Атырау, 28 желтоқсан 00:01
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Батысқа қашанғы кіріптар боламыз?

2 982 просмотра

– Шетелдік фирмалардың барлығы дерлік: маман киімдерін, бұрандалы шегелерді, гайканы, тіпті азық-түліктерді де шеттен әкелетінін жақсы білеміз. Алайда мұның бәрін жергілікті нарықтан сатып алуға болады ғой,- деді облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ облыстық әкімдікте болған кеңесте.

Шетелдік және біріккен компанияларды қазақстандық қамту тақырыбында өткен кеңеске Астанадан келген меймандар - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қазақстандық қамтуды дамыту департаментінің директоры Серік КӘМЕЛІ, «NАDLoC» жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ның жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс, стратегиялық жоспарлау мен сараптау жөніндегі департаментінің директоры Ерлан ҚЫЛБАЕВ және «Ұлттық Инновациялық Қор» АҚ басқарушы директоры Бектас МҰҚАЖАНОВ қатысты.

С. Кәмелі өткен жылы 2010-2014 жылдардағы қазақстандық қамтуды дамыту жөнінде бағдарлама қабылданғанын еске салды. Мұнда жер қойнауын пайдалануға баса назар аударылған болатын. Ол түсінікті де: еліміздегі барлық өндіріс пен сервистік қызметтер тек шикізатты өндіруді ғана қолға алған. Осы салада ғана тауарларды, қызметтер мен жұмыс күштерін жеткізуге келісім жасалады.

Е.Қылбаевтың баяндамасынан белгілі болғандай, тек 2011 жылдың 1-ші жарты жылдығы ішінде Атырау облысының мұнай-газ секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар 2,69 трлн теңгеге (белгілеген өзім – Л.С.) тауарлар, жұмыс пен қызметтерді сатып алған. Осынау қомақты сомадағы қазақстандық тауарлардың үлесі бар болғаны 4,2 пайызды құрайды. Ескі әдіс бойынша есептеген және жер қойнауын пайдаланушылар өз есептерінде жергілікті қамту үлесін 80 пайызға дейін жеткізіп келген бұрынғы жылдардан айырмашылығы – бұл нақты цифр. Дегенмен, қағаз қыстырғышқа дейін бәрі де шеттен әкелінетін еді.

Б.Дәукенов атап өткендей, жаңа әдіс қазақстандық қамтуға қатысты ахуалды нақты бақылауға алуға мүмкіндік берсе де, ол пайдалану үшін күрделі тәсіл. Меймандар оны жеңілдетуді өтінді. Бұдан басқа, әкім орынбасарының айтуынша, шетелдік компаниялар тасымалдаушы ретінде шетел компаниясын таңдаса да, қазақстандық тауар жеткізілетін жағдайлар орын алған. Тағы бір проблема. Әрбір шетелдік компания бүгінде белгілі бір – еуропалық, қытайлық және т.б. стандарттарды талап етеді. Бұл жергілікті өндірушілер мен жеткізушілердің қосымша шығындалуына әкеп соғады. Кәсіпкерлер атынан әкімдік ҚР-да бірыңғай стандарт енгізуді өтінді.

С. Кәмелі елімізде отандық өндірісті көтеру жөнінде көп әңгімеледі. Атап айтқанда, Қазақстанда сервистік шетел фирмаларының біріккен кәсіпорындар құру мүмкіндігі туралы болды. Осылайша, шетелдік фирмалар жинақтаған тәжірибелерін жергілікті кадрларға үйретіп, отандық өндірістің дамуына қолдау көрсетпек. Бұл дәйекке Б.Дәукенов: «Шлюмберже» немесе «Бейкер-Хьюз» секілді компаниялар біздің мамандармен өз тәжірибелерін бөлісе қояды дегенге сене қоюым қиын», - деп күмән келтірді.

Ал бүгінгі күннің ахуалы мынадай. ҚР-дағы барлық ірі жобаларға – аналитикалық зерттеу, алдын ала жобалау жұмыстары, ТЭН және жұмысты жобалау кезеңдерінен бастап, техникалық сүйемелдеу мен пайдалануға қабылдауға дейін шетелдік компаниялар қызмет көрсетеді. Олар үшін бұл қомақты сома түсетін тиімді келісім-шарттар. Бұл компаниялардың Атыраудан жер сатып алып, қаланың ең керемет жерлерінен кеңселер салуы кездейсоқ емес. Олардың бұл жерге тұрақтау үшін ұзақ уақытқа келгені анық.

С.Кәмелінің айтуынша, сұранысқа ие тауар түрлерінің тізімі анықталған. Ол 110 млрд. теңгеден астам сомадағы 281 тауар. Осы тізімнің көп бөлігі елімізде шығарылады. Алайда сапасы мен түрі көңілге қона қоймайды. Индустрия министрлігі тиісті мемлекеттік қолдау көрсетуге уәде беріп, жергілікті өндірушілермен осы тізімге олардың анағұрлым белсенді қатысуы жөнінде келіссөздер жүргізуде. 22 позициядан тұратын жеке тізімде елімізде шығарылмайтын, жаңа технологияны талап ететін тауарлар бар. Бұл технологияны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы енгізбек.

Атыраулық кәсіпкерлер де сөз алды. Біріккен қазақстандық-американдық «Рауан-Налко» ЖШС кәсіпорнының бас директоры Сағидолла ҚАЗЕТОВ тендер кезінде ірі тапсырыс беруші «Аджип ККО» мен «NCPOC» компанияларында туындаған проблемалар жөнінде әңгімелеп берді. Директордың айтуынша, ЖШС Еуропалық қайта құру және даму банкінен (12 млн. доллар) қарыз алып, 6 мың тонна өнім сақтайтын қоймасы бар химиялық реагенттер шығаратын зауыт салған. Қазетовтің мәлімдеуінше, зауыттың Теңіз кеніші, Қарашығанақ пен Қашаған секілді ауқымды жобаларда химреагенттер қажеттілігін 50-ден 90 пайызға дейін жабуға күші жеткілікті. Алайда тендерді шетелдік өндірушілер ұтып алған. Ал Қазетовтің айтуынша, оның кәсіпорны ешкімнен кем емес көрінеді. Оның пікірінше, мұндай ауқымды жобаларда, басқа да тең жағдайларда отандық өндірушілерге артықшылық көрсеткен дұрыс.

100 пайыздық қытайлықтар қаржыландырған «Сазанқұрақ» ЖШС директоры Бақтыгерей ЖҰБАНОВ өзі басқарып отырған кәсіпорында жергілікті қамту туралы жаңа талаптарды орындау мүмкін еместігіне қынжылыс білдірді:

– Біздің күшіміздің бәрі дерлік шетелде жобаланған. Біз 80 пайыз батыстың технологиясына кіріптармыз. Маған дейін сөз алған жергілікті сервистік компанияның басшысы өздерінің кез келген техниканы жөндейтіндіктерін айтты. Біздің өндірісте пайдаланылатын француз сораптарын олардың жөндей алмайтындығына сенімдімін. Бұл әлемдік бренд өнімдері ғой. 

Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА күкірт тиелген вагондар үшін қалқаларды жеткізу жөніндегі ТШО-ның тендеріне бірнеше жыл қатарынан қатысып, жолдары болмай келе жатқанын айтты:

–  Өнімнің жолдаған үлгілерін бізге қайтармайды. Ал жақында тендерге қатысудан бас тарту үшін бізді көндіруге бір кісі келді. Егер біз ұтатын болсақ, бізде проблема болатынын айтты. Бұл осындай ірі компания үшін қолданатын тәсіл болғаны ма?

Кеңес соңында жергілікті «УС-99» және «СнабОйл» құрылыс компаниялары «Биостек» және «Казтурборемонт» өндіруші компанияларымен арадағы меморандумға қол қойды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

1 қыркүйек 2011, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.