ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин Қазақстанда бензин бағасының қайтадан төмендеуі мүмкін екенін жоққа шығармады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Егер мұнайдың бағасы тағы төмендейтін болса, әрине, бензин де арзандайды. Егер мұнайдың бағасы көтерілсе, бензиннің бағасын да көтеруге тура келеді", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистердің сурағына жауап беріп.
"Өздеріңізде білесіздер, соңғы 1-2 айда мұнай бағасының төмендеуіне байланысты біз бензиннің бағасын үш рет төмендеттік", - деді вице-министр.
Бұл айда Қазақстанда АИ-92 жанармайы 99 теңгеге дейін арзандады. "Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 20 шілдесінде шыққан "Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" Заңының 7-бабы 15-тармағына және 9-баптың 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік реттеу бағамы бекітілген мұнай өнімдеріне қосылған құн салығымен қоса есептегенде мынадай шекті бағаны белгілеуді бұйырамын: дизель отынының әр литрі - 99 теңге, АИ-80 әр литрі - 89 теңге, АИ-92/93 әр литрі - 99 теңге", - делінген Энергетика министрі Владимир Школьниктің бұйрығында.
Дереккөз: tengrinews.kz