Germanwings ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан Ербол Иманқұлов жайлы оның әріптестері айтып берді. Оларлың айтуынша, марқұм өте білікті маман, тәрбиелі және зияткер адам болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 49 жастағы ол әйелімен және баласымен бірге Франциядағы әуе апатынан қаза тапты. Олардың артында мектепте оқитын жалғыз қыз қалды.
Ербол Иманқұлов "Тау-Кен Темір" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басқарма төрағасы болған, ал оның әйелі "Қазмырыш" ЖШС директорының орынбасары болып қызмет атқарған. "Ол еңбекқор адам болған, білікті маман, - дейді оның орынбасары Саят Әбдіханов. - Бұл жаңалықты естіп таңғалдық дей салсақ, ештеңе айтпаған болар едік (...) Біз абдырап қалдық. Бұл бәріміз үшін ауыр қайғы. Әрине, басшымыздың отбасына материалдық көмек көрсетіледі, компаниялар қаражат жинайды. Оның артында жетінші сыныпта оқитын қызы қалды. Оның баласы үйленбеген еді. Біз ҚР Сыртқы істер министрлігімен байланыстамыз - қаза тапқандардың денесін отанына қайтару мәселесі шешіліп жатыр", - деді Әдіханов. Оның айтуынша, Ербол Иманқұлов отбасымен бірге Барселонада еңбек демалысында болған және 26 наурызда Қазақстанға қайтып келуі керек еді.
Еске сала кетейік, Germanwings әуе компаниясының Барселонадан Дюссельдорфқа бағыт алған Airbus A320 ұшағы 24 наурызда француздың Альп тауларының қол жеткізуге қиын аймағында апатқа ұшыраған еді. Нақтыланған деректер бойынша, 150 адам қаза тапты. Жолаушылардың арасында Қазақстан азаматтары болған. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Germanwings әуе компаниясының 24 наурызда Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған ұшағында ҚР азаматы Иманғалиев Ербол Базаралыұлының (1965 жылы туылған), Исенғалиева Айжан Сарымқызының (1996 жылы туылған) және Иманғалиев Әділ Ерболұлының (1989 жылы туылған) өлімін растады. Тағы бір жолаушының азаматтығы анықталып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстанда туған опералық әнші Олег Брыжактың да ұшақ бортында болғаны анықталған еді. Ал осыған дейін Франциядағы Airbus A320 апатының тергеуіне қатысып жатқандардың бірі әуе апатының жай-жапсарын айтып берген болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz