Муай-тай – жекпе-жектің қызықты да қатыгез түрі. Мұнда жұдырықпен, шынтақпен, сирақпен, тіземен соққы жасауға рұқсат етілген, сондықтан да кейде муай-тайды «сегізқолдылар айқасы» деп атайды. Атыраулық тай боксы мектебі – «Қайсар» спорт клубы еліміздегі ең үздіктердің бірі болып саналады. Біз облыстық муай-тай федерациясының президенті, облыстың аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Бағытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВПЕН сұхбаттастық.
- 2015 жылды біздің шәкірттеріміз сәтті бастады. Қаңтардың басында Алматыда 6-дан 13 жасқа дейінгі балалар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. «Қайсар» клубы айқасқа 11 жас спортшыны шығарды. Бесеуі жүлдемен оралды. 7 жасар Юсуф Мұхтасип екі дүркін ел чемпионы атанды. Мұхамедәли Мақсот (12-13 жас, 39 келіге дейін), Әли Мұратов (10-11 жас, 30 келіге дейін) және Владислав Ким (6-7 жас, 25 келіге дейін) күміс жүлде иеленсе, Рамиль Маратов (10-11 жас, 25 келіге дейін) қола медаль алды.
Осы айдың аяғында Алматыда жасөспірімдер (14-15 жас) және кадеттер (16-17 жас) арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Мұнда 45 келіге дейінгі салмақта Дидар Жеңісов, 48 келіге дейін Еламан Саясатов және қыздар арасында 48 келіге дейін Айнель Қадырова чемпион атанды. Күміс жүлдегерлер: 67 келіге дейін - Айдын Дайкошиев, 45 келіге дейін - Парасат Құттыбеков, 48 келіге дейін - Абылай Құралбаев, 51 келіге дейін - Қуаныш Өтебаев және қыздар арасында 51 келіге дейін - Диана Қадырова. 51 келіге дейінгі салмақта Айбек Ақылбеков пен 54 келіге дейінгі салмақта Бағытжан Нүкеев «қола» иеленді. Бұған қоса, Е. Саясатов «Ең тез аяқталған айқасы үшін», А. Құралбаев «Үздік техникасы үшін» арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Осылайша, Е. Саясатов пен Д. Жеңісов үстіміздегі жылдың мамыр айында Болгарияда өтетін Еуропа чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. Осы жарысқа Айнель Қадырова да қатысуы мүмкін, ұйымдастырушылар Еуропада әйелдер айқастарын өткізу туралы әлі бір шешімге келген жоқ.
Осы жарыстардан кейін облыс құрамасы Атырауда екі оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұл құрама мүшелерінің ақпанда тағы да сол оңтүстік астанада өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетуіне септігін тигізді.
57 келіге дейінгі салмақта Х. Досмұхамедов атындағы АМУ студенті Ищан Ғалиев чемпион атанды. Ол Тайланд астанасы Бангкокте бірінші рет өтейін деп отырған студенттер арасындағы әлем чемпионатында өз оқу орнының намысын қорғау құқығына ие болды. 91 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қалимов құрама қоржынына тағы бір «алтын» салды. Жоғарыда аталған чемпионатта тек жеңіл салмақтылар айқасатын болғандықтан, Атыраудан оған тек Ищан ғана барады.
Сондай-ақ, Дидар Болатов, Әбіл Ғалиев, Аман Қабдоллаев, Әлібек Анарбеков, Айболат Ізтелеуов, Жұмабек Тілекпаев, Жұмабек Мыңбай, Абдулла Мұханжанов және Ерлан Өтешов ел чемпионатының күміс және қола жүлдегерлері атанды. Мен Қазақстан төрешілер корпусының жетекші маманы ретінде рингте рефери болып, екі семинар өткіздім.
Бағытжан МҰХАМБЕТАЛИЕВ- Үстіміздегі жылы атыраулық тай боксшылар үшін ең маңызды жарыстарды атаңызшы.
- 2015 жылы турнир көп. Олардың ең бастылары - тамызда өтетін балалар мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты мен қыркүйекте өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионаты.
- 2014 жылы тай боксының ережелері қалай өзгерді?
-Ережелер әуесқой бокс ережелеріндей болады. Өйткені, муай-тай 2016 жылғы Олимпиада бағдарламасына қосылды, әзірге тек спортшылар жарыстан тыс қатысады. Сонымен қатар, енді муай-тай әуесқой бокс сияқты 3 минуттық 3 раундқа созылып, жеңімпаз төрешілердің жазбаларымен емес, қапталдағы төрешілердің түймені басу санына қарай автоматты түрде анықталады.
Егер муай-тайды Олимпиада бағдарламасына қосатын болса, бұл Қазақстан үшін тиімді. Біздің құрамамыз әлем чемпионаттарында тұрақты түрде үздік бестіктің қатарынан көрінеді. Бірінші орынды дәстүр бойынша тайлықтар алады. Қалған төрт орынды Қазақстан, Ресей, Белоруссия және Украина өзара сарапқа салады. 2009 жылы Қазақстан екінші болды.
- Ел ішінде атыраулық мектеп қай орында?
- Ел құрамасы сапында Ищан Ғалиев, оның бауыры Әбіл, Дидар Болатов, Әлібек Анарбеков өнер көрсетеді. Ищан мен Әбіл муай-тайдан «А» сыныпты әлем чемпионаттарына қатысады, ал онда тек әлем чемпиондары ғана сайысады.
Талантты жастар да өсіп келеді. Мысалы, әлем чемпиондары Әлішер Мұхтаров пен Еламан Саясатов, сондай-ақ, қола жүлдегер Абылай Құралбаев.
-Атыраулық муай-тайда доссорлық жігіттер басымдық алып тұрғанын қалай түсіндіресіз?
-Ешқандай бөліну жоқ. Бәріміз де атыраулықпыз. Ағайынды Ғалиевтер барлық жаттығу жиындарын Атырауда өткізеді. Иә, олардың алғашқы жаттықтырушылары - әкесі Мейрам Ғалиев пен ағасы Ислам. Олар бес ағайынды, бәрі муай-таймен айналысады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды