Атырау, 21 желтоқсан 07:02
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Балық жоқ, әңгіме көп

4 010 просмотра

Атырауға екі күндік іссапармен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Бағдат АЗБАЕВ келді. Облыстық аумақтық инспекцияда өткен брифинг кезінде ол «Бекіре-2015» операциялары туралы, Жайықтың түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу мерзімдері және «Жайық Балық» КМК-нің алдағы тағдыры туралы сұрақтарға жауап берді.

«Бекіре-2015» балық қорғау акциясы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында өткізіледі. Азбаевтың айтуынша, браконьерлердің шағын шоғырлануы Жайық пен Қиғаш өзендері сағаларында, сондай-ақ Каспий теңізі акваториясында байқалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ІІД және ҰҚК аумақтық бөлімшелерінің күштері осы жерлерге көңіл бөлетін болады. 31 наурызда Атырауға еліміздің басқа аумақтық инспекцияларынан қосымша күштер келеді.

Браконьерлік балық аулау көп байқалатын жерлерде жылжымалы бекеттер, мобильдік рейд топтары құрылады. Осындай топтар «Ақжайық» табиғи резерватын инспекциялау үшін де құрылады. Әуежай, вокзал және автотрассаларда балық пен балық өнімдерін тасымалдауға бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, бірнеше қалаларда – Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе және Оралда заңсыз балық сатуға жол бермеу шараларын күшейту жоспарлануда.

Атырау аумақтық инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, Жайық пен Қиғаш бойына 21 бекет (олардың 11-і жылжымалы) құрылды. Ермекқалиев ІІД мен шекарашылар тарапынан көмек болады деп үміттенеді, өйткені инспекторлардың өздерінде теңіз көлігі жоқ. Сондықтан да балық аулау маусымын шағын кемелермен қорғамақ.

 

ӨЗЕН ТҮБІН ТЕРЕҢДЕТУГЕ АҚША ЖОҚ

Журналистер өзекті болып тұрған Жайықта су түбін тереңдету жұмыстарының қажеттілігі, кей жерлерден жаяу кешіп өтуге болатыны туралы мәселені көтерді. Азбаевтың айтуынша, бюджет шығындарын қысқартуға байланысты биыл бұл жұмыстарға қаржы бөлінбейді. Бұған дейін тереңдетуге жыл сайын 300 млн теңге бөлініп келген еді. Алайда, оның орынбасары Нариман ЖҮНІСОВТЫҢ айтуынша, комитет қол қусырып қарап отырған жоқ, 2016 жылға жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді қаржыландыруға өтінім беріпті.

Қалай болғанда да, Жайық өзенінің Яицкий балық жүретін арнасын, Оң және Сол жақ қолтықтарда тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Оны табиғат қорғау іс-шаралары аясында NCOC атқаруы керек Консорциум «Яицкий» каналын тереңдетеді» мақаласын қараңыз). Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВТЫҢ айтуынша, 2014 жылы жобалық-зерттеу, тереңдікті өлшеу жұмыстары жүргізіліп, биологиялық негіздеме алынған. Қазір қоршаған ортаға әсеріне алдын ала бағалау (ҚОӘАБ) мен техникалық құжаттама әзірленіп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, жұмыстар келесі жылы басталады.

 

«ЖАЙЫҚ БАЛЫҚТЫ» ЖЕКЕ МЕНШІККЕ БЕРЕДІ

Облыстың бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ құрған, кезінде (кәсіпорынды мемлекет 100%-дық қатысы бар ЖШС-ке айналдырған қысқа мерзімде) жарғылық капиталына 3,5 млрд теңге бөлінген «Жайық Балық» КМК-ның алдағы тағдырына келсек, Азбаев былай деп хабарлады:

- Өткен күзде мен осы мәселе бойынша келдім. «Жайық-Балық» жергілікті атқарушы орган балансынан Жайық-Атырау бекіре зауытына берілді және мүліктерінің басында күзет бар. Қазіргі уақытта кәсіпорын қаржы министрлігі және мемлекеттік мүлік комитеті арқылы жекешелендірілетін нысандар тізбесінде тұр. Бұл шешімге Атырау облысы әкімдігінің келісімі алынды.

Кейін, ол «АЖ» тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, Жайық-Атырау бекіре зауытына жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам құны бар мүлік берілгенін нақтылап өтті.

- Қалған 340 млн теңгенің үш жабдығы бойынша мәселе шешілген жоқ, тапсырылу кезінде сот процестері жүріп жатты, - деп түсіндірді Азбаев.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

30 наурыз 2015, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.