18 наурызға дейін ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті.
16 наурызға қараған түнгі сағат 00-01-де Орталық сайлау комиссиясына 27 өтініш тіркелгенін атап өткен ол: «Ертең біз қолдағы барлық материалдары өңдейміз де қанша адамның шығып қалғанын мәлім етеміз. Қазіргі уақытта біздің қолымызда саяси науқаннан бас тарту материалдары, емтиханға келмей қалған үміткерлер бар. 18 наурызға дейін лингвистикалық комиссия жұмыс істейтін болады. Біз кестесін жасадық. Одан ары қалай өрбитінін көреміз», - деді ол.
Айта кетейік, осы сәтке дейін 27 азамат президенттікке үміткер ретінде ұсынылды. Олардың екеуін саяси партиялар ұсынса, 25-і өзін-өзі ұсынып отыр. Осы 27 адамның ішінде 10 адамға президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартылды. Олардың ішінде 2 адам жасы 40-қа толмауына және 8 адам лингвистикалық комиссия сынынан өте алмауына байланысты тіркелмеді. Үш үміткер лингвистикалық комиссияның емтиханына келмеді және бір адам өзінің өтінішін қайтып алды. 5 үміткер лингвистикалық комиссиядан, басқа да тексерулерден өтіп, ҚР Конституциясы мен «Сайлау туралы» заңына сәйкес деп танылды. Оның ішінде Н.Назарбаев кандидат ретінде тіркелді.
Дереккөз: ҚазАқпарат