Фото: РИА НовостиҚазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев түрмеде қайтыс болды, - деп хабарлайды РИА Новости сот өкіліне сілтеме жасап. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне-өзі қол жұмсаған.
Австрияның Kurier басылымының мәліметінше, Әлиев камерада асылып қалған күйі табылды. Оның өлімі туралы ақпаратты судья растады. Әлиев жуырда үшорындық камерадан жалғыз адамдық орынға ауыстырылған. Ал оқиғадан бір күн бұрын оның адвокатының ұлы Әлиевпен кездесіп, оның ісі жайында талқылаған. Адвокаттың өзі Әлиевтің суицидке барғанына күмән келтіреді.
Heute басылымының мәліметінше, экс-елшінің денесі 24 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша 07.20-да киім ілетін ілмекке асылған күйі табылған.
Рахат Әлиев 2007 жылға дейін Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметін атқарды. 2008 жылы ол Қазақстанда ауыр қылмыстар жасағаны, атап айтқанда, отанын сатқаны, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны үшін 40 жылға бас бостандығынан айырылды. Әлиев 2007 жылдың көктемінен бері шетелде жасырынып жүргендіктен сот үкімі сырттай шығарылды.
Құқық қорғау органдары Рахат Әлиевті өткен жылдың 5 маусымы күні Венада ұстаған еді. ҚР Бас прокуратурасы оны ұстауға "Нұрбанк" АҚ топ-менеджерлері Темірәлиев пен Хасеновті ұрлау мен өлтіруге қатысты тергеу материалдары негіз болғанын хабарлады. Tengrinews.kz Рахат Әлиевтің өліміне қатысты мән-жайларды анықтайтын болады.
Дереккөз: tengrinews.kz