...Бамбук алқабын шарлаған желдің үні, толассыз жауған жаңбыр, тұнық өзен суының діріліне түскен күн сәулесі, көкте қалықтаған кондор құстың шақырған дауысы, тағы да басқа тылсым да жан тебірентерлік заттарды бос уақыты бар және қиялға ерік берген кез келген атыраулық естіп, көре алады. Қаламызға көне инктердің ұрпақтары - Pucaramanta тобы екі апталық гастрольмен келді.
ӘРИНЕ, МАХАББАТ ТУРАЛЫ
Инктер тілінде Аю және Күн Шапағы деп аударылатын КАРХУ мен РУПАЙ атты екі үндіс өз әндерін әр түрлі тілдерде – апачи, навахо, чероки тілдерінде – шырқайды...
Алайда көпшілігі инктер (кечуа) және испан тілдерінде. Тағы бір ерекшелігі, олар әндерін ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен айтады.
- Бұл - кеначо – бамбуктан жасалған сыбызғы, - дейді Карху ұзын қара шашын артқа қайырып тұрып. – Ол бас дыбыстарын шығарады, оны менің туған Перуімнің тауларын кезген жел жасап шығарды. Бұрын сыбызғыны адам сүйегінен жасайды дейтін...
Сампони, кени, барабандар, құс тұмсықтар, бұғы мүйізі, панфлейттер, путотус (теңіз қайыршағынан жасалған түтік)... Мен бұл қызықты атауларды әрең жазып үлгеріп жатырмын, ал олар бір әннің ішінде осылардың барлығын құйқылжыта ойнайды. Олар не туралы ән шырқауда? Үндістер «әрине, махаббат пен әйел туралы» деп көздері күлімдей жауап берді.
ПЕРУ БАЛАЛАРЫ ҮШІН
Олар «Тамаша» сауда орталығының бірінші қатарында ойнап тұрғанда, әрлі-берлі өткен біздің жерлестеріміз алдарында тұрған кәрзеңкеге ақша салып кетуде. Кейін анықтағанымдай, бұл ақшаларды музыканттар Перудегі балалар үйлеріне жібереді екен. Кішкене әріректе теріден жасалған білезіктер, ұйқықағарлар (бойтұмар) сатылып жатыр. Бұл әшекейлердің барлығын өз қауымдарындағы әйелдер мен балалар әзірлеген екен.
- Өкінішке орай, біздің еліміз кедей, сондықтан да біз мұқтаж адамдарға көмектескіміз келеді, - деп түсіндірді жігіттер ағылшынша мен орысшаны араластыра сөйлеп. – Pucaramanta («Қызыл жер») тобында 35 адам бар. Біз осында келдік, ал қалған музыканттарымыз біз сияқты екеуден-үшеуден дүние жүзін шарлап жүр. Біз ешкімді ақша төле деп мәжбүрлемейміз, біздің қаражат жинаудан басқа үлкен мақсатымыз бар. Ол – адамдарға мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді таныстыру.
- Мен, мысалы, музыка пәні мұғалімімін, алайда біраз айдан бері көше музыканты болып жүрмін, - деп сөзге араласты үндіс Күн шапағы. – Ал мына Карху болса, бақсылығымен қатар Германияда «Экономика және өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алған. Біздің өз мамандықтарымыз бар, алайда қазір жасап жатқанымыз біз үшін абыройлы іс. Біз бүкіл Еуропаны араладық, Ресейде болдық, алайда Қазақстанға ерекше қызығушылықпен келдік, өйткені, үндістер мен қазақтар Алтай өңірінен шыққан, тек осы адамдардың бір тобы Америкаға қоныс аударған деген аңыздар бар. Бұл айтылған әңгіме ғана ғой, алайда біз қазақтарға өте ұқсаймыз, байқайсыз ба? Ал мынаған қараңыз, бұл – окраина – саздан жасалған сыбызғы. Қазақтың сазсырнайына ұқсайды емес пе?- деп қолындағы аспабын көрсетті.
Расында да ұқсайды. Шынымен туысқан болармыз?
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор