Орталық сайлау комиссиясының 10 наурыздағы мәліметінше, әзірге екі кандидат қана Қазақстан Конституциясының талаптарына сәйкес деп танылды. Лимана Қойшиева мен Тұрғын Сыздықов мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырып, қол жинауға мүмкіндік алды.
Кеше емтихан тапсырған тағы бір үміткер, өзін-өзі ұсынушы Ержан Серғазиннің қазақшасы лингвистикалық комиссияның көңілінен шықпады.
«Ержан Серғазин «Конституция – тұрақты даму кепілі» атты тақырыптағы бірінші жазба жұмысының басында тарихи деректерді келтіріп, жақсы жазған. Бірақ, конституцияның тұрақты даму кепілі ретінде тақырыпты аша алмаған. Оның үстіне, шығармада 24 қате кетті (6 емле, 13 тыныс белгісі, 5 стильдік қате)», - деді комиссия төрағасы М.Жолдасбеков.
Ол сонымен қатар, үшінші сұрақ ретінде «Қазақ өнерінің бел-белестері» тақырыбында сөз сөйлеген Ержан Серғазиннің ойы шашырап, емтиханды ойдағыдай тапсыра алмағанын жеткізді.
Ал Президенттікке үміткер Қайрат Майышев емтиханға келмей қойды.
Айта кетейік, Президенттікке үміткер кандидаттарға ұсынылатын шығармалардың тақырыбын Орталық сайлау комиссиясы емес, лингвистикалық комиссия құрастырады. Бұл туралы кеше ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.
«Орталық сайлау комиссияның мемлекеттік тілді меңгеру туралы емтиханға және шығарманың тақырыбына ешқандай қатысы жоқ. Бұл түгелдей лингвистикалық комиссияның құзырындағы жұмыс. Осы ретте атап өткім келетіні, лингвистикалық комиссияның құрамында беделді, мықты ғалымдар отыр. Міне, сол кісілер емтиханның формасы мен шығарма тақырыбын таңдайды», - дейді Т.Охлопкова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің аккредитациясынан өткен 98 шетелдік БАҚ елімізде 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін Президенттік сайлау туралы жаза алады.
ОСК хабарлағандай, қол қою парақтарының растығын тексеру мерзімі қысқартылды. Аумақтық сайлау комиссияларының кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығын тексеру мерзімі енді он күнтізбелік күннен бес күнтізбелік күнге қысқартылмақ.
Дереккөз: bnews.kz