан бастап балабақшаны жаптық. Жыл басында балабақша шығынына қаражат қаралғанымен жай жөндеуге неге екені белгісіз, ақша бөлінбеді. Бұйрық шығарып, мұндағы қызметкерлерге тамызда еңбекақы жүргенімен бала қабылданбауына байланысты санаториялық топқа төленетін қосымша пайыздар алынып тасталды. Содан түскен жүз мың теңге ақшаны әктеп, сырлау, есіктер ауыстыру, өрт құрылғыларын алуға жұмсадық. Балабақша әзірше жабық, дейді «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Ләззат ЖАКИЕВА.
Күні бүгін бұл кепті «Есбол Мәдениет» КМК де киген, өрт заңдылығын сақтау ережесін бұзғаны үшін соттың шешімімен бір айға уақытша жабылған. Кітапханаға да осы себепті құлып салынды. Мәдениет үйінің директоры Қоныс ДӘУЛЕТҚАЗЫНЫҢ айтуынша, ғимарат бірнеше жылдан жөндеу көрмеген. Шифері жоқ, цементтен құйылғандықтан төбе жабындысы ескіріп, су кете бастаған. Құрал-жабдықтар, аспаптардың әбден тозығы жеткен, бірнеше жылдан бері жаңартылмаған.
МАЛ ӨСІРУ - ҚҰС ӨСІРУ ЕМЕС
Өткен қыстың ащы сабағын есболдықтар ұмытқан жоқ. Мал азығының тапшылығынан кейбір қоралар бос қала жаздады. Кезіндегі совхоздың естелігіндей болып қалған «Есбол» ЖШС-нің мыңға жуық уақ жандығы шөп тапшылығынан қырылып қалды. Округ бойынша мал басы жүз пайызға өскен. Бұл санды қайдан алғанын округ әкімінен сұрауға тура келді, өлген мал қалайша төл есебінен толмақшы.
- Біз ШҚ мен жеке тұрғындардан алған есепке сүйеніп отырмыз. Серіктестік ақпарды аудандық статистика басқармасына тапсырады. Биыл шөп мол, жұрт тоғайлықтан да шауып алып жатыр, - дейді Есбол округінің әкімі Заур МУРЗИН.
Ал көшеде кездескен село тұрғыны Мәжит МҰХТАРОВТЫҢ мәлімдеуі бұған керісінше болып шықты, бір қорап шөптің бағасы отыз мың теңгеге жеткен, ал тоғайлықтағы жерден бір машина шөп шықпайтынын мұңдана жеткізді. Мал өсіру жылдан-жылға қиындап бара жатқанын тұрғындар жасырмайды. Ауылда егіншілікке беталыс маңдымай қалған. Ауыз су мәселесі күрделі күйде тұр. Осындағы су тазартқыш қондырғысын сенімгерлік басқаруға алған Р. Есбосыновтың айтары аз болмады.
801 үйдің 200-ге жуығы таза сумен қамтамасыз етіліп отыр. Қалған бөлігіне су құбыры тартылмаған. «Ақ бұлақ» бағдарламасына орай ағымдағы негізде су жүйелері тартылуда. Егер биыл осы бағдарлама бойынша қосымша үш жүз үй қосылса, онда бұрынғы жүйе істен шығады. Онсыз да жазда тәулігіне екі сағат қана су берудеміз. Ал қыста қалай болатынын нақты білмеймін. Онсыз да қаржы қиындығына тап болып отырмыз, - дейді «Есбосынов» ШҚ төрағасы Рашит ЕСБОСЫНОВ.
Атағы дардай селода абаттандыру жайына қалған, әлеуметтік мешеуліктегі ауылда көрікті көшені кездестіру қиын.
- Менің әкім болып келгеніме үш ай да болған жоқ. Дегенмен жолдардың кетеуінің кеткені, балабақша, мәдениет үйлері, мектептердің жағдайы жанға батып-ақ тұр. Жуық арада жаңа ғимараттарға қол жеткізу мүмкін емес, оны жасырғаннан не шығады. Былайынша ауылдың тұмыстық жағдайы төмен деп айтуға болмайды, - дейді Есбол округі әкімі З. Мурзин.
Қосымша комментарий алу мақсатымен аудандық әкімдікке телефон соққанбыз. Аудан әкімі еңбек демалысында, ал оның орнындағы орынбасары Ә. Балахметов Астанаға кетіпті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор