Туберкулез бойынша статистикалық есептердің жақсаруына қарамастан, Атырау облысы осы өкінішті көрсеткіш бойынша өңірлер арасында бірінші орында тұр.
АСТРАХАНҒА БАРУ МІНДЕТТІ ЕМЕС
Бұл мәселе облыстық Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында талқыланды. Өткен жылы туберкулезбен жаңадан ауырған 487 науқас тіркелген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда аздау (509 адам). Осы дертке шалдыққан балалардың қайтара анықталу саны да төмендеген – 2013 жылы 25 болса, биыл – 21. Алайда дәрігерлерді осы науқаспен ауыратын жасөспірімдер мен туберкулездің дәрі-дәрмектерге төтеп бере алатын формасына шалдыққан пациенттер санының артуы қатты алаңдатып отыр. 50 жасөспірімнің ішінен осындай жеті адам анықталса, балалар арасында екеуі ауырады.
Балалар арасында ауруды ерте анықтау үшін қазір «Диаскинтест» деп аталатын жаңа диагностика әдісі қолданылады. Кейбір ата-аналар Мантудың ісуіне екпенің орнына су кеткен, медбике препаратты дұрыс салмады, бала қолын қасыған немесе аллергия болды деп болжам жасайды. Бұрын мұндай даулы жағдайларда балаларды Астраханға алып баратын еді, алайда қазір осы «Диаскинтестті» Атырауда жасауға болады.
- Колледж студенттері арасында да науқастар аз емес, ауыр түрімен ауыратындар да, тіпті өкпесі іріп кеткендер де бар. Бір сорақылығы, оқу орнына түскенде барлығы флюрографиядан өтті деген анықтама әкеледі. Ал оқу жылының ішінде тексергенде, осындай көңілсіз жайттар анықталады, - дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бөлім меңгерушісі Серік ӘБІШЕВ. Кездесуге жиналған медицина қызметкерлері мұндай келеңсіздіктер қалай пайда болатынын анықтағысы келіп, түрлі болжамдар айтты: ауылдан келген, ақшасы аз студенттер қаладан салқын қосалқы үйлерді жалдап тұрады, дұрыс тамақтанбайды, содан көп ауырады. Немесе, кей жағдайларда медицина қызметкерлері жасөспірімнің оқу орнына құжатты уақытында тапсыруы үшін қол қойып бере салады.
БІРІНШІ ЕКПЕ ПЕРЗЕНТХАНАДА САЛЫНАДЫ
Нәресте ең алғашқы БЦЖ екпесін перзентханада алады. Өткен жылы Атырау облысында 16 357 сәби өмірге келіп, оның 15 347-сі еспе салдырды. Олардың бір бөлігіне әр түрлі себептермен салынбаса, 468 ана ресми бас тарту қағазын жазып берді.
- Балалар кішкентай кезінде көп адамдармен араласпайды, ал балабақша мен мектепке барғаннан кейін туберкулез жұқтыру қаупі көбейеді, - деп есептейді С. Әбішев.
Облыстық балаларға арналған туберкулезге қарсы шипажай директоры Сәуле АБАҚАНОВАНЫҢ айтуынша, ауру белгілері бар балаларға химиялық профилактика жасау жаңа сызба бойынша жүзеге асырылады:
- Өткен жылдың тамызында денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы шықты, соған сәйкес біз профилактика сызбасын ауыстырдық. Бұрын балаларға бірнеше препараттар беріп, оны үш ай бойы қабылдайтын. Қазір олар алты ай ішінде бір препарат алады. Жаңа сызба аурудың дәрі-дәрмекке төтеп беретін формасын болдырмауға арналған. Емді үйден де алуға болады, алайда шипажайда болу тиімді деп есептеледі: мұнда шипажайлық режим, алты мезгіл дұрыс тамақтанумен қамтамасыз етілген. Біз шипажайға анемия, гипотрофия, тыныс алу жолдары, ауыз қуысы ауруларымен келетін балаларды жан-жақты сауықтыру жұмыстарын жүргіземіз.
Айтпақшы, дәрігерлер халық арасында дәрі-дәрмекке төтеп беретін туберкулез формасы жұқпайды деген пікірді жоққа шығарды. Ол жұқпалы дерт.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ