Фото: Kapital.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Партияның кезекті съезінің жұмысына 2000-ға жуық адам қатысуда. Олардың ішінде - өңірлік конференцияда сайланған 1200-ден астам делегат, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Тұңғыш рет съезге 20 пайызға жуық делегат - бастауыш партиялық ұйымдардан келіп отыр.
Съезде «Нұр Отан» партиясының атынан ҚР Президенттігіне үміткерді ұсынатын болады. Сонымен қатар Партияның саяси кеңесі мен Орталық бақылау-ревизиялық комиссиясының есептік мерзімдегі жұмысының қорытындысы шығарылып, Партия саяси кеңесі мен Орталық бақылау-ревизиялық комиссиясы мүшелері сайланады.
Съезд барысында ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, партияның Саяси бюросының мүшесі Анатолий Башмаков, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков сөз сөйлейді деп күтілуде.
Дереккөз: inform.kz