Атырау, 26 сәуір 07:19
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Салынған тыйым бензин бағасының көтерілуін тудыруы мүмкін

3 204 просмотра

5 наурыздан бастап Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға тыйым енгізді. Қазақстан отын қауымдастығы бұл елімізде отын тапшылығы мен бағаның шарықтауына әкеледі деп есептейді.

ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанға РФ-дан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін жеткізуге уақытша салынған тыйымның себептерін түсіндірді:
"ҚР-ға РФ-нан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін жеткізуге уақытша тыйым салу (45 күнге) бірқатар себептерге байланысты енгізілді.
 Қазіргі таңда отандық мұнай өндіруші зауыттар аяқталуы 2016 жылға жоспарланған модернизациялау кезеңінде тұр. Сол уақытқа жеткенше ҚР ішкі нарығында Ресей Федерациясынан жеткізілетін отынның импорт көлемі есебінен толықтырылып тұртын жоғары октанды бензиннің және дизель отынының тапшылығы байқалады. РФ-дан импортталатын жетіспейтін отын көлемі бойынша қарым-қатынас Қазақстан және Ресей арасындағы Индикативті баланс негізінде реттеледі.
Ағымдағы жылы Индикативті баланс ережесіне сәйкес Қазақстанның ішкі нарығына жетіспейтін отын көлемін толықтыру үшін Ресейден импортталатын автокөлік бензинінің көлемі 1 млн 100 мың тоннаны, ал дизель отыны 520 мың тоннаны құрайды. Аталмыш отын көлемін Ресейден Қазақстанға жыл сайынғы елімізде отынды пайдалану жорамалы бойынша ай сайынғы мерзімге жоспарланған.
2015 жылдың қаңтар және ақпан айларында ҚР-ға бекітілген жоспардан тыс 150 мың тонна бензин әкелінді. Қазіргі таңда ҚР мұнай базаларындағы резервуарларда 467 мың тонна бензин, 462 мың тонна дизель отыны жинақталған. Осы себептерден отандық мұнай өндіруші зауыттарының қоймалары дайын өніммен толып қалу жағдайы орын алды, бұл олардың өндірістік қызметіне кері әсерін тигзіп, өндірістің көлемін қысқартуға алып келу ықтималдығы бар. Ал ең жағымсыз көрініс, ол – 2015 жылдың 1 тоқсанында қызметтің толық тоқтап қалу мүмкіндігі болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері Ресейдің мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдерімен Қазақстанға ресейлік мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін жеткізуге біржақты уақытша тыйым салу жөніндегі келіссөздер жүргізді. Ресейлік тарап Қазақстанның энергетиктерінің бастамасына түсіністікпен қарады.
Нәтижесінде, Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен жоспарға сәйкес, тоқтаусыз, тапшылықсыз қамтамасыз ету үшін 2015 жылдың 5 наурызынан 45 күндік мерзімге ҚР-ға РФ-дан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін жеткізуге уақытша тыйым салынды.
ҚР-ға РФ-дан мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін жеткізуге уақытша тыйым салынуы мемлекетпен реттелетін мұнай өнімдерінің кейбір түрлері болып табылатын Аи-92, Аи-80 маркалы бензиндердің және дизель отынының бағаларына әсер етпейді".
Ал Қазақстан отын қауымдастығы осы тыйымға қарсы наразылық білдірі.
– Сіздерге белгілі болғандай, мұнай өнімдерінің 40 пайызы Ресейден импортталады, - дейді Қазақстан отын қауымдастығының заңгері Жақсылық ЖАҢҚАЛОВ. - Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, импортты шектеу Қазақстандағы мұнай өнімдерінің тапшылығын тудырады. Әсіресе бұл 2014 жылдың маусымынан желтоқсанына дейінгі аралықта қатты сезілді. Алайда 2014 жылдың наурызынан бастап Қауымдастық импортты шектеу Қазақстан аумағындағы мұнай өнімдерінің аса тапшылығына әкелетінін әлденеше рет жазған еді...
Қазақстан отын қауымдастығы Ресейден мұнай өнімдерін әкелуге салынған тыйымға қатысты Үндеу әзірледі: "2013 жылы импортты шектеу кезінде «Петролеум Оперейтинг» ЖШС, "Petrosun" ЖШС және «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» АҚ атынан үш оператор тағайындалды.  Импортқа шектеу қою 2013 жылдың аяғына дейін қабылданды. Нәтижесінде мұнай өнімдерінің көтерме бағасы шамамен 17,5%-ға  жедел көтерілді.
ҚР Мұнай және газ министрлігі (әрі қарай - МГМ) аталмыш тыйымды 2013 жылдың қарашасында алып тастады. Өйткені аталмыш операторлар өздеріне жүктелген қызметті атқара алмай, мұнай өнімдерінің тапшылығы пайда болды. Күткеніміздей, 2014 жылдың сәуірінде МГМ РФ-нан мұнай өнімдерін импорттауға шектеу енгізіп, сол жағдай тек бір ғана айырмашылықпен қайталанды. Үш оператордың орнына «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» ЖШС атынан бір ғана оператор белгіленді.
2014 жылдың шілдесінен желтоқсанға дейінгі аралықта бүкіл елде «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» ЖШС өзіне жүктелген міндетті орындай алмағандықтан, мұнай өнімдерінің аса тапшылығы байқалды. «ҚазМұнайГаз-Өнімдері»  ЖШС мәліметтері бойынша операторлық салдарынан компания бірнеше миллиард теңгеге ірі шығынға ұшыраған.
Қауымдастық төмендегі себептер бойынша шектеу қоюдың мәнісі жоқ деп есептейді.
Біріншіден, шектеуді енгізудегі негізгі себеп мынада - қазақстандық мұнай өнімдерін өндірушілер ресейліктермен бәсекелестікке түсе алмады.  Алайда қазіргі уақытта сұраныстың артуына байланысты ресейлік мұнай өнімдерін жеткізушілер мұнай өнімдерінің қазақстандық бағаларына теңдескен мұнай өнімдерінің көтерме бағасын біртіндеп көтере бастады. Екіншіден, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша Аи-92 қоры 354 000 тонна құрайды. Наурызда 126 мың, сәуір айында 100 мың тонна (Шымкент МӨЗ-нің тоқтатылуына байланысты) көлемінде өндіру жоспарланған. Барлығы 580 мың тонна.
Ай айынғы сұраныс 260 мың тонна болғанда сәуірдің аяғында қалдық 60 мың тонна құрауы мүмкін.
Нарықта тұрақты ахуал болу үшін қалдық 250 мың тоннадан кем болмауы тиіс. Үшіншіден, сәуірде әкелуге қойылған шектеу алынып тасталғаннан кейін Ресей нарығында Қазақстан үшін еркін көлем болады. Сол кезде өткен жылғы ахуалдың қайталануы ықтимал.
Бұдан басқа, наурызда маусымдық ауыл шаруашылық жұмыстары басталады. Отандық және ресейлік МӨЗ-дер ең алдымен ауылға жөнелтеді. Бұл нарықта белгілі бір тапшылықты тудырады.
Бензин импортын шектеу туралы шешім қабылдаудың ықтимал салдары - мұнай өнімдерінің тапшылығы түріндегі жанар-жағармай нарығының тұрақсыздығы болуы мүмкін. Өйткені, қазақстандық нарықтың 40 пайызы импорттық жеткізілімге байланысты".
Атыраудағы жанар-жағармай құю бекеттерінің қожайындары да пессимистік көзқараста.
– Бізге жұмыс жасау тиімсіз болмақ, өйткені көтерме сауда бағасы көтерілетін болады, - дейді жергілікті жанармай құю бекетінің қожайындарының бірі. - Қазір олар резервуарларды аздап бос қалдырып, жасанды тапшылықты туындатады. Тиісінше, көтерме баға да өсетін болады. Сол кезде бізге айырмашылықты көтеруден басқа амал қалмайды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА

8 наурыз 2015, 20:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.