Атырау, 11 желтоқсан 21:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Қайрат Иманалиев: «Мүгедектік – үкім емес»

6 988 просмотра

Қайрат ИМАНАЛИЕВ – І топ мүгедегі, «Намыс» жоғары білімді мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің, сондай-ақ, ҚР мүгедектер ұйымы ұлттық желісінің жетекшісі. «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «ҚР арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдарды, мүгедектерді оңалту жөніндегі республикалық және аймақтық бағдарламаларды жасаушылардың бірі болған. 2012-2018 жылдардағы мүмкіндіктері шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық жоспарды жасауға қатысқан. Жақында ол Атырауда мүгедектердің проблемаларымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар үшін семинар өткізді.

 

- Қайрат  Есмұратұлы, біздегі мүгедектер туралы заң сапасын қалай бағалайсыз? Олардың қазіргі ахуалының себебі неде: заңның жетілмегендігі ме әлде олардың лайықты орындалмауы ма?

- Егер бүгінгі заңнама мен 20 жыл бұрынғы заңнаманы салыстырар болсақ, ол, әрине, жақсы жағына қарай өзгерген. Заң базасы заманауи үрдістерді ескереді. Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға анағұрлым құрметпен, ықыласпен қарай бастады. Бұрын шенеуніктер мүгедектерден қашып жүретін, енді құлақ салуға мәжбүр. Өйткені әлеуметтік көмектің алуан түрлеріне берілген құқықтары заңмен бекітілген.

Алайда заң көбінесе қағаз жүзінде орындалады. Мәселен, пандустың дұрыс жасалмағаны үшін жауапкершілік қарастыратын норма бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы норманың орындалуын қадағалауға міндетті және норма бұзылған жағдайда 40-тан 600 мың теңгеге дейін айыппұл салуы керек. Осы органның қызметкерлері мұнымен айналысуға уақытымыз жоқ деп, бұл функцияны міндетті емес деп есептейтін секілді. Сөйтіп, толыққанды пандустың орнына, қысқа ғана тіп-тік етіп еңіс жер жасалады. Құрылысшыларды бұл үшін ешкім де жазаламайды. Дыбысты бағдаршамдарға да қатысты осылай. Оларды бағдаршамды ауыстырып жатқан немесе жолдарын жөндеп жатқан жерлерге қоюдың қажеті жоқ. Олар халыққа қызмет көрсету орындарының, әкімдіктердің, емханалардың, оңалту орталықтарының маңында мүгедектерге өте қажет болады.

Мүгедектер білім алуға құқылы. Бірақ жоғары оқу орындары мұндай студенттерді қабылдауға бейімделмеген. Ол жерде тіпті мүгедектерге арналған арнайы әжетханалар да жоқ. Мүгедектердің жұмысқа орналасуға құқықтары бар. Еңбекке қабілетті мүгедектердің 95 пайызы жұмыссыз, ал 5 пайызы нашар көретін, нашар еститін жандарға арналған арнайы кәсіпорындарда жұмыс істейді. Олардың ішінде тек санаулылары ғана еркін еңбек нарығында орын таба алған. «Еркін» деп шартты түрде айтып отырмын, оларды жұмысқа, әдетте, туысқандары мен достары алады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс беруші оны жұмысқа алмау үшін мыңдаған сылтаулар іздеп табады.

- Мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қолдаудың қазақстандық үлгісінің басқа елдерден айырмашылығы неде?

- Кеңестік дәуір құлағаннан кейінгі кеңістікте біз Ресеймен бір деңгейде тұрмыз, алдымызда Тәжікстан, Түркіменстан тұр, бірақ Еуропаға жақын тұрған Балтық елдерінен көп артта қалғанбыз. Қазақстанның жоғары дамымаған елдерден принциптік айырмашылығы – мүгедек өмір сүруі үшін ортаның бейімделмегені. Бізде арнайы көлік жоқ, мүгедектер жұмыс істемейді, бізде мыңдаған адамдарға арналған үлкен интернаттар бар. Ал оларда шағын ғана ғимараттарда әрбіреуіне қамқорлық жасайды. Және бізде медицина, мәдениет және білім бойынша баламалы бағдарламалар жоқ.

ӘКІМДІККЕ ӘЛІ КЕЛМЕСЕ

- Биыл көктемде ел мүгедектері ұйымының бірыңғай  ұлттық желісін құру жөнінде жариялаған едіңіз. Бұл желіге бүгінде неше ұйым кіреді?

- Шамамен 30-дай. Біз ұсақ ұйымдар өз тәуелсіздіктерін жоғалтпай, желіге қосылу үшін заңды тұлғалар одағы түрінде желі құрдық. Шағын қалаларда, ауылдық жерлерде құрылған ұйымдарға баса көңіл бөлеміз. Желіге қатысу артықшылығы қандай? Бізде ақпараттық кеңістік ортақ, барлық қатысушылар бізге ұсыныстармен шыға алады. Ал біздің оларды министрлікке, үкіметке жолдауға мүмкіндігіміз бар. Біз сол жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың мүдделерін білдіріп қана қоймай, олардың мүмкіндіктерін көтеруге тырысамыз, гранттар алу үшін конкурстарға қатысуға шақырамыз, тренингтер өткіземіз. Кейбіреулері өздерін қорғауын өтінеді. Жергілікті деңгейде олар әкімдіктерге бата алмайды, бірақ бізге ақпарат ұсынғаннан кейін, біз жоғарыдан әрекет етеміз. Бұл сызба тиімді жұмыс істейді.

- Желіні құру мақсаттарының бірі – ҚР-да мүгедектер құқығын қорғау жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарының мониторингісі боп табылады. Әлеуметтік қызметтер мен денсаулық сақтау бөлімдерінің есебінде ахуал қанағаттанарлықтай, бәрі де емдерін алып, қажетті қозғалыс құралдарына қол жеткізгендей көрінеді. Ал тікелей мүгедектердің өздері-мен сөйлессең, атышулы «жеке әдістің» тек қағаз жүзінде ғана екені анықталады. Протездер мен мүгедектер арбасының төмен сапада екенін айтпағанның өзінде, бәріне бірдей ем тағайындап, бірдей жаттығулар кешенін ұсынады екен. Бұл туралы қазір сіз не айта аласыз?

- Ұлттық жоспар үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жасалды. Мүгедектердің тілектері мен ұсыныстары 70 пайызға ескерілді. Бұл ұлттық жоспардың жасалуына бәрінен бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі болды. Ал қалған білім беру, денсаулық сақтау, көлік және коммуникациялар министрліктері бұған формальды түрде қарады. Мүгедектердің проблемалары кешенді, оны бірлесе отырып шешу керек. Президент аппаратының жанынан нақты құрылымы бар арнайы комитет құру қажет. Әйтпесе, бүкіл күш-жігер зая кетеді. Жоспарды қаржылық қамтуға 6 жылға 150 млрд. теңге бөлінеді. Менің пікірімше, бұл аз, қаржы 700 миллиардтан кем болмау керек.

Мүгедектердің проблемалары медициналық, әлеуметтік және кәсіби боп үшке бөлінеді. Біздің медицинаның үлкен кемшілігі – туылғаннан бастап соңына дейін мүгедекке жеке көңіл бөлінбей, үзіліссіз күтім жасалмауы. Мүгедек жеке сырқатын емдеп жатқанда, ол бүйрегі мен бауырын нашарлатып алады. Бірақ бұл факторларды есепке алмастан, оған дәрі-дәрмектер беруді жалғастыра береді. Содан соң әрбір дәрігер оны басқа маманға «жолдауға» дайын тұрады. Ақыр аяғында мүгедектің сырқаты асқына береді.

КОНВЕЙЕРГЕ АРНАЛҒАН КЕРЕМЕТ ЖҰМЫСШЫ

- Өзекті мәселелердің бірі – оқу.  Егер мүгедектердің мектеп бойынша білімдері азды-көпті жолға қойылған болса (мұғалімдер олардың үйлеріне барып оқытуға міндетті), орта техникалық және жоғары білім алуға көпшілігі үміткер бола алмайды. Оларды түсінуге болады: жоғары оқу орындарының мұғалімдері үйге келмейді, ал институтқа өздігімен баруға бұлардың мүмкіндіктері жоқ. Алайда білім алудан мәжбүрлі түрде бас тарту, әрі қарай ол адамның жұмысқа орналаса алмауына әкеп соғады ғой.

- Елімізде мүгедектердің қаншасы білім алып жатқандығы туралы есеп жүргізілмейді. Аймақтарда жоғары білімі бар мүгедектер мүлдем жоқ. Біз мүгедектің қайда оқитынын өзі таңдайтындай үздіксіз білім беру жүйесін құруға тиіспіз. Қаржыны әр кісі басына бөліп, ақшаны мүгедекке беру керек. Сонда мектептер қазіргі емханалар секілді тез арада қайта бағдарланатын болады.

Сонымен қатар мүмкіндіктері шектеулі балаларға қарапайым сыныптарда оқу құқығын ұсыну үшін инклюзивті білімді дамыту қажет. Арнайы орта және жоғары білімге келер болсақ, барлық оқу орындары аккредитация процедурасынан өтеді. «Мүгедектер үшін оқу орнының қолжетімдігі» тармағын осы процедураның маңызды бағыттарының бірі ету керек. Бұған негіз бар, өйткені Конституция бойынша еліміздегі әр адам оқуға құқылы. Көр де тұрыңыз, екінші жыл дегенде оқу орындарында аудиторияны қайта жарақтайтын болады, пандустар мен арнайы дәретханалар пайда болады. Бұдан басқа, оқу орнының жақсы көрсеткіштерінің бірі -онда оқитын мүгедектер пайызы болуы тиіс.

- Жұмыс берушілер еңбекке қабілеті шектеулі жандарды жұмысқа қабылдағысы келмейді. Одан жұмыстан тыс уақытта жұмыс жасауды өтіне алмайды, іссапарға жібере алмайды, ол үшін тіпті арнайы жағдай жасауы керек болады. Жұмыс берушіні мүдделі ету үшін қандай заң шараларын ұсына аласыз?

- Заң бойынша өндірісте мүгедектерге арналған үш пайыздық квота қарастырылған. Бірақ бұл ережені ұстану жұмыс беруші үшін қаншалықты тиімді екені белгісіз. Батыста бірнеше шаралар жұмыс істейді: бірінші - жұмыс берушілер үшін жеңілдік түрінде салық шаралары, екінші шара – мемлекет жұмыс берушіге мүгедекті жұмысқа орналастыру шығындарын өтейді, ол үшін арнайы жабдық сатып алады, жұмыс орнын жарақтайды, дәретхананы қайта жасайды; үшінші шара – мүгедек үшін медициналық және әлеуметтік сақтандыруды өтейді. Осы тәжірибені қабылдау қажет. Оның үстіне, сау адамдарға қарағанда мүгедектер жұмысқа қабілетті боп келетін өндірістер де бар. Мәселен, психикалық дамуы кешеуілдеген мүгедек бір сарынды жұмыстарды жақсы жасайды. Бұл еңбек оның психикасына әсер етпейді. Есту қабілеті бойынша мүгедек шулы өндірісте анағұрлым жақсы еңбек етеді. Оған кәсіби сырқат қаупі төнбейді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ МЕН АТА-АНАНЫҢ БАТЫЛДЫҒЫ КЕРЕК

- Проблеманың басқа да жақтары бар: бала күнінен өз қызметінің шектеулі екендігіне үйренген кейбір мүгедектердің өздері білім алу мен жұмысқа орналасу мәселелеріне енжар қарайды. Оларға өзін өзі жоғары бағалау және т.б. курстар керек.

- Мұндай жағдайлар ақпараттың, әлеуметтік қолдаудың және ең маңыздысы – ата-аналарының икемі жоқтығынан туындап жатады. Мүгедек дүниеге келген уақыттан бастап жұмыс жасай бастау керек. Ата-аналардың өздері ең алдымен болашаққа сеніммен қарап, осы ұстанымды балаға да жеткізе білгені жөн. Әрине, мүгедектерге толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер жүйесін құру қажет. Әлеуметтік көмекшілер мүгедектердің қолдары, аяғы, құлағы мен көзі болуы керек. Сол кезде олардың өздері де белсенді болып, кітапханаларға, концерттерге және т.б. жерлерге бара бастайды.

- Елімізде гендерлік тең-сіздікті түбегейлі жою жұмыстары жүргізіледі. Бірақ бұған қатысты мүгедектер қоғамы ең соңғы орында тұр деп қорқамын. Мүгедек әйелдердің проблемалары туралы ашық айтуға болмайды. Арбада отырған жүкті мүгедек әйелді тіптен кездестірмейсің. Дәрі-герлерден де олар қолдау таба алмайды.

- Бізде «Шырақ» ҮЕҰ бар, ол мүгедектердің гендерлік теңсіз-дігі мәселесімен айналысады. Ол емдеу мекемесіне жабдықтар сатып алу кезінде мүгедек әйелдердің құқығын ескеруге қол жеткізді. Бізде бүкіл ел бойынша мүгедек әйелдерге арналған жалғыз ғана гинекологиялық кресло бар. Келесі жылы осындай креслолардың бірнешеуін сатып алу жоспарланған.

- Сіз Атырауға біздің үкіметтік емес ұйымдарға «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» заң жөнінде айту үшін келдіңіз. Ал олар бұл туралы мүлдем естімеген боп шықты ғой.

- Бүкіл аймақта да осылай болды. Бұл мәселе жөнінде Алматы мен Астананың үкіметтік емес ұйымдары анағұрлым озық боп шықты. Біздің келу сапарымыздың мақсаттарының бірі - үкіметтік емес ұйымдарды да, мемлекеттік органдарды да хабардар ету. Өйткені олар үнемі өзара байланысып әрекет етулері керек. Кезінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне зерттеу жүргізгенімде, Батыс аймағының ҮЕҰ-мы әлсіз деп белгіленген болатын. Олар проблемаға ауқымды көзқараспен қараумен ерекшеленбейді, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жасамайды және көбінесе жеке мүгедектер үшін көмек пен ақша алуға қол жеткізумен ғана айналысады. ҮЕҰ-дың көпшілігі осыдан бастайды, бірақ әрі қарай өсіп, даму керек.

Интернат, содан соң мемлекеттің жұтаң жәрдемақысына қол жайып күнін өткізеді, отбасын құра алмайды, мүгедек тағдыры шарасыз деген жалаң түсінікті жоятын кез келді. Бұл мемлекеттің, ҮЕҰ-ның және мүгедектің өзінің міндеті. Мүгедек деген кесілген үкім емес.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 қыркүйек 2011, 01:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.