Атырау мұнай өңдеу зауыты. Көрнекі суретБатыс Қазақстан облысындағы Березовка поселкесінің проблемалары Атырау тұрғындарын ерекше алаңдатады. Өйткені, бізде «АМӨЗ» ЖШС мен «Болашақ» зауыты иек астында тұр. Өткен жылдың қараша айында Қарашығанақ кенішіндегі қышқыл газ шығарындысынан кейін Березовкамектебінде 19 бала мен 3 ересек естерінен танып қалған оқиғалар туралы «Уральская неделя» газетінің журналистері Рауль УПОРОВ пен Талғат ОМАРОВ егжей-тегжейлі баяндап отырды. Олармен жүргізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
ЖЕР БАУЫРЛАҒАН ГАЗ
– Ресми түрде 27 қарашада ГП-3 қондырғысында конденсат шығарындысы орын алғаны, оның екі минутқа созылғаны хабарланды. Бұдан басқа, кеніш аумағында 17, 18 және 25 қарашада қондырғылардан газ кету фактілері анықталды. Бұл тек білетініміз ғана. Бұл өзіндік баяу жүретін апат. Өйткені, ата-аналардың әңгімелеріне қарағанда балалары бұрындары да естерінен танып қалып жүрген екен. Ал, мұғалімдер дәрі ішпесе, жұмыс жасай алмайтындықтарына, үнемі бастарының ауыратындығына шағымданды.
– Қалай ойлайсыз, неліктен зардап шегушілердің дені балалар?
– Олардың бәрі сол жерде дүниеге келген, яғни, әуел бастан олардың иммунитеттері әлсіз. Осы оқиғалардан кейін зардап шегушілердің ата-аналары оларды Қазақстан мен Ресейдің медициналық орталықтарына тексеруге апарып, өздерінің қай жақтан келгендерін әдейі жасырған. Ата-аналары растап отырғандай, балалардың қан талдамасында Менделеевтің бүкіл кестесі бар деуге болады екен. Осы тексерулер барысында дәрігерлер ықтимал себептердің ішінде уытты заттардан улану салдарын көрсеткен.
Ал, жергілікті медиктер ондай ештеңе айтпайды. Олар біреуінде жыныстық жетілу, немесе, кешіріңіздер, етеккірлері келген, гормоналды бұзылулар орын алған деп мәлімдейді. Жалпы, түрлі сандырақтарды айтады. Неліктен балалардың бәрі бірдей естерінен танбайды? Бәлкім, біреулерінің иммунитеттері күштірек шығар.
Рауль УПОРОВ. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.– Неліктен балалар тек мектепте талып қалады?
– БҚО прокуроры Астана шенеуніктері және Березовка тұрғындарымен кездесуі барысында ауадан ауыр күкіртсутек төменге шөгеді, ал, мектеп ылдида орналасқан деген геодезистердің жорамалын айтты. Ауадағы күкіртсутек құрамына бақылау жасайтын датчиктерге келер болсақ, біз олардың өте жоғарыда орналасқандығына көзімізді жеткіздік. Оның үстіне күкіртсутек төменде «жүреді».
– Ал, ауаның, топырақтың және т.б. сынамалары нені көрсетті?
– Поселке тұрғындарының министрлермен кездесуі барысында кейбір мәліметтер оқылды. Бірақ осы шенеуніктердің құрғақ баяндамасынан еш нәрсе түсінікті болмады.
«БАЛАЛАР ТУРАЛЫ ҰМЫТТЫ»
– Қалай ойлайсыз, неліктен билік Березовканы көшіруді кешеуілдетіп отыр?
– Березовка тұрғындары әлдебір ойынның тұтқындарына айналғандай әсер қалдырады. Өздеріңіз төрелік етіңіздер, министрлер келіп, шығарындылардың болғанын айтады, кінәлілерге айыппұл салады. Бірақ олардың ешқайсысы балалардың Қарашығанақ кенішінің әсері салдарынан зардап шеккенін айтпайды. Жергілікті тұрғындармен кездесу нәтижесінде шенеуніктер Березовканы көшірмейтіндігін мәлімдеді. Шамасы, бас тартатындығын біліп, халықтың ықтимал наразылықтарынан қауіптенген болса керек, әзірлік жасапты – шарада полицейлер көп болды.
Бір сөзбен, бәрі де өтті, БАҚ ақпарат берді. Ал бір аптадан кейін Березовканың белсенділері редакцияға қоңырау шалып, Ақ Ордаға петициямен баратындықтарын хабарлады. Дәл сол күні энергетика министрлігінің баспасөз қызметі бізге қазіргі уақытта министрлік, кенішті игеруші «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (әрі қарай - ҚПО) және облыс билігі есептеулер жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттама дайындап жатқандығын, 2015 жылдың мамырында көшірілетіні-көшірілмейтіні белгілі болатындығы туралы баспасөз хабарламасын жолдады.
Айта кету керек, Березовка төңірегінде айтылмаған нәрсе көп. Мәселен, осы кездесу барысында шенеуніктерге үйі ҚПО-ның санитарлық-қорғаныс аймағы шегінде тұрған тұрғындардың бірі шағымданды. Бірнеше жыл бұрын көшіру туралы сот шешімі шығарылған екен. Бұл адам Бөрлі ауданының әкіміне өздерін қашан көшіретіндігі туралы сұрақ қойғанда әкім сот шешімінің жойылғанын мәлімдеген. Қашан және кім жойды деген сұрақ ашық күйде қалды. Биліктің өз мүддесі болғаны сезіледі, әлсін-әлі ҚПО-ны экологиялық айыппұлдар арқылы «соруға» болады ғой. Екінші жағынан, поселке тұрғындарының бір бөлігінде ҚПО-ның және биліктің есебімен облыс орталығына көшіп алуды немесе ақшалай өтемақы алуды көздеген мүдделер бар. Консорциумның өзіне келер болсақ, біздің пікірімізше, олар қаржыны кез келген уақытта бөліп, Березовканы көшіруге әзір. Оның үстіне, мұндай жағдай бұрын болды. Тұңғыш поселкесінің тұрғындарын Орал қаласына көшіру үшін консорциум 9 млн доллардан астам қаржысын жұмсады. Ал, бұл жерде саудаласпайтын тек зардап шеккен балалардың ата-аналары ғана. Олар балаларынан айырылып қалудан қорқады.
Қазір билік пен ҚПО арасында сауда жүріп жатыр, бұл балалар туралы мүлдем ұмытқан. Олардың ата-аналары «ең болмаса, бізді көшіріңіздерші» деп өтінеді. Олар өз үйлерін сата алмайды, өйткені, Березовкаға көшіп келгісі келетіндер жоқ.
ПРОБЛЕМАЛАР БІРДЕЙ
Талғат ОМАРОВ. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.– Березовка поселкесі қандай? Мен оны біздің аудан орталығы Құлсарымен еріксіз ұқсастырып отырмын. Осы ауданда Теңіз кеніші игерілуде, өндірілген өнімнен түскен қаржының төрттен бірі ел бюджетін құрайды. Бұл жерде 20 жыл бойына Кеңес Одағы құлаған сәттен бастап және «Шеврон» компаниясымен келісімшарт жасалғаннан кейін коммуналдық нысандар, мәдениет және демалыс нысандары салынбаған. Мұның бәрін Жаңаөзендегі 2012 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін азды-көпті қолға ала бастады. Соңғы уақытқа дейін көппәтерлі үйлердің тұрғындары суды көшеден таситын еді.
– Бұл поселке аудан орталығы Ақсай секілді. Көппәтерлі үйлерді чехтар, Теңіздегідей, кеніш игеріле бастаған кезде салған. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында. Проблемасы да бірдей: сумен қамту нашар, жолдар нашар.
– Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларға ҚПО бөлетін ақшалар қайда жіберіледі? Біздегі проблема - бұл нысандарға жұртшылықтың пікірінсіз әкімдік «тапсырыс» береді.
– ҚПО жыл сайын 20 млн доллар бөледі, бірақ 15 жыл ішінде шынымен қажет болған әлеуметтік нысандардан тек облыстық аурухананы ғана атауға болады. Биыл ҚПО қаржысына салынып жатқан теннис кортының құрылысы аяқталды, ол 2 млрд теңгеге ($11 млн) шықты. Біз облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТАН неліктен теннистік корт салу ұйғарылды деп сұрағанда, ол халықтың өтініші бойынша деп жауап берген еді. Батысқазақстандықтардың қайсысы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардан теннис кортын артық көргені жұмбақ болып қалды.
P.S. 16 наурыз күні Березовка поселкесіндегі мектепте тағы да төтенше жағдай орын алды. Бес бала естерінен танып қалды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА