Атырау, 26 қараша 21:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

ІІМ елді шулатқан полицейлердің камерасына қатысты түсініктеме берді

1 909 просмотра

Интернетті жалған ақпарат тағы дүрліктірді. Соңғы күндері Watsapp желісі арқылы «полицейлерге пара ұсынбау» туралы шұғыл хабарлама жаппай таратылып жатыр. Себебі жол сақшылары кеудесіне видеотіркеуіш тағып алып пара ұсынған жүргізушілерді ұстап беріп жатқан көрінеді. Алайда, Ішкі Істер министрлігі мұның бәрін қауесет деп жұртты сабырға шақыруда, деп хабарлайды КТК.

 Жол сақшыларының кеудеге видеотіркеуіш тағып, жұмыс істеп жатқандарына 9 айдан асқан. Бірақ, неге екені белгісіз, жұрт енді дүрлігіп жатыр. Оған интернет арқылы тарап жатқан ақпарат себеп. Өйткені әлдекімдер таныстары мен туыстарына патрульдік полициямен сөйлескенде аса абай болуға және полицейлерге пара ұсынбауды ескертіп, жапа-тармағай мынадай хабарламалар таратуда.

Негізі астаналық полицейлер бұл құрылғыны былтыр пайдалана бастаған. Көлемі шағын ғана, 10 сантимертден аспайтын видеотіркеуіш сақшының кеудесіне тағылады. Ал, оған полицей мен жүргізуші арасындағы әңгіме толық жазылады. Бұған қоса жол инспекторларының қызметтік көлігінде де камераның түр-түрі бар. Темір тұлпардың ішіндегі жағдай, тіпті сырттағы қозғалыс та таспаға жіті түсіріледі.

«Кез-келген адам видеотіркеуіштің қосулы тұрғанын көргенде заңбұзушылыққа бармайды. Қазір жүргізушілер пара бермейді, ал полицейлер алмайды. Бұл құрылғылар қауіпсіздік белдігіне, ұялы телефонға қатысты даулы сәттерді әділ шешуге де өте ыңғайлы», - дейді Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков.

Жол полицейінің кеудесіндегі видеотіркеуішке жазылған мәлімет тек сот кезінде көрсетіледі екен. Оны сақшы өз бетінше өшіре алмайды. Қазір мұндай құрылғы 600 жуық астаналық полицейдің қолында бар. Сақшы камераны тек тамақтанғанда, әжетханаға барғанда ғана сөндіруге құқылы. Қалған кезде үнемі қосулы тұруы керек.

«Жақсы ғой. Өзім пара бермеймін», - дейді көлігімен қоғамдық көліктерге арналған аялдамаға, яғни тыйым салынған жерге тоқтаған жүргізуші. Сондай-ақ ол ереже бұзғаны үшін айыппұл арқалады.

Бірақ, мұндай видеотіркеуіштерді қолдамайтын, көңілі толмайтын да жүргізушілер бар екен.

«Бір жағынан жақсы. Екінші жағынан қиын. Енді келісу деген болмайтын шығар. Осы жағы қиын», - дейді енді бір жүргізуші.

Жыл соңына дейін видеотіркеуішпен полицейлер жаппай қамтылмақ. Осылайша,Ішкі Істер министрлігі жол бойындағы жемқорлықты түбегейлі жоямыз деп отыр. «Бәке-Сәке» деп жоғырадағы көкесіне хабарласушылардың жолы кесілмек. 

Дереккөз: bnews.kz

25 ақпан 2015, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.