Атырау, 21 желтоқсан 06:47
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Теңіз каналын салғаны -заңды бұзғаны

2 714 просмотра

Фотосурет: ForexAW.comФотосурет: ForexAW.com«Теңізшевройл» ЖШС үшінші буынды келешек зауытына арналған 386 мың тонна көлеміндегі жүктерді тасымалдау үшін Солтүстік-Шығыс Каспийдің ерекше қорғалатын мемлекеттік қорық аймағынан теңіз каналын қазбақшы. Каналдың ұзындығы 66 шақырым, ені 66 м, тереңдігі 4,8 м. 

Осы каналды салу кезінде теңіз ортасының экожүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Бірнеше миллиондаған жылдар бойына қалыптасқан биологиялық ортаны бұзатын «тозақ» жағдайы болашақта құстар, балық, итбалықтар және т.б. жан-жануарлардың көптеп қырылуына әкеліп соғады.  

Ал теңіздің биоресурстары біздің заңнамамен қорғалады. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңының 73-бабында былай делінген: «Солтүстiк Каспийдiң шығыс бөлiгiнiң су айдыны Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi балық қорын сақтау мен бекiре тұқымдас және балықтың басқа да бағалы түрлерiнiң мекендеуi мен табиғи молығуына оңтайлы жағдай жасауға арналған мемлекеттiк қорық аймағына кiредi». Осы бапқа сәйкес, Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясында құстардың, балықтардың, итбалықтардың маусымдық көші-қонын және олардың жем-шөп базаларын ескеретін ерекше экологиялық талаптарды сақтай отырып, геологиялық зерттеуге, барлауға және көмірсутекті өндіруге рұқсат етілген. Бұл бапта Солтүстік Каспийдің ерекше қорғалатын мемлекеттік қорық аймағының аумағында басқа залалды жұмыстарды жүргізуге тыйым салынғандығы айқын көрінеді. Қалай болғанда да, канал құрылысы секілді жұмыстарды жүргізу үшін теңіз мекендеушілеріне олардың физикалық және химиялық факторларының ұзақ уақыт әсері егжей-тегжейлі зерттелуі тиіс.

Теңіз каналы құрылысының қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері тұрғындармен толықтай талқыға салынуы керек. Ақырғы шешім ҚР Үкіметінің қаулысымен қабылдануы тиіс. Бұдан басқа, 2006 жылдың 12 тамызында күшіне енген Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Рама конвенциясының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Каспий теңізінің теңіз ортасын сақтау және қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды дербес немесе бірлесіп қабылдау міндеттемесін өз мойнына алады.

Ал, сол Конвенцияның 14-бабына сәйкес, біздің мемлекетіміз шамадан тыс пайдаланудан биологиялық түрлерді құрып кету қаупіне ұшыратпайтын, сирек және құрып кету қаупі төнген түрлердің, сондай-ақ, әлсіз экожүйелердің биологиялық әр түрлілігі мен мекендеу ортасын сақтау үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге міндетті.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңы мен Рама Конвенциясына сәйкес, табиғи орта үшін залалды теңіз каналының құрылысына тыйым салынуы тиіс.

Алайда, «Теңізшевройл» ЖШС ҚР энергетика министрлігінің қолдауымен, Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясын сақтау және қорғау жөніндегі қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, теңіз каналын салмақ.

Қазақстан Республикасы мен Атырау облысының қадағалаушы құқыққорғау органдары осы проблеманы қарап шығып, өз шешімдерін қабылдайды деп үміттенемін.

М. Диаров, АМжГИ аймақтық экологиялық проблемалар ғылыми орталығының директоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор

26 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.