ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстанға өзара жер алмасу жөнінде ұсыныс жасағаны туралы ақпараттарға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов РФ мен ҚР арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау мәселесінің тек қана Мемлекеттік шекараны демаркациялау мәселелері жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының құзырында екенін айтты. "РФ делегациясы аталған комиссияға мұндай ұсыныспен өтініш жасаған жоқ. Ресей тарапы ұсыныс жасаған жағдайда мәселе қалыптасқан келіссөздер үдерісіне және халықаралық тәжірибеге сәйкес мұқият қарастырылатын болады", - деп хабарлады Айтмаханов.
Еске салайық, бұған дейін Ресей басылымдары ҚР мен РФ билігі өзара жер алмасу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. "НГС.НОВОСТИ" ақпарат құралының мәліметінше, Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров Қазақстанға Ресейдің оңтүстігіндегі бірнеше жер телімін беруді ұсынды. Есесіне ол Қазақстаннан Омбы - Русская Поляна тас жолының 10 шақырымға жуық учаскесін сұрайды. "13 ақпан күні губернатор Виктор Назаров пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов өз елдерінің президенттеріне жер алмасу жөніндегі осындай ұсынысты жасауды ұйғарды", - деп жазады басылым. Ақпарат құралының мәліметінше, жер алмасу Русская Поляна ауданы тұрғындарының Омбыға апаратын жолдан қол үзіп қалмауы үшін қажет.
Дереккөз: tengrinews.kz