Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі халықаралық төрелік және шетелдік сот талқылауларында Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді және қорғайды. Осы фукнцияларды атқару аясында Әділет министрлігі халықаралық заң компанияларының қызметтерін пайдаланады. 2015 жылдың қаңтар айында халықаралық заң компанияларымен электрондық хат алмасудағы ақпараттардың кейбір халықаралық вебсайттарда жариялану фактісі анықталды, деп хабарлайды BNews.kz.
Әділет министрлігінің мәліметінше, ҚР Үкіметінің консультанттары заңмен қорғалатын адвокат құпиялылығына жататын электрондық хат алмасуына заңсыз қол жеткізуге және қолдануға қатысты Калифорния (Reed Smith LLP заң компаниясы) мен Нью-Йорк (Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP заң компаниясы) штаттарында сот талап-арызын берді. Қазіргі уақытта осы процестер жалғасуда.
Адвокат құпиялылығы заңгер мен клиент арасындағы ақпарат алмасуды қорғайтын және оны құпия сақтайтын халықаралық деңгейде танылған қағида. Бұл қағида құқықтық жүйеде ерекше болып табылады.
«Әділетті құқық жүйесінің негізгі элементі – клиенттің құпия түрдегі заң кеңесіне қол жетімдігі. Кез келген тұлға осындай кеңесті, үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалану қаупінсіз алуға құқылы», -дейді Reed Smith LLP заң компаниясының серіктесі Белинда Пэйсли.
2015 жылы 13 наурызда Нью-Йорк штатының оңтүстік аймақтық соты (АҚШ) заңмен қорғалатын хат алмасуды және Қазақстан Республикасына тиесілі басқа да құжаттарды заңсыз алған және жариялаған тұлғаларға, сондай-ақ осылармен бірігіп әрекет жасаған тұлғаларға осындай құжаттарды одан әрі қолдануға немесе басқаша таратуға тыйым салатын алдын-ала бұйрық шығарды. Осы бұйрық қылмыстық және азаматтық жауапкершілікті қарастыратын АҚШ федералды заңдарына сәйкес шығарылды.
Дереккөз: bnews.kz
16 наурыз 2015, 11:45
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.