Облыстық әкімдікте Жайық-Каспий бассейнінде суға кеткен кемелерді зерттеу нәтижелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
МИЛЛИАРДТАР ҚАЖЕТ
Тыңдауға жергілікті экологиялық ҮЕҰ-дың, өкілетті органдардың, «Атырауөзенпорты», тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері қатысты. ҚР инвестициялар және даму министрлігі комитеті жобаға тапсырыс беруші болып табылады. Осы ведомоствоның сарапшысы Светлана ӘБЕНОВАНЫҢ айтуынша, Жайық-Каспий бассейніндегі кеме жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР үкіметінің қаулысымен 2013 жылы Жайық-Каспий бассейнін тазарту шараларының жоспары бекітілген.
-Республикалық бюджеттен осы жобаға 126 млн теңге бөлінді. Біз бұл қаржыны толықтай игердік, жобалаушы - «ИртышПодводСервис» ЖШС-мен Жайық-Каспий бассейнін зерттеуге қатысты келісімшарт жасалды, - деді С.Әбенова. – Сонымен қатар осы суға кеткен нысандарды судан шығару құны анықталды. Зерттеу қорғаныс министрлігі ұсынған 20 координат бойынша жүргізілді. Оның ішінде 15 координат бойынша суға кеткен кемелер табылды.
Суға кеткен 15 кемені шығарудың сметалық құны 4,5 млрд теңгені құрайды. Әбенованың айтуынша, осы сомаға бюджеттік өтінім ұлттық экономика министрлігіне жолданған, бірақ әлі бекітілмеген.
- Егер министрлік жобаны қолдаса, онда шығару жұмыстарын біз 2016 жылы бастаймыз. Үш жылға – 2018 жылға дейін кесте жасап қойдық. Қорғаныс министрлігіне судан шығару басымдығын анықтау қорытындысын беру үшін сұраныс жолдадық. Яғни, ең алдымен кеме жүрісіне кедергі келтіретін нысандар судан шығарылатын болады.
«ИртышПодводСервис» ЖШС-нің сүңгуірлік түсу қызметінің басшысы Тимур АХМЕТКАРИМОВТЫҢ айтуынша, Жайықты суға кеткен кемелер бойынша зерттеу күрделі жұмыс екен:
- Маусымның көп бөлігінде су өте лай болды, арна үнемі ауысып отырады, тіпті сәулелік гидрорадар көмегімен жұмыс істеу қиын.
Жобалаушы ұсынып отырған негізгі судан шығару әдісі – бұл суасты кесу және құрылымдарды жүзбелі крандар мен жүкшығырлардың көмегімен көтеру.
ҚАЛА БЕРГЕНІ ЖАҚСЫ
15 кеменің ішінде – 30 жыл бұрын Ракушечный мүйісінің маңында – Маңғыстау облысына жақын маңда суға кеткен «Әзірбайжанның 60 жылы» деп аталған өзі көтерілетін бұрғылау қондырғысы бар.
Ғаламтордағы ақпарат бойынша 1983 жылдың қыркүйегінде «Ракушечный» мүйісінен 23 шақырымда 43 метр тереңдікте ұңғы бұрғылаған жерде апат орын алған: өзі көтерілетін жүзбелі бұрғылау қондырғысы опырылып, газ бұрқағы 50 метр биіктікке көтерілген. Атмосфера ластанбас үшін құтқарушылар газды өртеген. Бес күннен кейін алау өшірілген.
Ал жобалаушылар анықтағандай, платформадан әлі күнге дейін газ шығып тұрады екен. «ИртышПодводСервис» есебінен үзінді келтірейік: «№1 тірек оңтүстік-батыс бағытында 150 крен бұрышқа қисайып су бетінен 1,5 метрге көтеріліп тұр. Понтон корпусымен жалғанған екі жердегі тірек сынып кеткен. №1 тіректен 10 метр қашықтықта солтүстік-шығыс бағытында топырақтан №2 тірек табылды. Оның астында майысқан металл құрылымдар үйіндісі жатыр. Ол жерден су бетіне көтеріліп тұрған диаметрі 0,5 м ауа шығатын грифон тіркелді, күкіртсутек иісі шығып тұр. Барлық металл құрылымдарды ұлутастардың (балянус) тығыз қабаты басып кеткен».
- Егер 30 жыл бойына бұл платформадан күкіртсутек иісі шығып келген болса, SOS деп айқайлау керек, - деді қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аналитикалық зертхана директоры Галина ҮМБЕТАЛИЕВА. Содан соң жобалаушыға бұрылып:
- Не болғанын, иістің қайдан шығып жатқанын анықтадыңыздар ма? Ол үздіксіз шықпауы керек қой. Суға зерттеу жүргіздіңіздер ме?
- Иә, ол жерде әлсін әлі көпіршіктер шығып тұрады. Бірақ неліктен? Осы сұраққа мен жауап бере алмаймын. Өйткені біздің міндетіміз шолып қарап шығып, бейнежазбаға түсіріп алу болатын. Суға кеткен кемелердің барлығында мұнайдың қалдық өнімдері мен тұрмыстық қоқыстар бар, - деп жауап берді Ахметкаримов.
Әбенованың айтуынша, әзірбайжандық платформаны көтеріп шығару немесе оны кесу қауіпті екен:
- Оны бетондап, сол күйінде қалдыру керек деген қорытынды жасалды. Қалай болғанда да әзірге қорғаныс министрлігінен қорытынды келмейінше, біз ештеңе айта алмаймыз, бұл біздің құзырымызда емес, - деді ол.
ТАМАҚҚА КЕТКЕН ҚЫЛҚАНДАЙ
Әбенова сондай-ақ, биыл тек бір нысанды – қабылдау-тасымалдау құралын ғана көтеріп шығаратынын хабарлады. Осы мақсатқа 403 млн теңге бөлінген. Тек тендер жариялау ғана қалыпты.
Соған қарағанда, әңгіме 2000 жылдардың басында Атырау балық зауытының өнімдері тиелген, теңіз дауылына ұшырап, суға батып кеткен әзірбайжандық кеме туралы болып отыр.
- Біз оның шығарылуына мүдделі болып отырмыз, бұл кеме шөңге секілді теңізге шығатын жерде тұр және балықтың уылдырық шашуына кедергі келтіреді, - деді «Атырауөзенпорты» АҚ басқармасының төрағасы Ербол ӘЛЖАНОВ. – Ең бастысы – тапсырыс берушіге кәсіби орындаушы табу керек. Өйткені бұл жұмыстардың барлығы қауіпке толы. Ең алдымен, бұл адам өмірі, сол жерде теңіз толқындары өте жиі соғады. Ал жобалаушылар понтонда автокранмен кесуді, содан соң көтеріп шығаруды ұсынып отыр. Бізде де кемелерді судан шығару тәжірибесі бар. Кезінде порт маңынан жүзбелі 7 көлік құралын шығарып алған едік (олардың бәрі әзірбайжандық браконьерлерден тәркіленіп алынып, 2008 жылдың көктемінде «Атырауөзенпорты» АҚ айлағының маңында суға кеткен болатын – С.Т.). Олар біздің жұмысымызға кедергі келтірді. Біз көмекке жүгінген жергілікті органдар өздерінде мүмкіндіктер жоқ екенін айтты. Бірақ бізге рұқсат берді. Сөйтіп әкімдікпен бірлесіп, «Аджип» техникасын, сондай-ақ жүк көтерімділігі 750 тонна болатын «Саренс» автокранын жұмылдыра отырып, осы жүзбелі құралдардың барлығын көтеріп шығардық. Бірақ бізге оңай болды, біз құрлықта жұмыс істедік.
Ақша бөлінген екен, енді тапсырыс берушілер ертерек тендер туралы жариялап, 15 шілдеге дейін барлық мәселелерді шешуге тиіс қой. Өйткені Жайық – табиғат қорғау аймағы. Ол жерде «Ақжайық» резерваты бар.
Экологиялық кодекске сәйкес, уылдырық шашатын кезде 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейін ешқандай жұмыс жасауға болмайды. Сондықтан барлық мәселелерді табиғат қорғау прокуратурасымен және басқа мүдделі ведомостволармен келісіп алуы керек. Егер тендер кешіктірілетін болса, онда бөлінген бюджет қаржыларын қайтаруға тура келеді. Мұның болғанын қаламаймыз, өйткені су астындағы қоқыр-соқырдан құтылуға мүмкіндік туып отыр.
Осылайша, тыңдауға қатысушылар назар аударған басты проблема – бұл едәуір көлемді әрі күрделі жұмыстың өте қысқа мерзімі болды.
Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Гүлайым ТЕЛЕУБАЕВАНЫҢ айтуынша,бүкіл ұсыныстар мен ескертулер жобаны әрі қарай әзірлеу барысында ескерілмек.
ЖҮЗ ТОННА ҚОҚЫСТЫ ҚАЙДА ТАСТАЙМЫЗ?
Тыңдау барысында жоспар бойынша судан шығарылатын, салмағы 100 тонналық әзірбайжандық жүзбелі құралды кәдеге жарату тақырыбында ұзақ пікірталас орын алды. С.Әбенова хабарлағандай, жоспарға сәйкес кәдеге жарату бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері жауапты болады.
Тыңдауға қатысқан «Арнаулы автобаза» КМК директоры Мұратбек МАХАНОВ өзен түбінен шығарылған металл сынығы кейіннен өз мекемесі үшін бас аурына айналатынын ұғынып, бір нәрсені шығарып алмас бұрын, оны кейін не істеу керектігін түсініп алу керектігін айтып өтті.
- Министрлік қаржы бөлген екен, керемет, шығарып алу керек. Бірақ ақшаны игеріп қана қоймай, жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін кәдеге жаратуға ақша табыңыздар, облыстық әкімдікке іліп тастамаңыздар. Бұл мәселені бірге шешу керек, әйтпесе судан шығарады да тастай салады, ол сосын жағалауда 5-10 жыл жатып қалады. Кейін оны қайтадан зерттеп, кәдеге жарату тұрғысында жобалаушыларды тарту керек болады. Сондықтан шаралардың біріккен жоспарын әзірлеу керек. 100 тоннаны ақыры шығаратын болса, кейін соншама қоқыр-соқырды қайда жібереміз? Сіздер Маңғыстау мен Атырау облыстарынан мамандар шақырыңыздар, біз барамыз да зерттеп, дайындап береміз.
- Мұратбек мәселені дұрыс қойып отыр: бөлшектеп, судан шығарған соң оны қайда жібереміз? – деп қолдады Махановты президиумда отырған Атырау облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ БИСЕМБИЕВ. – Бұл жерде металл сынықтары ауқымды болып отыр.
Әбенованың айтуынша, үкімет бекіткен шаралар жоспары кезінде екі облыстың әкімдіктерімен бірге әзірленген, олардың өкілдері кәдеге жаратуды қаржыландыру қажет емес деп жазыпты.
- 9-тармақта осылай жазылған: «жергілікті жерлерде суға батқан кемелерді кәдеге жаратуды, сонымен қатар ұсталған және тәркіленген кемелер тұру үшін айлақтарды ұйымдастыру: жауаптылар – Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері». Қаржыландыру қажет емес. Құжат 2013 жылы жазылған, - деп оқып берді ол.
- Ал қазір 2015 жыл, биыл тіпті қарапайым балабақшаларды күрделі жөндеу бюджетін де қысқартып тастады, - деп атап өтті Маханов. – Бұл қаулы мен сол шаралар жоспары күштерін жоғалтты, жаңаша әзірлеу қажет. Айталық, 2020 жылға ауыстырайық. Биыл бюджетті 35 пайызға қысқартты, тіпті бізде көлем азайып қалды.
- Мен түсінем, бізге де бюджетті қысқартыңдар деп жатыр, бірақ бізде бұған негіз бар, мен үкіметтің тапсырмасын орындаймын. Сіздер де бюджет өтінімін кемелерге арналған айыппұл тұрақтарын ұйымдастыру ретінде жасап, оны республикалық бюджет комиссиясында талқылауларыңызға болады ғой.
- Егер сіз қолдау көрсетсеңіз, қаржыны 2016 жылға салу туралы бағдарлама әкімшісімен келіссеңіз - онда, әрине солай істеуге болады.
Тыңдау барысында сондай-ақ, тереңдету жұмыстарының проблемасы көтерілді.
- Құрылыс басқармасы арқылы 2013 жылы басталған Жайық өзенін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Сол кезде 300 млн теңгедей бөлінді, жұмыстарды «Павлодарречпорт» жүргізді. Өткен жылы қаржыландыру болмағандықтан жұмыстар тоқтап қалды, биыл энергетика министрлігі арқылы 4 млн теңге бөлінді. Жұмыстарды сол «Павлодарречпорт» жалғастыруда, - деді О.Бисембиев.
Оның айтуынша, Жайық үш министрліктің құзырына кіреді. Экологтар айтқандай, қойшы көп болса, қой арам өледінің кері келмесін.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА