Атырау, 6 қазан 11:57
 ашықВ Атырау +24
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

“Мәдениеттен жұрдай” ауылдар

5 202 просмотра

Қызылқоға және Жылыой аудандарындағы ауылдарда ел демалатын орын жоқ.  Ауыл халқы  бос уақытын қайда  қалай өткізерін білмей сенделіп жүр.

ЖЫЛЫОЙ

Мұнайлы өлке мәдениет ошақтарынан жұрдай деген түрпідей естілгенімен, шындығы осы. Жетпіс мың халық тұратын ауданда ауызға ілігер екі ғана мәдениет үйі бар, ол да Құлсары қаласының өзінде. Оның бірі бұдан бірер жыл бұрын пайдалануға берілген. Бұған дейін бүкіл аудан бір мәдениет ошағына телміріп келгенін жылыойлықтар ұмытпайды. Ал ауданға қарасты бес ауылда мәдениет ошағы атымен жоқ. Ақкиізтоғай, Майкөмген, Қара Арна, Жаңа Қаратон, Жем селолық округінде мәдениет үйлері кезінде жекеге сатылып кеткен. Оларды билік әлі күнге қайтара алмай келеді. Бес мыңға жуық халқы бар Жаңа Қаратон селосының іргесі қаланғанында мәдениет ошағы талап етілместен қалды. Аталған округтерде мәдениет қызметкерлері белгіленбеген. Ауылдың сәнін келтірер мәдени ошақтарынсыз қалғандар қиын қалді бастан кешіруде, әсіресе жастар көше сенделіп қайда барарға білмей тентіреп жүр. Жастар кештерін әрқалай өткізуде, бұрыш-бұрышта жиналып арақ ішу әдетке айналған. Мектептің акт залдары өздерінен ауыспауда. Ал аудандық мәдениет бөліміндегілер арнайы бригадалар ауылдарды аралап, шаралар өткізіп тұратынын алға тартқанымен, бұл қиындықтан шығады деген сөз емес. Құлсары қаласындағы орталық кітапхана үйінің тозығы жеткен. Саман тастан салынған, қырық жыл өтілі бар кітапхананың күйі кеткенімен оған мән беріп жатқандар шамалы. Ал ауылдардағы кітапханалар округ кеңселерінің бір-бір бөлмесін еншілеп отыр. Амалсыздың күйін кешкен кітапханашылардың мұң, зары бастан асады.

- Ауылдықтар мереке күндерінде қайда барарға білмей, тентіреп жүргені. Ауданнан шыққан мәдени бригадалар көбінесе мектептің акт залдарын пайдаланады. Өзі шағын акт залына адам сыймай қысылып, қымтырып жатқаны. Қалай еткенде де ауылдарға мәдениет үйлері, клубтар қажет-ақ. Осы клубтар қашан салынады, осыған мұрындық болып жүргендер шамалы ғой, - дейді Ақкиізтоғай селосының қарттары.

- Бес округте мәдениет үйінің болмауы қосымша қиындық туғызып жүргені рас. Мектептің акт залдары үнемі бос бола бермейді.  Округтерге мәдени ошағын салу 2012-2013 жылдардың еншісінде қалуда. Бірақ бұл да нақты деуге болмайды. Бұдан бұрын бірнеше рет индикативтік жоспардан сызылып қалып отырған бұл жоба жуықта іске асады деу бекер болар, - дейді аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Нұрбай СЕМБАЕВ.

ҚЫЗЫЛҚОҒА

Аталмыш ауданда да жағдай келісіп тұрғаны шамалы. Қарабау селосындағы 300 орындық мәдениет үйіне қара құлып салынғанына бірнеше жыл болды. Иесіздік қамытын киген мәдени ошағы көрер көзге жетімсіреп тұр. Төбесінен су ағып, қабырғаларының сылақтары түскендіктен мәдениет қызметкерлері басқа орынға көшкен. Ал мәдениет үйіне күрделі жөндеу сұралғанымен оған қаржы бөлінбей келеді. Егер осылай иесіздік қамытын киіп тұрса типтік жобадағы мәдениет үйінің шаңырағы ортасынан түсетін күн алыс емес. Ауданға қарасты тоғыз округтегі бар мәдениет үйлері отыз, қырық жылдан бері күрделі жөндеу көрген емес. Жәй жөндеуге бөлінген азын аулақ қаржы басы мен аяғына жетпейді.

- Біз барынша күтіп ұстауға тырысып, жылма-жыл жәй жөндеу жұмысын жүргізіп келеміз. Бірақ мәдениет үйі әбден ескірді, едендер түсіп жатыр. Төбесінің әр жерінен жаңбырда су аққасын жамап-жасқаумен күн өткізудеміз. Адамдардың мәдени шараларға қатысы мен ынтасы зор. Бірақ күрделі жөндеу жүрмесе бұл ошақтан айрылып қалуымыз ғажап емес, - дейді Көздіғара селосындағы мәдениет қызметкер Қымбат ҚАРАБАЛИНА.(суретте).

Тасшағыл мен Мұқыр селосында мәдениет үйлері кезінде қирап қалғаннан кейін салынбаған.

 Мәдени ошақтарды күрделі жөндеуден өткізу, болмаса жаңасын салу жайын жоғарыға жеткізсек те сең қозғалар емес. Бұл салаға түпкілікті көңіл бөлмесе болмайды, клубтардың әбден тозығы жеткен. Мәдениет қызметкерлерінің күші оған жетпейді, ақылы негізден түсірілген азғантай қаржыға жәй жөндеу жүргізуден аса алмайды. Мәдени ошақтарын сақтап қалу үшін қомақты қаржылар керек, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

8 қыркүйек 2011, 21:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.