Таяу болашақта «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватын туристік база етіп жасақтау жоспарланып отыр.
Бұл туралы экология проблемасына жаппай назар аударуға шақырған жыл сайынғы «Парктер маршы-2015» акциясында жария етілді.
Қазірдің өзінде резерваттың буферлік аймағынан спорттық балық аулауға рұқсат етілген, ал көктем басталғанда қорық аумағына алғаш рет аңшыларды кіргізді.
- Бұл жерде шынымен де демалатын, көретін жерлер бар, - дейді «Ақжайық» МТР ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКО. – Каналдар мен жағалау маңындағы қамыс қопаларында алуан түрлі құстар толып жүреді. Бұған таң қалуға болмайды, өйткені резерват аумағында292 құстың түрі тіркелген. 106-сы жыл құстары, 76-сы қыстайды және 110 түрі ұя салады. Олардың 40 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Тікелей резерват арқылы сібірлік, шығыс және африкалық бағытта негізгі көші-қон жолы созылып жатқаны белгілі. Үндістаннан, Африканың солтүстік-шығыс жағалауынан ұшып келетін құстар Каспий теңізі арқылы өтіп, әрі қарай Батыс және Шығыс Сібірге Еділ мен Жайық өзендерінің бойымен ұшады. Каспийдің солтүстік жағалауы арқылы 500 мыңға дейін қаздар мен 10 миллионға дейін балшықшы құстар көшеді.
Осы сан алуан құстарды қазіргі уақытта қорықта орнатылған шолу мұнарасынан көруге болады. Белсенді демалыс әуесқойлары үшін велосипедпен, машинамен, атпен жүретін су және құрлық бағыттары жасақталған. Бәлкім, жазға қарай ниет білдірушілер табиғи жағажайларда күнге қыздырынып, Каспий теңізіне шомыла алатын шығар. Тарих әуесқойларына арналған бұрыш та бар: оққа ұшқан совдептіктердің құрметіне орнатылған ескерткіш, қорық қызметкерлерінің растауынша, қалпына келтірілген.
Алайда Атырау облысының табиғи қорық бұрышы кейбір демалушылардың мәдениетсіздігінен жойылып кеткен басқа демалыс орындарының кебін кимей ме? ЮНЕСКО тізіміне енгізілген қорық мәртебесі оны қорғайды деп үміттену керек, өйткені осы халықаралық ұйымда болудың міндетті шарттарының бірі – қорықтың экожүйесі мен онда тіршілік ететін барлық мекендеушілерді сақтау.
Анастасия ПАСТУХОВА