Атырау, 26 желтоқсан 13:50
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Алтын шаңсорғыштан» қалай құтылуға болады?

4 911 просмотра

«Біздің үйге өзін бір сауда фирмасының өкілімін деп таныстырған жас жігіт келді. «Кирби» деген керемет шаңсорғышпен пәтеріміздегі кілем мен жұмсақ жиһаздың шаңын сорып, оның  қалай жұмыс істейтінін тегін көрсетуді  ұсынды. Әйелім келісе кетті.  Әлгі үш сағаттың ішінде біздің пәтеріміздің шаңын тазартып отырып,  агрегаттың керемет қасиетін мақтап жатты. Ал кейін бағасы 500 мың теңге тұратын бұл ғажапты сатып алуға көндіре бастады. Осылайша әйелім келісім-шартқа қол қойып, үйдегі 40 мың теңге ақшаны соған беріп жіберді. Қалған соманы кеңесші жарты жылда бөліп өтейтініміз туралы қағаз толтырды. Ол кеткен соң, әйелім үлкен ақымақтық жасағынын түсінді: «ғажап шаңсорғыш» дүкендердегі кәдімгі шаңсорғыштардан айырмашылығы аз.  Және әрине ол сондай қымбат тұрмайды .

Келесі күні осы компанияға жолығып, өз агрегатын алып кетіп, ақшамызды қайтаруын сұраған болатынбыз. Бірақ, жағдай біз ойлағандай болмады. Шаңсорғышты олар алып кетуге қарсы емес екен, ал төленген 40 мың теңгені қайтарудан бас тартып  отыр. Онымен қоймай, олар өз шаңсорғышын қайта алып кеткені үшін біз оларға 100 мың теңге тұрақсыздық төлемі ретінде өтеуіміз  тиіс екен - бұл тармақ келісім-шартта жазылған. Енді қайтпекпіз?».

Мұндай шағымдар редакцияға бірнеше рет түскен болатын. Біз осыған байланысты заңгер Жақсылық БҮРКІТОВКЕ сауал жолдадық. Ол қоғамдық таратушылар (сатушылар немесе агенттер) өз кәсіпкерлік қызметін ҚР-ның 2004 жылғы 12-сәуірдегі «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның және ҚР Үкіметі бекіткен 2005 жылғы 14-қыркүйектегі №918-ші қаулысының бөлшек сауда ережелерінің шеңберінен аспай заңды түрде жүзеге асырып отыр деп есептейді. Және бәрі де сатып алушылардың өздеріне байланысты: оларды тапаншаның аузын бастарына тақап тұрып, әділетсіз келісім-шартқа қол қоюға ешкім зорлап жатқан жоқ қой. Бұл жерде өте табанды сауда агенттеріне қатаң қарау керек.

Десек те, заңда өз ақшасын сот арқылы қайтарып алуды сауатты түрде жүргізуге болатын бірнеше тұстар бар.  

1. ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау» Заңының 10-бабының негізінде біз сатып алғалы жатқан тауар жайлы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқығымыз бар. Шаңсорғыш туралы бұрмаланған ақпарат алдыңыз ба, агрегат істен шыққанда сізге қызмет көрсететін компанияның заңды мекен-жайы жазылған кепілдік талоны бар ма, шаңсорғышты пайдалану бойынша толық ережесі мен техникалық төлқұжаты бар ма, соларды тексеріңіз.

Егер де тауар, сондай-ақ сатушы туралы толық әрі шынайы емес, уақытында берілмеген ақпарат тұтынушыны қажетті жоқ тауарды иемденуге итермелесе, ол келісім-шартты бұзып, өзіне келтірілген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқы бар.

2. «Кирбиді» сатушылар таныстыру мақсатында іске қосатын шаңсорғышпен жиі келеді. Онысын кейін алаңғасар адамдарға тықпалайды. Ол агрегаттың қанша уақыт бойы пайдаланылғаны белгісіз. Бұл «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 25-бабында: «Егер тұтынушы сатып алатын тауар бұрын пайдаланылған болса, немесе оның кемшіліктері кейін жойылған болса, тұтынушыға ол туралы ақпарат берілуге тиісті. Ондай тауарды сатып алған жағдайда, оның кемшілігі барын  растайтын құжатта көрсетілуге тиіс» деп жазылған. Егер сатып алынған «Кирби» пайдаланылған болса, ал келісім-шартта бұл жайында бірде-бір сөз қозғалмаса, келісім-шартты бұзып, келтірілген залалдың орнын толтыруды талап етуге болады.

3. «Кирбиді» қайтару операциясы бойынша ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңның 33-бабында: жұбайлардың бірінің жасаған мәмілесі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке иелік етуі бойынша сотта басқа жолдасының келісімінсіз сатылған деген себеппен жарамсыз болып танылуы мүмкін. Мұнда әрине сотта жұбайлардың бірі «Кирбиді» алуға түбегейлі қарсы болғанын, бірақ осыны біліп отырып екінші жартысы бәрібір отбасылық жинақты сатып алуға жұмсағанын дәлелдеу үшін көп еңбек сіңіру керек.

4. ҚР Азаматтық Кодексінің 159-бабы бойынша егер сатып алушы қатты жаңылысу салдарынан мәмілеге отырғанын сотта дәлелдесе, келісім-шартты жарамсыз деп тануға болады.

Шаңсорғыштарды сатып алушылардың үйлерінде сату арқылы, сатушылар ереже бойынша, кассалық чек тастамайды. Ол болмаса сот процестеріне мәміле жасалған фактіні дәлелдейтін куәгерлерді қатыстыруға болады.

Ең соңында, «Кирбиді» кері қайтару жағдайында сатушылардың сатып алушыдан талап етіп отырған 100 мың теңге тұрақсыздық төлемі жайлы айтайық. «Тұтынушылар құқығын қорғау» Заңының 17-бабына сәйкес, тұтынушылар құқығын қорғау заңында көрсетілген құқықтарымен салыстырғанда, тұтынушылардың құқығын шектейтін келісім-шарттар шарттары жарамсыз деп танылады. Осыдан келіп, тұрақсыздық төлемі туралы тармақ тұтынушының құқығын бұзып отырғандықтан, жарамсыз болып табылады.   

Тамара СУХОМЛИНОВА

29 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.