Көліктегі полицейлер Қазақстанның 15 жыл бойы халықаралық іздеуде болған азаматын ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ІІМ Көліктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қылмыскер "Іздестіру" жедел-алдын алу шарасы барысында қолға түсті.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыр қылмыс істеп, 2000 жылдан бері халықаралық іздеуде болған азамат Ақтөбе станциясында ұсталды. Оған қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасының басшысы Дәулет Мақсұтовтың айтуынша, "Іздестіру" шарасы барысында бұдан да өзге қылмыскерлер туралы мағлұматтар анықталған.
"Шұғыл-іздестіру кезінде із-түзсіз жоғалған үш адамның қайда жүргені анықталып, іздеуде болған 17 қылмыскер ұсталды. Олардың төртеуі ТМД елдерінің ішкі істер органдарының іздеуінде болған. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында қылмыс жасап, іздеуде болған екі қылмыскер қолға түсті, олардың бірі Қырғызстан азаматы. Сондай-ақ, беймәлім болған екі мәйіттің кім екені анықталды ", - дейді Мақсұтов.
Еске сала кетейік, бұған дейін кісі өлтірген ер адамның 18 жылдан соң Астанада ұсталғаны хабарланған болатын. Кісі өлтіру қылмысы Қарағанды облысы аумағында жасалған. Ұсталған адам қазіргі уақытта тергеу изоляторында отыр.
Дереккөз: Tengrinews.kz