Атырау, 27 желтоқсан 07:56
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Сап-сау адамдар туберкулезден емделген

4 045 просмотра

Туберкулезге қарсы күресуші дәрігерлер ауруханаларға сау адамдарды жатқызған, ал оларды жүйке аурулары диспансері мен наркологиялық есепте тұрған дәрігерлер емдейді. Бұл Тарантиноның сценарийінен алынған цитата емес, облыстағы медициналық мекемелерді прокурорлық тексеру қорытындысынан алынған үзінділер.

Облыстық прокуратура облыстық денсаулық сақтау басқармасының туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінде халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заңнаманың сақталуы мәселесі бойынша кезекті жоспарлы тексеру жүргізді. Атырау облыстық прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі басқармасының таратқан баспасөз релизінен үзінді: «...тиісті білікті медициналық көмек көрсетілмейді,  осылайша ауыр науқастар саны артып, олардың тез арада сауығу ықтималдығы азаяды... Бұдан басқа, тексеру барысында диспансерде наркологиялық және психикалық-жүйке жүйелері диспансерлерінде есепте тұрған дәрігерлер (1 дәрігер, 1 медбике) жұмыс жасайтындығы туралы фактілер анықталған.

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерін тексеру кезінде санитарлық ережелер мен нормалардың қолданыстағы ережелерінде көрсетілген санитарлық нормалар бұзылған өрескел фактілер анықталды. Мәселен, науқастар тамақтанатын асхананы тексеру кезінде екі ыдыстан зертхана мамандары ішек таяқшасын тапқан. Бұдан басқа, азық-түліктер сақталатын, сондай-ақ тамақ дайындалатын орынжайдың жағдайы өте-мөте антисанитарлық күйде деп бағаланған. Ауруханадағы азық-түліктердің сапа сертификаттары жоқ немесе олардың жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен».

Біздің әрбіреуіміздің аурухана тамағының сапасы мен мөлшері жөнінен хабарымыз бар. Тіпті кейбір емдеу мекемелерінің басшылықтары науқастардың тамағына бюджет бөлген қаржыны «игермеген». Өткен жылы пациенттерге қаржының жалпы сомасының 40 пайызына жуық ақшаға азық-түлік алынбаған. Науқастарды туысқандары тамақтандырмағанда олар аштықтан жүдеп қалар еді. Дегенмен де статистика бойынша өлім-жітімнен құтылу мүмкін болмапты: өткен жылдың наурызында 11 жастағы қыз баланы өлгенше «емдеу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тексеруге тәуелсіз сарапшылар – басқа облыстардың фтизиатрлары тартылған. Олар марқұмды емдеген дәрігерлердің кінәларын анықтаған.

Облыс пен қаланың туберкулезге қарсы күрес ауруханалары бірнеше айдан бері дені сау екі адамды «емдеп» жатқан кезде, туберкулездің қауіпті түрімен ауыратын жеті науқас мәжбүрлі емделу туралы сот қаулысын қолдарына ұстап, емін-еркін сайран салып жүріпті. Кейбірі медицина мекемесінің қабырғасында жүріп-ақ, үйреншікті өмір салттарын сақтап қалған. Мәселен, облыстық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының тұрғындары арақ ішіп, мас болып, бір-бірін пышақпен жаралаған.

Индердегі туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігерінің, сондай-ақ, екі дәрігердің санитарлық кітапшалары жоқ.

Туберкулезге қарсы күрес диспансерінде дабыл жүйесі жоқ, ал гидранттар істен шыққан.

Бюджет есебінен алынған есептемелер бойынша дәрі-дәрмектер науқастарға берілген, ал іс жүзінде оларды науқастар тіпті көрмеген де. Есеп бойынша олар емделіп жатыр. Сонда қалай?!

Лицензиясыз жұмыстар, жалған есептемелер, жоспарланған шаралардың орындалмауы, бірнеше жылдан бері қажет болған арнайы жабдықты сатып алмау секілді жайттар жоғарыда аталған фактілердің жанында түк те емес.

Аталмыш заң бұзушылықтар мен прокурорлық әрекет ету актілерінің нәтижелері бойынша бүгінгі күні 8 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде туберкулезге қарсы күрес ауруханасының бас дәрігері бар. Сотқа жекелеген ғимараттардың қызметін тоқтату туралы 2 талап арыз жолданды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

8 қыркүйек 2011, 02:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.