Атырау, 29 наурыз 01:14
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау бизнесмендері Тимур Құлыбаевпен кездесті

3 903 просмотра

Фотоны өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынды.Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы.17 наурызда Атырауда ҚР ҰКП президиумының төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ қатысуымен Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

БОЛЖАМДЫ ТЕНДЕРЛЕР

Мұнда төмендеген мұнай бағасы және әлемдік державалардың өзара санкциялары жағдайында экономиканы диверсификациялау басты тақырып болды.  

Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өткен жылдың 9 айы ішінде өндірілген жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) жалпы көлемі бойынша шағын және орта бизнестің үлесі 7,8 пайызды құрағанын, ал соңғы үш жылда белсенді бизнес субъектілерінің саны 2,8 мыңға көбейіп, 34 мыңды құрағанын хабарлады.

Өз сөзінде Т. Құлыбаев облысымыздағы 2015 жылғы анағұрлым елеулі жобалардың қатарында біріктірілген газ-химия кешенінің (екінші кезең – полиэтилен өндірісі), фармацевтикалық зауыт пен Атырау МӨЗ-індегі хош иісті көмірсутектер өндіру және мұнайды терең өңдеу кешендерінің құрылысын атады. Ол сондай-ақ, таяу уақытта ҰКП мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арасында келісімге қол қойылатынын, оның мақсаты отандық өндірушілерді ұзақ мерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ету болып табылатындығын хабарлады.

Оның айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға 2015 жылы 100 млрд теңге бөлінбек: шағын және орта бизнес үшін 50 млрд (операторы «Даму» қоры) және ірі бизнес үшін 50 млрд (операторы «Қазақстанның даму банкі» АҚ). 800-ден астам компанияларды қаржыландыру жоспарланып отыр.

ҚР ҰКП басқармасының төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ пен Атырау кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ жер қойнауын пайдаланушылар мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-не кіретін компаниялардың сатып алулар бойынша ашық жұмыс істемейтіндігі туралы мәселені қозғады. Атап айтқанда, Мырзахметов отандық компаниялар тарапынан көптеген шағымдар түсетіндігіне сілтеме жасай отырып, «Самұрық-Қазына» сайтында нақты жеткізушіге «бағышталған» сатып алулар туралы ақпараттың жиі пайда болатынын мәлімдеді. Жәкиевтің айтуынша, тендерге құжаттама қабылдау кезеңінде-ақ ҰӘҚ Ережесінің 49-тармағының әлдебір 3-тармақшасына сілтеме жасап, ықтимал жеткізушіні електен өткізу үдерісі жүріп жатады.

Соңғы 3 жылда облыстағы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулар көлемі 3,7 трлн теңгені, мемлекеттік сатып алулар көлемі – 311,4 млрд теңгені құрады. Жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті қамту бойынша жалпы сатып алулар үлесі 57,3 пайызды құрады. Жәкиевтің айтуынша, егер ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық кәсіпорындар көрсететін қызметтер үлесі көбейіп жатса, сатып алынатын отандық өндірістегі тауарлар көлемі азаюда: NCOC-та 9,42% және ТШО-да 4,98%.

НЕСИЕЛЕР БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС

Жергілікті кәсіпкерлердің монополистерге қояр талаптары көп-ақ. Атап айтқанда, әңгіме «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ӨФ-ның кіріптарлық жағдаймен іске қосу шарты және тариф қалыптастырудың ашық еместігі туралы болып отыр.   

- Газ құбырының еркін қуаттылығы жөніндегі ақпарат құпия, осыны пайдалана отырып, «ҚазТрансГаз Аймақ» техникалық шарт беру кезінде әрбір кәсіпкерге қосымша жүктеме қолданады. Бизнесмен белгілі бір жобаны жүзеге асыруда едәуір кедергі болып табылатын үлкен қаржы шығындарын көтеруге мәжбүр. Еркін қуаттылықтар, атап айтқанда газ құбырының жүгі туралы ақпаратты ашу керек. Өйткені бұл ақпараттың жасырын болуы сыбайлас жемқорлық қаупіне ие және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ӨФ үшін қолайлы әрі тиімді болатын кез келген мазмұндағы техникалық шартты беруге мүмкіндік береді, - деді Жәкиев.

Шағын және орта бизнес үшін қымбаттап кеткен несиелер туралы мәселе көтерілді.

Атырау кәсіпкерлері қазір екінші деңгейлі банктердің несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді көбейту жағына қарай қайта қарап жатқанын растады. Мырзахметовтің айтуынша, кәсіпкерлер үшін ең қиын кезең - банктер несиелерді беруді тоқтатқан өткен жылдың қараша-желтоқсан және биылғы жылдың қаңтар айлары болған:

- Ұлттық банкте бірнеше кездесуден кейін мөлшерлемені 15 пайызға дейін көтерді, бұл екінші деңгейлі банктер ақша алып отырған бірден-бір канал. Біз үкіметке «Бизнестің жол картасы - 2020» шеңберінде 7 пайызын мемлекет субсидиялайтын 14 пайыздың орнына мөлшерлемені 18 пайыз жасау керектігін, оның 7 пайызын мемлекет, қалғандарын бизнестің өзі субсидиялайтындығы туралы ұсыныс жасаған едік.  Бұл да жақсы қойылған шарт. Бұдан басқа «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен (жылдық 6 пайыз) берілетін несиелер қарастырылған. Біз олардың кәсіпкерлерге жеткізілуін қадағалайтын боламыз.

ҚЫТАЙ ЖАҚЫН

Құлыбаев жергілікті бизнесмендерге ресейлік және белоруссиялық өндірушілермен бәсекелестік оңай болмайтындығын ескертті:

- Олардың өндірістері ауқымды, өнімдерінің өзіндік құны да біздегіге қарағанда анағұрлым төмен. Өнім бәсекеге қабілетті болу керек, әсіресе жер қойнауын пайдаланушыға арналған өнім. Жер қойнауын пайдаланушы: маған өзім үйренген өнім сапасын беріңіз дейді. Біз қазір дамылдап отырмыз, әзірге ресейлік компаниялар батыс санкциясына байланысты өздерінің қаржылық проблемаларымен айналысып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы келіссөздер жүргізілуде. Бізге Батыс Еуропа өндірушілерімен бәсекелестікке түсуге тура келеді. Ал бұл көпшілік қолданатын өнімдер емес. Олардың технологиялық лебі басқа, олар бізді әлдеқайда басып озды.

Жаңа өндірістерді ашу және қазіргі өндірістерді кеңейтуге ықтимал серіктестер ретінде Құлыбаев жергілікті бизнесмендерді қытайлық компанияларды байқап көруге шақырды. Оның айтуынша, келісім шеңберінде Қытай таяу жылдары Қазақстанда 44 жобаны қаржыландырады.

Отырыс аяқталғанда Т.Құлыбаев чартерлік рейспен Ақтауға ұшып кетті.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

18 наурыз 2015, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.