Атырау, 23 сәуір 13:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

ККЖ қарқынды азайтады

2 710 просмотра

Бір айға жуық уақыт бұрын ТШО-дағылар алдағы уақытта Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасында (ККЖ) жұмыс жасап жатқан мердігерлік құрылыс компанияларын қысқарту туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын. Алайда ақпанның аяғында қазақстандық компаниялар мен ТШО-ның бас мердігері KPJV LTD арасында жасалған келісімшарттар бойынша жұмыстардың бір бөлігі тоқтатылды.

KPJV LTD (КейПиДжейВи Лимитед) – бұл қазақстандық Қазақстан мұнай және газ институты (ҚМГИ) - 20%, «Казгипронефтетранс» (КГНТ) – 20% және шетелдік FWP Limited (Worley Parsons Limited мен Fluor Limited) альянсының (60%) біріккен кәсіпорны.
Біздің ақпаратымыз бойынша, жұмысшыларды қысқарту бұрынырақ KPJV-мен құрылыс жұмыстарын жасауға келісімшарт жасаған «Нефтестройсервис» (НСС) компаниясында басталды. НСС құрылтайшысы Ибрагим АКДРАШЕВТЫҢ айтуынша, ақпанның аяғында ТШО-дан жұмыстарды 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтату туралы хабарланған хат келген. Атап айтқанда, тоқтату жерасты құбырларын, теміржол тұйықтарын салу және т.б. жұмыстарға қатысты болған.

– Біз үшін бұл күтпеген хабарлама болды, - дейді бізге Акдрашев. - Жасалған келісімшартқа үміттеніп, біз өз қаржымызға жабдықтар, техника сатып алып, қолымыздағы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткіздік, адамдарды жұмылдырдық. Ал енді мынадай жағдай болып отыр. Біз 300 қызметкерге дейін босатуға мәжбүрміз, олардың арасында инженерлер де, біліктілігі жоқ жұмысшылар да бар. Мүмкіндігінше бір бөлігін бар орындарға жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Алайда, әрине, бүкіл қызметкерді қалдыра алмаймыз.
 
ТШО-ның капиталды жобаларының бас менеджері Карл БРЭННЕН (суретте), Атыраудағы жыл сайынғы «Казнефтегазсервис-2015» конференциясының барысында біздің ақпаратымызды растады:
– Иә, жоба шынымен де баяулап қалды, бірақ ол тоқтатылған жоқ. 2014 жылдың аяғына қарай біз 2015 жылға жоспарланған бірқатар ірі бағдарламалар бойынша әзірлік жұмыстарын жандандырдық. Алайда мұнай бағасының құлдырауы салдарынан біз ірі бағдарламаның бәрін бірдей қолдай алмаймыз. Кейбір мердігерлердің, шынымен де, жұмыстары тоқтатылды. Алайда үлкен лагерь салу секілді кейбір жобалар тіпті кеңейтілді. Қайталап айтамын, жоба тоқтатылған жоқ, тек басқаша қарқында жұмыс істеуде.
ҰҚБЖ/ККЖ нысандарының болашақ құрылысшыларына арналған вахталық поселкені салумен «Іскер» мен Bonatti компанияларының альянсы айналысатынын ескерсек, бәлкім, Бреннен «үлкен лагерь» деп ТШО қызметкерлеріне арналған қосымша тұрғын модуль -«Шаңырақ 6»-ны меңзеген болса керек.
Конференциядан тысқары кезде қазақстандық құрылыс компанияларының өкілдері осы үлкен нысанды салу бойынша бас мердігер ретінде ТШО-ның бұрыннан келе жатқан серіктесі – тамақтануды ұйымдастырумен, ғимаратты, транспортты пайдалануға берумен айналысатын сервистік «ЮСС Суппорт Сервисез» (Eurest Support Services) компаниясының таңдалғанына наразылық білдірді. Ал әлгілер, өз кезегінде, құрылыс мердігерлігін түріктің Treysan компаниясына берген. Компания сайтындағы «Жобалар» бөлімінен біз шынымен де ТШО үшін 8 мың адамға арналған жалпы алаңы 80 мың шаршы метр болатын тұрғын ғимарат – Теңіздегі бес блокты «Шаңырақтың» дәл көшірмесі салынатындығы туралы ақпаратты тауып алдық. Бейресми ақпарат бойынша, келісімшарт сомасы 100 млн доллардан асады.
Бір қызығы, алып ККЖ-ны жүзеге асыру үшін Теңізшевройл ұқсас атауы бар екі заңды тұлғаны құрды. Бұл Қазақстанда жұмыс жасау үшін Атырауда Флер мен Уорли Парсонс кеңселерінде және Алматыда "Риксос" мейманхасында орналасқан жоғарыда аталған KPJV Ltd, сонымен қатар Kazakh Projects Joint Venture Limited (PJV). Бұл компаниялардың тек екі шетелдік акционері бар: акцияның тең үлесі бар Fluor және WorleyParsons. Біздің дереккөздеріміздің ақпараты бойынша, PJV Қазақстаннан тысқары жобалардың жұмыстарына басшылық етеді және Фарнборо (Ұлыбритания), Нью-Дели (Үндістан) мен Хьюстон (АҚШ) кеңселерінде орналасқан. Ол жерге, сол дереккөздердің айтуынша, ККЖ бюджетінің 70 пайызына дейін кетеді. Оның жалпы көлемі, соңғы мәліметтер бойынша, 38,8 млрд долларды құрайды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор

6 наурыз 2015, 21:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.