Атырау, 23 қараша 09:39
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көрші пәтердегі аудитор

2 044 просмотра

ПИК-тің жұртшылықпен және билікпен өзара қарым-қатынасы мәселелері «Әлеуметтік аудит» тренингінде талқыланды.

АҚША БЕРСЕҢ, БАҚЫЛАУ ЖАСА

Шараны «Әлеуметтік аудит жұртшылықты тарту механизмі ретінде» жобасының шеңберінде «Бюджеттік талдау және экономикалық мониторинг орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Жоба Атырау қаласының дамуын талдаудан және мониторингтен тұрады.

Қаланың тұрғын үй қорының негізгі бөлігін өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-ші жылдары салынған көппәтерлі тұрғын үйлер құрайды. Олардың көпшілігіне 30-40 жылдай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жергілікті биліктің ақпараты бойынша, көппәтерлі бір үйді жөндеуге, орташа алғанда, 30-38 млн теңге қажет.

– ТКШ жаңғырту жөніндегі жергілікті биліктің оптимистік болжамдарына қарамастан, аса жоғары шығындар сомасына да, жөндеу сапасына да наразы болған жағдайлар бар, - дейді «Бюджеттік талдау және экономикалық мониторинг орталығы» ОФ директоры Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ.  

Оның пікірінше, әлеуметтік аудит мемлекеттік органдар, ПИК және тұрғындар арасында диалог құруға жағдай жасайды, ашықтықты қамтамасыз етеді және тұрғындардың өздерінің азаматтық белсенділігін арттырады. Тінәлиев қарапайым мысал келтірді. Атырау қаласындағы ықшамаудандардың бірінде екі үй терможаңғыртудан өткен. Ақша беріп қана қоймай, нақты сұрақтарымен және кеңестерімен мердігер жәнеп өз ПИК-терін үздіксіз «мазалаған» тұрғындардың үйлерінде жөндеу сапасы едәуір жоғары болып шыққан.   

Кездесу басталарда ПИК төрағалары өздерінің проблемалық мәселелерін алға тартты. Біріншіден, бірнеше жылдан бері кооперативтер пайдалану шығындарының тарифтерін көтеруге ниеттеніп келеді. Бұл Атыраудағы ПИК-тердің көпшілігінде бір шаршы метрі үшін 25 теңгені құрайды.

– Коммуналдық кәсіпорындар қызметі - электр, су, жылу, газ  төлемақылары үнемі өсіп отырады. Біз уақыт жіберіп алдық, біртіндеп, 2-3 теңгеден жыл сайын тарифті көтеріп тұру керек еді, - дейді Атырау қаласы ПИК-тер қауымдастығының төрағасы Гүлнәр САЛИХОВА.

 

КВОРУМ ПРОБЛЕМАСЫ

Барлық ПИК-тер үшін дерлік өзекті екінші проблема - тұрғындардың енжарлығы мен олардың жұмыстарын теріс қабылдауы.

– Көбінесе тұрғындар жиналысқа келмейді және пайдалану шығындарының сметасына не кіретінін білмейді. Есесіне, олардың арасында ПИК-тің кез келген бастамасына қарсы келетін бірнеше адам қашан да табылады. Соның ішінде терможаңғырту да бар, - деп атап өтті Г. Салихова.

Ал терможаңғырту, ПИК төрағаларының пікірінше, бізге өте қажет. Біздің климатымыз қатал, жерасты суы жер-жерге таралған, баспана басқа өңірлерге қарағанда анағұрлым тез тозады. Қазір 50 шақты үй өтініш берген, биыл 13 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Алайда көптеген бағдарламалардың қысқартылуына байланысты терможаңғыртуға бөлінетін қаржылар да азаяды. Нәтижесінде бүгінде барлығы алты үйге күрделі жөндеу жүргізу туралы әңгіме жүруде, бірақ ол да белгісіз.

Қазіргі уақытта бағдарламаға шатырды, жертөле мен подъездерді кешенді жөндеу жұмыстары кіреді. Үйлердің көпшілігінің жертөлелері қалыпты күйде, бүгінде бұл жұмыс үшін ешкімнің екінші мәрте ақша төлегісі келмейтіні басқа мәселе. Ал, қымбат тұратын шатыр жөндеу жұмыстарын ПИК-тің өзі жасай алмайды. Сондықтан терможаңғыртуды ішінара жасау керектігін алға тартты семинарға шақырылған көппәтерлі үйлердің белсенді тұрғындары мен ПИК төрағалары.

 

ЖӨНДЕУ ЗАЯ КЕТТІ

«Асыл Атырау» ПИК-нің төрағасы Серік СҮЛЕКЕНОВ терможаңғырту мен жөндеу жұмыстары кезінде қаладағы коммуналдық қызметтер жүйелерінің бірлігі керек деп есептейді. Осы ПИК-тің үш үйі күрделі жөндеуден өтіп, сол кезде жертөлелер тазартылып, құрғатылған. Алайда тұрғындардың қуаныштары ұзаққа бармады: «АтырауСуАрнасының» құдықтары бітеліп қалған кезде жертөлелерде қайтадан сарқынды сулар пайда болған, содан бері бұл жағдай үнемі орын алып тұрады.

– АСА жүйесі ескі, КНС дұрыс жұмыс жасамайды. Жергілікті билікке қарау керек: егер биыл алты үйге жөндеу жүргізу тиесілі болса, онда жылу жүйесінің, АСА кәсіпорындарының, энергішілердің желілеріне де жөндеу жүргізу керек, - деп оның сөзін қолдады Г. Салихова.

Семинарға шақырылған сарапшы-тренер Шолпан ӘЙТЕНОВАНЫҢ айтуынша, әлеуметтік аудит алғаш рет 70-ші жылдары Ұлыбританияда енгізілген. Сол кезде экономистер әлеуметтік бағдарламалардың еңбек өнімділігіне игі әсерін байқаған.

Бұл - тұрғындардың өздері тікелей қатысқан кезде ақшаның тиімсіз жұмсалуын болдырмауға мүмкіндік беретін өте маңызды механизм. Өткен жылы ұлттық экономика министрлігінің делегациясы Үндістанда болып келді. Ол жерде әлеуметтік аудит заңнама деңгейінде қабылданған. Түрлі бағдарламаларға бөлінген қаржылардың 3 пайызы міндетті түрде әлеуметтік аудитке жіберіледі. Бағдарлама мақсатына жеткен-жетпегенін білу үшін министрлік Алматы облысында «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша пилот жүргізуді ұсынды. Ал, Атырада әлеуметтік аудит терможаңғырту кезінде жүргізілетін болады, - деді Ш.Әйтенова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.