Атырау, 28 желтоқсан 00:14
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Түркі саздары Өр Алтайды тербеді

7 497 просмотра

Тамыздың 26-сы мен 27-сі аралығында Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық өнер фестивалі өтті. Оған Атырау облысының атынан әйгілі күйші, республикалық байқаудың лауреаты Айгүл Батырқайырова (суретте) қатысып қайтқан болатын. Біз Айгүл Атырауға оралған бойда оның Өр Алтай сапарынан алған әсерлерімен бөліскен едік.  

ӨРЕЛ, БЕРЕЛ, ШЫҢҒЫСТАЙ

- Фестивальдің мақсаты - бауырлас түркі тілдес халықтардың, соның ішінде Азия елдерінің де өнерпаздарының өнерін, салты мен дәстүрін Алтай жұртына паш ету еді. Түркиядан, Тывадан, Әзірбайжаннан, Хакасиядан, Қырғыздан, Қарақалпақстаннан және басқа елдерден келген өнерпаздардың өнері жергілікті жұртты жақсы әсерге бөледі. Ал қонақтарға Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрі көрсетілді. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Қосанованың, жетісулық дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалиевтің, қызылордалық Алмас Алматовтың, қобызбен ән айтушы Қазбек Әдікеевтің, жетігенші Әйгерім бауырымыздың өнерлеріне туысқан елдерден келген қонақтар тамсана қол соқты. Шараны ұйымдастырған Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен мәдениет департаменті және «Ел» продюссерлік орталығы болатын. Сондай-ақ, Анкарадағы Турксойдың президенті Дүйсен Хасейнов те рухани қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылар бір жағынан Алтайдың ертегідей табиғатын көрсетуді мақсат етіпті. Концерт қойған жеріміз таудың арасында, Қатонқарағай ауданының Өрел және Берел деген табиғаты таңғажайып жерлерінде орналасқан. Берел - бергі ел, Өрел - өргі ел дегеннен шыққан екен. Біз бергі елден де әрі өтіп, Өрелде концерт қойдық. Өзі теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте тұрған жер екен. Сол жердегі бір тегістікке жол төселген, 20 шақты киіз үй тігілген. Жолда айтпақшы, Оралхан Бөкей ағамыз туған Шыңғыстай ауылын да көрдік.

ҚИ БАУЫРСАҚ ПЕН ШИ БАУЫРСАҚ

- Фестивальге қандай репертуармен бардың?

- Репертуарым батыс пен шығыс мектебін қатар қамтыды. Қазақстан бойынша Мұрат Әбуғазы деген шығыс қазақстандық жігіт екеуміз күй айтысқа шықтық. Ол Алтай өңірінің шертпе күйлерін орындады. Мен Құрманғазының «Төремұратынан» бастадым. Содан соң айтыстың ыңғайына қарай, Алтай мен батыстың күйлерін алмастырып, бірімізден біріміз іліп әкетіп отырдық. Жиырма шақты күйдің басын қайырдық. Мәселен, Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Сылқылдағы», Құрманғазының «Сарыарқасы», Нұрғисаның «Ата толғауын» да ойнадық. Көрермен көп болды. Өскемен, Зырян, Шыңғыстайдан да келді. Бірқатар киіз үйлерде сүндет той өтіп жатты. «Сабақты ине – сәтімен» дегендей, жуырда сүндетке отырған балалардың тойын осы фестивальге әдейі орайластырыпты.  Жәр-меңке де болды. Онда Алтайдың жергілікті сары балы, маралдың пантысына дейін тұрды. Әр елден келген бауырсақтың сегіз түрі болды. Есімде қалғаны қи бауырсақ пен ши бауырсақ қана. Құрт пен қымыздың да неше түрін татып көрдік. Ағаштан ойып жасаған домбыра мен қобыздың, қамшылардың бірнеше түрлері де  жәрмеңкеден орын алды.

ОРАЛХАННЫҢ «САЙТАН КӨПІРІ»

- Алтай табиғатынан алған әсерің қандай?

- Оны сөзбен жеткізе алмаймын. Автобуспен таудың үстіне қарай шыққан кезде шамамен жиырма метрдей биіктіктегі шыршалардың ең үшкір басынан да жоғары жерде келе жаттық. Төменге қарау сондай қорқынышты. Бірақ көрініс сондай сұлу. Таудың биігін айнала жүретін жол ирелеңдеп біресе төмен түседі, біресе  жоғары шығады. Жолдың екі жағы самырсын, балқарағай. Ақыры Қатонқарағайдың Нұр-бұлақ деген жеріне бардық. Сол жерде демалыс аймағы бар екен. Сонда қондық. Автобустан түскенімізде қап-қараңғы, түк көрінбеді. Жатарда шараны ұйымдастырып жүрген жергілікті қыздар: «Таңертең ұйқыдан тұрып табиғатты көргенде бұл жердің сұлулығына таңқалып құлап түсесіңдер» деді. Айтқандай-ақ, таңертең тұрғанда нағыз жердің жәннатына аяқ бастық.  Мына жағы аралардың омартасы, мына жағы айнала тау, әдемі қонақ үйлер. Одан автобусқа отырып әрі қарай кеттік. Рахман қайнарына дейін бардық. Оралханның әйгілі «Сайтан көпірін» де көрдік. «Сайтан көпірден» машина өте алмайды екен. Әрі қарай жаяу жүріп барып, әйгілі Алтын адам табылған қазба орнына жеттік. Жол бастаушымыз, әйгілі айтыс ақыны Абаш Кәкеновтің айтуынша, Алтын адамды қайыңның қабығына орап, таудың беткейіне көміпті. Он үш атын қоса көмген екен. Бәрін де қайыңның қабығымен орап, ішіне су толтырған. Бұл жерде күн сәл көрінеді екен де, таудың тасасына түсіп кетеді екен. Күн шыққанда су ериді де, күн кеткен соң қайтадан мұз болып қатып қалады. Сол себепті Алтын адам да, аттар да бұзылмаған. Тіпті аттардың сояр алдында жеген шөбі де осы күнге дейін тісінде сақталыпты.

АТ БОП КІСІНЕЙТІН ҚЫЗ

- Туысқан түркі елдерінен келген өнерпаздар өнерінен қандай ерекшелік байқадың?

- Ресейдің Алтай өлкесінен келген бір сыбызғышы кісінің (жоғардағы суретте) өнері қатты әсер етті. Сыбызғысын кәдімгі қурайдан жасаған. Ол кісінің мүлдем басқаша жасалған домбырасы да болды. Қарақалпақтан келген бір дәу жігіт қылқобызды тартып отырып, жіп-жіңішке дауыспен ән айтады екен. Қырғыздың қызы Айгерім де ойнақы әндерімен түрік жұртын дүр сілкіндірді. Ал Тывадан келген қыз аттың кісінеуі мен көкектің сұңқылын салып, тіптен қайран қалдырды. Өкінішке орай, оның есімін ұмытыппын. Қысқасы, түбі бір бауырларымызды көру, олардың мәдениетін тану адамды анадан қайта туғандай ғажап әсерге бөлейді екен. Сіздерге соны жеткізгім келген еді.

Қайтарда кербұғылар елін қимадық. Ең бір жақын адамдарыммен қоштасқандай мұңлы күй кештім.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

 

Алтай өлкесінің қазақтары осындай титулды киіз қалпақ киеді

1 қыркүйек 2011, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.