Ысмағұловтың айтуынша, процесс барысында қорғаушылар жиналған дәлелдердің студенттерді тергеу жұмыстарына кедергі келтіріп, айғақ заттарды жойды деп айыптау үшін жеткіліксіз екеніне Жоғарғы сотты сендірді. Еске сала кетейік, тергеудің тұжырымы бойынша, студенттер Бостон марафонында лаңкестік әрекет жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың флеш-картасы мен ноутбугын лақтырып жіберген.
Азамат Тажаяқовтың әкесінің айтуынша, қорғаушылар қазақстандыққа тағылған айыптарды алып тастау туралы сотқа петиция жазды. Алайда, Ысмағұловтың сөзіне қарағанда, прокуратура оның орнына жаңа айыптарды тағуға ниеттеніп отыр. Нақты қандай екені, әзірше хабарланған жоқ. Тажаяқовтың әкесінің айтуынша, студент екі жылға жуық уақыт бойы қамауда отыр. Ол осы мерзім жаза ретінде есептеліп, айыпталушыны өз отанына депортациялауға келісім беріледі деп үміттеніп отыр. Сонымен қатар, Ысмағұловтың мәліметінше, Диас Қадырбаевты да осыған ұқсас шешім күтіп тұр.
Бұған дейін Азамат Тажаяқовтың Бостон марафонында лаңкестік әрекет ұйымдастыруға күдікті Джохар Царнаевқа қарсы куәгерлік жауап беруге ниетті екені хабарланған болатын. Қорғаушының айтуынша, ол прокуратура өкілімен Азамат Тажаяқовтың 2015 жылдың бірінші жартысына жоспарланған Царнаевтың ісіне қатысты сот процессіне қатысуы туралы бірнеше "аздаған пікірталас" жүргізіпті. Алайда тараптар нақты шешімді әлі қабылдаған жоқ.
Дереккөз: tengrinews.kz