Атырау, 26 желтоқсан 13:41
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Шахтадан шатақ шықты

6 097 просмотра

ӨЙТКЕНІ ОНДА ЖАРЫЛҒЫШТАР БАР ЕКЕН

Бұл туралы "АЖ" газетінің 2010 жылғы 12 тамызындағы санында егжей-тегжейлі баяндаған болатынбыз. Дегенмен жергілікті билік баяғысынша жайбарақаттық танытып келеді. Тұз шахтасының қазіргі жағдайы адамдарға, экологияға зор қауіп төндіріп отыр. Өйткені жерасты тұз шахтасында детонатор мен аммонит жарылғыштарының ірі көлемде сақталып қалғаны анықталды. Оның үстіне шахта ішіне метан газ жиналған. Үрей ұшыратын бұл жайттың ертеңгі күні немен бітері де белгісіз...

БАЙЛЫҚ АЯҚ АСТЫНДА НЕМЕСЕ ОНЫҢ ПАЙДАСЫ

Біз өткен мақаламызда жер асты тұз шахтасының (тағы да ескертеміз, тұз көлі емес. Л. Қ.) тарихы турасында жазған болатынбыз, сондықтан оны қайталағымыз келіп отырған жоқ. Белгілісі шахтаның Кеңес Одағы кезінде орыстарды  да аса қызықтырып, оған мүдделілік танытқаны. Одақ ыдырамастан шахтаның басына зобалаң туды, оны игеріп, байлығын алуға қазақстандықтардың шамасы жетпеді. Одан кәсіпкерлердің қолдарына өтіп, күрделі жөнделуді керек етіп тұрған шахта қолды болып кетті. Күні бүгінде аудан прокуроры А. Өтебаховтың мәлімдеуінше тұз шахтасы облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінің балансысына көшкен. 2003 жылы Атырау облысының мұнай‑кешені, сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялық саясат басқармасы мен «Индер‑Салт» ЖШС арасында шахтаның ас тұзын өндіру бойынша жиырма жыл мерзімге жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы №8\2003 санды келісім  шарты жасақталады. Бірақ жұмысын жүйелі ұйымдастыра алмағандықтан және жер пайдаланушы тарапынан келісім шартта белгіленген міндеттемелерді орындамауына байланысты Табиғат табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінің 2007 жылы 12 желтоқсанда №247 санды бұйрығымен келісім шарт біржақты тәртіппен бұзылады. Бұдан кейін шахтаның байлығын игеру жөнінде ешкім қызығушылық танытпаған. Индербор поселкесінен 23 шақырым қашықтықта орналасқан, тереңдігі 300 метр болатын №99 тұз шахтасында шамамен 3 млрд. тонна борлы‑калий ас тұзы, бишофит бар көрінеді. Осыншама байлықтың жерастында қозғалыссыз жатуына кімді кінәлауға болады, инвесторларды тарта білмеген әкімдіктегілерді ме?! Шахтаның байлығы ала алмағанның өзінде медицина мамандары кен орнының демікпе (астма) ауруына бірден‑бір ем боларын дәлелдеген, тіпті оны көкөніс сақтайтын қоймаға да айналдыруға болатын еді. Тоналғанға дейін демікпемен сырқаттанған адамдар тек Қазақстан төңірегінен емес, Одақтың басқа республикасынан келіп, осы тұз шахтасына түскенін, емделегенін сол кездің жұмысшылары айтып отыр. Олар тіпті бірнеше реттен келген. Сырқатына дауа тауып, қуанып кеткендер де болыпты.  

ҚАУІП‑ҚАТЕР АЯҚ АСТЫНДА

Тамыз айында келіп кеткендегідей жүдеу көрініс тағы алдымыздан шықты. Шахта аяусыз тоналған күйінде. Бейнебір соғыс шарпып өткендей ме деп қаласың. Соңғы жылдары иесіздік қамытын киген шахтаның бар керегін тек индерліктер емес, Атырау қаласынан да келіп тасып әкеткен. Ғимараттарды бұзып тасып әкетуге кедейдің әлі келмейтіні рас, бұған дөкейлер қатысқан көрінеді. Тіпті авариялық басқышпен шахтаның түбіне дейін түсіп, кабельдерді, құрал‑жабдықтарды түсті металь ретінде ұрлаған. Бір ғажабы, шахтаның ұрлығы жөнінде аудандық ІІБ ешқандай мәлімет түспеген.  Шахтаға жақын жеке шаруасымен отырған малшымен сөйлескенімізде биылғы жазда әлділердің өзбек, қарақалпақтарды жалдап әкеліп кірпіштерді бұзып тасығанын айтты. Ашық талан‑таражға түскен шахта қорқыныш туғызатындай дәрежеге жеткен. Бұрынғы жерастына түсетін лифт тоналып кеткен, ал қосымша авариялық басқыштың орнында үңірейген апан қалыпты. Басқышты өртеп жіберіпті. Тас жіберіп едік, 300 метрдің біраз жеріне дейін дыбысы естіліп тұрды. Шахтаға түскен адам болсын, мал болсын тірі қалмайды. Тіпті оны жер бетіне шығару да мүмкін емес. Осындай ашық‑шашық жатқан үңгірдің аузын бітеу немесе айналасын қоршау ешкімнің қаперінде жоқ.

‑Мен бұдан бұрын да айттым ғой, жер асты шахтасына метан газ жиналып тұр деп. Әрі жарылғыштар қоймада қалды деп те естідім. Оның кейбірі қолды болып кеткен дегенді де естіп отырмын. Егер ол жарылғыштар есерсоқтардың қолына түссе не болмақ. Осыған құзырлы орындардың тым бейқамдық танытуы қалай? Ауданда шахта тоналып жатқанда көз жұмып отыра беруі қалай. Дұрысы жақсы инвестор тауып, шахтаны қалыпқа келтіру, болмаса оның үңгірін бетон құю арқылы бітеу керек. Егер алда‑жалда шахтаның үңірейген аузына тентектер от тастап жіберсе не болғаны. Онда құдай сақтасын, адам айтқысыз қопарылыс болады. Тұз шахтасы бес‑он метрге төмен түсіп кетуі ғажап емес. Онда жаңбыр сулары жер асты суларымен қосылып сол алапат үңгірге толмай ма. Тіпті ашық жатқан үңгір аузынан құйылған жаңбыр сулары шахтаның қуыс, тесігін толтырып, жерасты суымен ұштасып, шахтаның опырылып түсуі де ғажап емес қой. Бұл экологиялық апат орнайды деген сөз. Оның үстіне шахтаның ұзындығы бірнеше шақырым болғандықтан қопарылыста борат шығаратын екі карьер де кетпекші. Сондықтан бұған бей‑жай қарауға болмайды. Мен негізі академик М. Дияровпен де сөйлескенмін. Ол да алаңдаушылық танытуда,‑дейді академик, байырғы геолог Хасан ҚАМАШЕВ.

Негізі жарылғыштардың кейбіреулердің қолында жүргенін бір танысым да айтқан болатын. Үйіне жинап қойыпты. Сонда оның қауіптілігін білмеген бе?

ЖАРЫЛЫС ҚАУІПІ АЛЫС ЕМЕС...

Негізі екі‑үш айдан бері аудандық прокуратура да тұз шахтасының жайына алаңдаушылық білдіріп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Прокурор А. Өтебаховтың айтуынша жергілікті мамандарды қатыстыру арқылы мыналарды анықтаған. Мәселен, жергілікті тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен №99 кен орны шахтасын жою шараларын (консервация) жасамағаны анықталды.

‑Сонымен бірге №99 кен орны шахтасының қасында үйілген бірнеше мың тонна жер астынан шыққан құрамы әртүрлі болып келетін тұз үйінділері жаңбыр, қар суларымен еріп, тұзды су жерге сіңіп айналасындағы жерлерді ластап жатырғаны белгілі болды. Жерді пайдалану, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғаудың негізгі принциптері бұзылған. Бұдан басқа шахта елді мекенге жақын орналасқан және оның жұмыс жасап тұрған мезгілінен бастап ұдайы бөлініп тұратын метан газының бірнеше жылдар бойы қоры жинақталған. Қазіргі уақытта оттың көздерінен немесе қысымның нәтижесінде жарылып кету қаупін туғызып, яғни техногендік сипаттағы төтенше жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін,‑дейді Индер ауданы прокуроры Асқар ӨТЕБАХОВ.

Бұдан әрі Өтебахов жерасты шахтасының қоймасында 5620 кг аммонит, 5324 дана электродетанатор барлығын айтты.

‑Мен тұз шахтасында жұмыс жасадым. 2005 жылы тамыз айында бізді уақытша демалысқа жібергендей болып еді, бірақ қайта жұмысқа қоспады,‑дейді Зауреш САДИЕВА.‑Бірақ мен жұмыстан қысқартылмауым керек еді, себебі жарылғыш заттар сақталған қоймада қоймашы едім. Сол жылдары қоймада ірі көлемде жарылғыш заттар сақталып қалды. Қойманың темірден және ағаштан екі есігі болды. Оны бұзу түк емес, аммониттің салмағы екі жүз грамм болса, ал электродетанотр қаламұштай. Сол себептен оны алып шығу дым емес. Ең қауіптісі электродетанотр. Естіп отырмын шахта тоналды деп. Ал онда жұмыс жасағандар жарылғыштардың барлығын және оны қалай алу керектігін білетін.

Садиеваның қорқынышты әңгімесінен кейін білгеніміз аудандық прокурор А. Өтебаховтың мәлімдеуінше экологияға, облыс әкімшілігіне ұсыныстар дайындалып жіберілген. Егер жоғардағылар қозғаушы болмаса жергілікті билік бейхабар отыр. Ал 300 метр тереңдіктегі, 56 км ұзындықтағы тұз шахтасының басына зор қауіп төніп тұр. Тіпті индерліктер жарылыс сағатын күтіп отырғандай ма деп қаласың...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті түсірген автор

29 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.