АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы 24 наурыз күні лингвистикалық комиссия емтиханына келмеген үміткерлерге қатысты шешім қабылдайды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаев мәлім етті.
«Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау емтиханына 4 адам келген жоқ. Олар: Я.Жүнісбеков, Қ.Маишев, А.Өтепова және А.Асылбек. Біз оларды күтудеміз. Егер олар келмесе, 24 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясы арнайы шешім қабылдайтын болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеу кезеңі 25 наурызда аяқталып, сол күннен бастап 24 сәуірге дейін үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.
«7 адам лингвистикалық комиссия емтиханын сәтті тапсырды. 8 адам емтихан тапсыра алмады. 2 адамның жасы 40-қа толмағандықтан, оларды үміткер ретінде тіркеуден бас тартылды. Емтиханға 4 адам келмесе, 3 адам мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдеуден өз еріктерімен бас тартты. Кандидатурасын өз қалауымен 3 адам алып тастады», - деді ол.
Сонымен қатар ОСК мүшесі Н.Назарбаевтың, Т.Сыздықовтың және Ә.Құсайыновтың кандидат ретінде тіркелгенін еске салды.
Дереккөз: inform.kz