Атырау, 23 қараша 09:40
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұлы Соғыс күнделігі

6 327 просмотра

 tengrinews.kz Фотосурет: tengrinews.kz...Ол қашанда тырсылдап тұратын. Абажадай, әбден ескірген «Ундервуд» жазу машинасы маңыздылығы жағынан соғыс қаруына тең еді. Ол полк немесе дивизия штабы қай жерде орналаспасын, барлық жерде басылып жататын. Үздіксіз жұмыс жасап, соғыс даласындағы оқиғаларды, марапатқа лайықты жауынгерлердің ерлігін тіркеп отыратын...

Жан-жағында тескішпен тесілген төрт дөңгелек тесігі бар сарғыш жұқа қағаздар белгілі атыраулық іздеуші Талғат ІЛИЯСОВТЫҢ мұрағатында мыңдап саналады. Әскери басшыларының марапат қағаздарына сиямен шиыра қойған қолдары уақыт өте күңгірттенген. Бұл құжаттарда Қазақ ССР Гурьев облысынан Отан қорғауға аттанған жерлестеріміздің жасаған ерліктері қысқаша жазылған. Бірі - танкіші,бірі – ұшқыш, барлаушылар, саперлер, байланысшылар, санитарлар...

Аты-жөні, әкесінің аты, әскери атағы, лауазымы мен әскери бөлімі, партияға мүшелігі, жарақаты бар ма, жоқ па – барлығы марапат бетшесінде жазылған. Марапаттау құжаттарының тілі қарапайым әрі анық. Оларды оқып отырып, жарылған снарядтар үнін, жаралылардың жан айқайы мен ыңырсуларын естіп тұрғандай боласың...

 

ҚОЛ БАСТАҒАН АБРАМ

Гурьевте туып-өскен, 38 жастағы Абрам Герикович ШМАИН 1943 жылғы 18 қаңтарда Ростов облысы Николаевск ауданындағы колхоз егін алқабының маңындағы ұрысқа қатысқан. Сол жерде кескілескен айқас жүріп жатты. Сол уақытта Абрам Герикович полк штабы арнайы тобының жетекшісі лауазымында қызмет атқарған. Сол кездегі белгісіз хатшы 72 жылдан кейін мұны мен оқып, түкке түсінбейтінімді білгендей, қысқаша баяндап кеткен екен: «...полк әскери тапсырма алғаннан кейін, оны бөлімшелерге жеткізу Шмаин жолдасқа тапсырылатын. Ол батальондар мен роталарға барып, берілген әскери тапсырманы орындауды өзі ұйымдастыратын...».

...43-тің қаңтары. Полктің екі батальоны жау танкілерінің қоршауында қалды. Үрей, дүрбелең, ысқырған оқтар, «...әскери күштер сескеніп қалды, - кенет уақыт пен кеңістік арасынан хатшының жанды дауысы естіліп, төрешілдік нормалар мен ережелерді ысырып тастап, немістерді «фриц» деп атап, жазуын жалғастыра берді, - жолдас Шмаин жауынгерлер мен командирлерді жігерлендіріп, әскери күштерді қалпына келтірді. Бөлімшелердің көптеген командирлері қатардан шығып қалғандықтан, ұрыс басшылығын өз қолына алды...».

Қатардан шығу – қаза болу, жаралану. Батальонда, әскер түріне байланысты, 250-ден 950-ге дейін адам болады. Ажалмен арпалыс кезінде сескеніп қалған жауынгерлердің әскери рухын көтеруге лейтенанттың қаншалықты тер төккенін өзіңіз байыптай беріңіз.

«...жолдас Шмаин өзінің шебер басшылығының арқасында танктер қоршауынан полк бөлімшелерінің бір бөлігін алып шықты. Осы айқас кезінде штаб бастығы капитан Матусов, байланыс ротасының командирі аға лейтенант Гинзбург ауыр жарақаттанды. Шмаин оқ бораған айқас алаңынан жеке өзі жеті жаралы адамды шығарып, өзі де басынан жарақат алды. Өз жарақатына көңіл аудармастан, жау оғының астында бөлімшенің төрт телефон желісін қалпына келтірді (телефоншылар қатардан шыққан еді)».

Сол құжатта хатшы Ростов облысының басқа аудандарында болған келесі айқас туралы да жазып кеткен. Ол айқаста Шмаин тоғыз немісті өлтірген. «Бұл айқаста жолдас Шмаинді үсік шалған: өйткені, қоршаудан тек жер бауырлап шығуға болатын еді. Осылайша, ол және оның жауынгерлері 1,5 шақырым қашықтықты жүріп өтті». Құжат осылай аяқталады.

 

ТАПҚЫР ҚЫЗЫЛ ӘСКЕР

91 жастағы көптеген орденнің иегері Александр Иванович ПОГАДАЕВ, құдайға шүкір, қазір тірі. Марапаттау қағазында оның ерлігі құрғақ та қысқа жазылған екен, сондықтан да істің қалай болғаны туралы өзі баяндап берді:

- Біз немістердің әскери бөлімін талқандадық. Жау ротасының жартысы жойылып, жартысы орман ішіне тығылып қашты. Біз неміс ротасын азық-түлікпен қамтамасыз ететін қойма орналасқан шағын елді мекенге орналастық. Шынымды айтайын, тамақтан айырылу кім-кімге де оңай емес.

Түнгі сағат үштерде немістер тамақтарын қайтарып алу үшін тұтқиылдан шабуыл жасады. Кезекшілерімізді байқатпай өлтірген екен, сондықтан да біз абдырап қалдық. Қайдан пайда болғаны белгісіз, оларға 76 миллиметрлік зеңбіректер де көмекке келді. Кескілескен ұрыс басталып кетті. Бізді тықсырып бара жатыр, сол кезде ойыма жақын маңда тұрған қырықбестік (ең шағын, 45 миллиметрлік зеңбіректі жауынгерлер осылай атайтын, ол тікелей көздеп атуға ыңғайлы еді) түсті. Рота командирі идеямды құптап, зеңбіректі ұрысқа қосты, ал мен снаряд әкеліп, оқтап тұрдым. Жау тойтарылды. Осы айқас үшін маған орден берді.

«Жолдас Погадаевтың арқасында батарея оғымен төрт пулемет нүктесінің үні өшіп, үш жау зеңбірегі жойылды», - деп хатшы марапаттау қағазындағы жазбасын аяқтаған. Погадаев бұл туралы ештеңе айтпайды.

 

БЕЛГІСІЗ ЖАУЫНГЕРДІ ЕСКЕ АЛУ

Жалпы, мен білетін, мен сұхбаттасу бақытына ие болған көптеген майдангерлер мақтана бермейді. Міне, 18 жасында соғысқа тап болған майдангер Александр СМЫСЛОВ өз ерліктерін қысқаша ғана айта салып, тіпті, атын да білмейтін жауынгер туралы айтудан жалықпайды:

Бұл 1943 жылдың қазанында болды. Жауынгерлер кейде қолдарындағы «Молотов коктейлін» танкке лақтырып та үлгере алмай қалатын: егер бөтелкеге оқ тисе, ол қолда тұрып жарылатын. Сонда жанармайға былғанған адамдар тірілей отқа оранып, жанып кететін.

...Үстінен гитлерлік танкті өткізген солдат окоптан тұтанған бөтелкесімен секіріп шықты. Жанып жатқан өрт тамшысы аяғына түсіп, жоғарыға қарай лаулады. Күйіп жатқан денесіне қарамастан, батыр танктің артынан жүгіріп, үстіне шығып, отқа оранған күйі бөтелкені брон үстіне жарды. Танк өртеніп, біраздан соң тоқтады. Одан секіріп түскен танкішілерді басқа солдаттар атып тастады. Менен соғыс туралы сұрағанда үнемі сол жауынгер туралы айтамын.

Смысловтың өзіне келетін болсақ, оның марапаттау бетшесінде былай жазылған: «...батальон штабына жақын жерде танк пулеметі бар немістерді көріп, оларды танкке қарсы гранатамен жойған. Мелитополь қаласы маңында қорғану айқасында неміс танкілерінің шабуылына тойтарыс беріп, екі неміс танкісін жойған. Ал, қарамағындағы жауынгерлер қатардан шыққан сәтте өзі танкіге қарсы қарудан оқ атып, тағы екі танкіні құртқан».

 

СОҢҒЫ АЙҚАС

 Фотосурет: tengrinews.kz Фотосурет: tengrinews.kzГурьев әскери комиссариатынан майданға жіберілген взвод командирі Меңғали ТАҢАТАРОВ Қызыл ту орденімен марапатталды.

«1941 жылғы 1-4 желтоқсан аралығында Мәскеу облысында герман басқыншыларымен айқаста Таңатаров өзін нағыз батыр ретінде көрсете білді, - деп хатшы мақтауын жасырар емес, онысы да дұрыс болды. – Станокты пулеметтің нысаналаушысы қатардан шығып, фашистер пулеметтің жан-жағынан ағыла бастады. Взвод командирінің қызметін атқарушы коммунист Таңатаров пулеметке өзі жатып, үш жағынан келген немістерді жер жастандырды, - осы жерде марапат толтырып отырған адам тағы да ережеден тайқып, сезімге жол берді: - Жолдас Таңатаров саспады. Оның кеудесінде қайсар жүрегі соғып тұр еді».

Оқып отырып, осындай адамға жаныңмен жақындай түсесің. Оның өмірбаянындағы қысқа, құрғақ мәліметтер ол туралы аз ақпарат береді. Мен оның «туған жылы» жолына жазылған деректен 36-да болғанын ғана білемін.

Меңғалиға әрі қарай не болды? Соғыс соңына дейін жетті ме, соғыстан кейін өмір сүрді ме, қайда және кім болып жұмыс жасады? «Отан соғысында жарақат алған ба?» жолына әдеттегідей көз жүгірткенімде «қаза болды» деген жазу маңдайымнан соққандай болды. Қайғылы оқиға 3 желтоқсанда болған екен.

 

ГУРЬЕВТЕН КЕЛГЕН БАТЫР

Барлаушы-қызыл әскер Андрей ТУНОВТЫҢ марапат қағазын оқып отырып, сол кездегі Гурьев жерінде нағыз Рембо өмір сүрген деген еріксіз ойға қаласың, алайда Андрей Васильевич одан мың есе артық, өйткені, барлығы шынайы өмірде болған еді. Оның марапат қағазындағы жазбаны қысқарту мүмкін емес, сондықтан да толықтай беремін: «1945 жылғы 14 қаңтарда Пултуск қаласы маңындағы болған айқаста қызыл әскер Тунов бір топ барлаушымен күзетшіні өлтіріп, жау тылына өтті. Батареяны жарып, жау әскерінің орналасуы туралы құжаттарды қолға түсіріп, аман-есен кері оралды.

Дирашау қаласы мен Липпиакен қаласының түбінде болған айқастарда 1945 жылғы 8 наурызда ол үш барлаушымен бірге жау тылына кіріп, үш немісті тұтқынға алып келе жатқанда тосқауылға тап болады. Тайсалмай жауға ұрыс сала отырып, жеке өзі үш гитлершілді өлтірді. Аяғы жараланса да, алдыңғы шептен өтіп, тұтқындарды штабқа тапсырды. Ал, олар кейін бағалы мәліметтер берді.

Данциг қаласы түбіндегі айқас-та барлаушы Тунов алты тұтқын ұстау операциясына қатысты. 21 наурызда үш барлаушымен Гросс-Иставу елді мекеніне кіріп, деревня шетіне бекініс тігіп, бес тұтқын ұстады және жаудың үш шабуылына төтеп беріп, бекіністерін атқыштар бөлімшесі келгенше ұстап тұрды.

29 наурызда Данциг қаласында үш барлаушымен өзектен өтетін көпірге бекініс тігіп, жаудың оны жаруына мүмкіндік бермеді. Осы ерлігімен ол корпус бөлімдерінің қозғалысын қамтамасыз етіп, Бюргервизен ірі елді мекенін алуға мүмкіндік жасады. Тунов бұл операция кезінде 28 тұтқын ұстады.

2 сәуірде бес барлаушымен Нойердорф платформасына кіріп барып, жаудың басым күшімен айқасқа түсті. Содан кейін жауды шегіндіруге мәжбүрлеп, екі зеңбі-рек пен 25 адамды қолға түсірді. Қоян-қолтық ұрыста жеке өзі 6 неміс солдатын жайратып, жараланса да, айқасты жалғастырып, жолдастарын тастамады».

Гурьев батырының марапаттау қағазында ол екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталып, Кеңес Одағының батыры атағы берілді деп жазылған. Сол уақытта ол небары 20 жаста еді.

 

ЕШКІМ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Фотосурет: allelets.ruФотосурет: allelets.ruОсы жұқарған марапат қағаздарын оқи отырып, кейбір қағаздардың сияланып, қолмен толтырылғанын байқадым. Баспаханадан шыққан марапат бетшелері жетіспегендіктен, полк штабында «қолдан жасалған» бетшелер дайындалды. Бір пұшпақ тор көз қағазға жазылған 254-атқыштар дивизиясының политрук орынбасары мақаттық Бақтығұл ІНТИГЕНОВТЫҢ ерлігі туралы оқып отырмын. Ол екі жаралы жауынгердің өмірін қорғап қалған. Негізгі құрамнан ажырап қалып, қоршауда қалған қызыл әскер екеуін аяғынан тұрғызады. Олар өздеріне келіп, тәуір болғанша, жорыққа шығып, немістерді өлтірген. Сондай жорықтарының бірінде ол бірден екі жау әскерін жер жастандырған.

Ал, байланыс батальонында қызмет ететін телефоншы қызыл әскер Байжан ОРАЗҒАЛИЕВ снаряд жарылғанда контузия алып, топыраққа көміліп қалады. Есін жиғаннан кейін желінің үзілген жерін жалғап, байланысты қалпына келтіреді. Мұны қалай жасағанын елестеу де қиын. Алайда 26 жастағы Байжан бұл ерлікті жасап, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қаза болғаннан кейін.

Ал, келесі марапат қағазы арнау тәрізді. Ол гурьевтік майор Дмитрий КАДЕЕВКЕ арналған.

Менің көз алдыма арықша келген балаң жас хатшы жігіт көзілдірігін түзеп қойып, жазып жатқандай көрінеді:

«...Жау оғының астында жеке құрамға ыстық тамақ жеткізді, сол сәтте оның міндеттеріне кірмесе де, оқ-дәрімен қамтамасыз етті. Бұл ұрыста жау кері шегініп, көптеген жауынгерлерін ұрыс даласына тастап кетті...».

Ал тағы бір жерлесіміз, 312-атқыштар дивизиясы 859-артполктің зеңбірек нысанашысы, 30 жастағы Николай СВЕЧНИКОВ жаяу әскердегі өз жолдастарына қоршаудан шығуға көмектесіп, жауды жеңгенше зеңбірегін тастамады.

Аға сержант Иван МАЗИЛОВ жауға білдіртпей, телефон байланыс желісін тауып алып, жойып жіберді. Бұл жауды жеңуге көп көмегін тигізді.

Снайпер Құсайын НАУРЫЗБЕКОВ мамыр айында (өр суы келіп жатқан кез!) Ока өзенін жүзіп өтіп, жау тылына кіріп, маңызды мәліметтер жеткізді. Ол осы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Мақат ауданынан шыққан санитар Мырзағали КИЛЕБАЕВ ұрыс даласынан 29 ауыр жаралы жауынгерді қару-жарақтарымен бірге алып шыққан. Ал кейін тағы бір ұрыс барысында өзі аяғын жарақаттайды. Алайда ол жаралы жауынгерді далаға тастамай, медициналық бекетке жеткізді.

...Міне, әскери командирлер марапат қағаздарын осылай баяндады, жазды, қолдарын қойды. Осы бір сары ала қағаз Мәскеуге жеткізіліп, үлкен бастықтардың қолынан өтетін. Көбіне батырлардың ажалынан кейін...

Анастасия ПАСТУХОВА

12 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.