Атырау, 26 желтоқсан 13:04
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Біліксіздіктен туындаған «сыздауық»

15 835 просмотра

 

Тазалық пен сыпайылық дұрыс емге кепілдік емес

Осы материалды дайындау барысында маған медиктердің тағы да өз реніштерін білдіретіні қайта-қайта ойыма орала берді. Сеніңіздер, ең қиын мамандықтардың бірінің өкілдерін ренжіткім-ақ келмейді. Олардың басым бөлігі біздің денсаулығымызды сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын өз істерінің мамандары. Алайда біреудің салдыр-салақтығынан немесе ақшаға құныққандықтан адам денсаулығынан айырылып жататын сұмдық фактілерден айналып кетуге болмайды. Оның үстіне ақталуға мәжбүрлесе жанды ауыртатыны сол.

ОҒАШ «СЫЗДАУЫҚ»

Редакцияға Атырау тұрғыны Любовь Васильевна ТОЛСТОВА (суретте) хабарласты. Өткен жылдың күзінде бұл әйелдің оң жақ аяғының табанында кішкентай ғана күңгірт дақ пайда болып, біртіндеп өсе берген. Бастапқыда ешқандай қолайсыздық болмаған, алайда уақыт өте келе жабық аяқ киім кигендіктен дақ қанап, оның орнына жара пайда болған.

Бұл әйел «ДостарМедПрестижге» - жаңа емханалардың біріне барады. Онда ашылған сәттен бастап астаналық мамандар жұмыс істейді деп жарнамаланған болатын. Мұндағылар әуелі оны хирургке жіберген, ол дерматолог С.Пиржановқа жолдаған. Дерматолог әйелге оң жақ аяғына шыққан сыздауық деген диагноз қояды. Толстова екі ай бойына үзбестен емін қабылдайды, бірақ жарасы еш жазылмайды. Тіпті көлемі бұрынғыдан да үлкейіп кетеді. Любовь Васильевнаның айтуынша, ол әлденені сезіп, дәрігерден онкологқа жіберуін әлденеше рет өтінеді. Ал дәрігер ақырғы нәтижесі емдеу курсы аяқталғаннан кейін көрінетін болады деп, оны тыныштандырған. 

Екі ай бойына әйел үйінде аяғына жылы бұлаулар жасап, май жағып жүрген. Бірақ жара өсе берген. Любовь Васильевнаның үлкен қызы бірінші боп дабыл қағады. Сол күннен бастап Толстовтар Интернет арқылы Ресейден дәрігерді немесе емхананы іздей бастайды. Ауруды сипаттаумен қатар электронды поштаға жазылмаған жараның да суретін қоса салып жібереді. Бұл уақытта жара тағы бірнеше сантиметрге өскен болатын.

ПЕНЗАҒА БАРЫП АМАН ҚАЛДЫ

Алғашқы боп Пенза Федералдық мемлекеттік онкологиялық орталық үн қосады. Көп ойланбастан Толстовтар жанұясы сол жаққа аттанады. Л.Толстованың айтуынша, алғаш анализ тапсырғаннан кейін «2-ші кезеңдегі табан бөлігінің тері меланомасы» деген диагнозды айтқанда оның төбесінен жай түскендей болыпты.

«АЖ» анықтамасы: Меланома – қатерлі ісіктердің ішіндегі ең қарқынды дамитын түрі. Ол тез өсіп, басқа органдарға тамыр арқылы таралып, оның жойқын метастаздары пайда болады.

Любовь Васильевнабірнеше операцияны өткерген. Ресейлік дәрігерлер ісікті алып тастап, оның орнына денесінің басқа жеріндегі сау тінді ауыстырған. Салынған тін тек екінші рет ауыстырған кезде ғана етке біткен. Метастаздың даму қаупін болдырмас үшін оның шабының лимфа түйіндерін алып тастаған. Операциядан кейін Любовь Васильевна екі ай бойына төсек тартып жатқан, содан кейін ұзақ уақыт балдақпен жүрген. Қазір ол Атырау онкологиялық диспансерінде есепте тұр. Таяу күндері алғаш рет қажетті қымбат тұратын дәрісін тегін алыпты. Осы күнге дейін мүгедек күйеуі мен Любовь Васильевна (енді өзі де осы мәртебеге ие болды) екеуі тұратын отбасы барлық дәрілерді өз қаржыларына сатып алып отырған. Әрине, бұл жағдайда екі ересек қыздары мен күйеу балалары, сондай-ақ, достары мен көптеген әріптестері көп көмектескен. Ерлі-зайыптыларбүгіндеоларға шексіз алғыстарын білдіреді. Ауырғанға дейін Любовь Васильевна бір уақытта бірнеше жерде жұмыс істеген. Қазақ тілінен дәріс берген, өзі осы тілге жетік. Отбасын асыраған (күйеуі бірнеше жыл бұрын өндірістегі қайғылы оқиғаның нәтижесінде еңбекке жарамсыз боп қалған). Ал енді оған мүгедектік таңылып, ерлі-зайыптылар жәрдемақымен күн көруге мәжбүр. Алайда ең қорқыныштысы беті қайтпаған дерт болып тұр. Одан емделу үшін жыл бойына әр үш апта сайын иммунотерапия курсын қабылдауға тура келеді. 

- Әрбір ине шаншығаннан кейін терімнің астында қаным қайнап жатқандай болады. Температурам көтеріліп, әлсіздік басталады, лейкоциттер деңгейі түсіп кетеді. Ал оларды көтеру үшін жақсы тамақтанып, жақсы ем алу керек. Алғашқы кезде күйзеліске түсіп кеттім. Өзімнің осындай дертке ұшырағаныма сене алмай, қатты налыдым. Операциядан соң Атырауға келгеннен кейін таныстарымнан қашқақтайтын болдым, менің балдақпен жүргенімді көрмесе екен дейтінмін. Олар да менің ауруыма ұзақ уақыт бойына сене алмады, өйткені бір жыл бұрын ғана мені дені сау күйімде көрген болатын. Уақыт өте өзімді айнадан тани алмайтын халге жеттім, қатты жүдеп кеттім. Барлық киімдерім қолпылдап қалды. Ал жасым бар болғаны 54-те ғана, - дейді жасын іркіп қалған Любовь Васильевна.

Кешікпей Толстовтар өздерінің емдеуші дәрігерлерімен кеңесу үшін қайтадан Пензаға жол жүрмек.

- Телефон арқылы ол өзінің Мәскеуде екенін, ал Пензаға 30-шы желтоқсанда баратынын хабарлады. Осы уақытта барлық қажетті анализдерімді тапсырамын. Мен оған, сіздерде мереке ғой, маған қарайтын жағдайларыңыз болмайтын шығар дегем, бірақ ол мұның маңызды емес екенін, менің сол жерде болуға тиіс екенімді айтты. Әр операциядан соң күн сайын етімнің қалай бітіп келе жатқанын қарап, кейде жараны өз қолымен өңдейтін. Өзіне кез келген уақытта, күн болсын, түн болсын, қоңырау шалуыма болатынын айтқан еді. Ал бұл жердегі онкологтардың бірі, аяғымның бір бөлігін кесіп тастауға тура келеді деп қорқытып жіберді. Бірақ менің пензалық дәрігерім дүние жүзі бойынша бүгінде аурудан жапа шеккен ағзаны сақтауға тырысатынын айтқан болатын.

«ӨРЕСКЕЛ ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ҚАТЕЛІК КЕТКЕН»

Биылғы жылдың тамызында Любовь Толстоваоблыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ҚР премьер-министрінің блогына«ДостарМедПрестиж»емханасының үстінен шағымданған болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы шағымды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департаментіне жолдаған. Департамент комиссия жасақтап, жұмыс барысында Л.Толстованың шағымын негізді деп тапқан. Ол былайша көрініс табады. Алғашқы және келесі тексерілу кезінде ашылған медициналық кәртішкеге дерматолог жараның көлемі мен басқа маңызды детальдарды толық жазбаған. Ал физиокабинет процедурасының журналын тексеру кезінде науқастың 20 шақты күндей қызыл лазерьмен сәуле қабылдағаны анықталды. Бұл процедураны дәрігер тағайындамаған.

Комиссия емдік мекемеде емдеу процесіне бақылау жасалмайды, ішкі аудит қызметі жоқ, бекітілген медициналық қызмет көрсету стандарттары жоқ деп тапты. Әйелді емдеген дерматолог дәрігер С.Пиржанов 7 жыл бойына біліктілігін көтермеген. Шағым түскен уақытта ол өз қалауы бойынша жұмыстан кетіп үлгерген.

Комиссия қорытындысы: дәрігер С. Пиржанов өрескел диагностикалық қателік жіберген – тері меланомасын сыздауық деп қабылданған. Сөйтіп, дәрігер сыздауықты емдеумен айналысқан, алайда бұл ауруды хирург емдеуі тиіс болатын. Әрі қарай комиссия қорытындысында сыздауықтың - қыл қабының асқынуы екендігі, оның қыл өспейтін жерде, бұл жағдайда табанда болмайтындығы айтылған.

Дәрігер алғаш қабылдаған күні жараның үзіндісін алып, талдауға жіберуді керек деп таппаған. Бұл жерде, комиссияның пікірінше, жеке емханада дәрігердің еңбекақысы қабылдаған науқастар санына байланысты болатындығы туралы фактор да рөл атқарған. Әрбір дәрігер клиентті «қолдан шығарып алмауға» мүдделі. Комиссия мүшелері, сондай-ақ, пензалық емханада білікті медициналық көмек көрсетілгенін баяндаған. Ал қортындысында емхана басшылығына... нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын сақтауға, ...бұйрықты орындауға, ... бұйрықты қатаң ұстануға бақылау жасауды күшейту ұсынылған...

«ЕГЕР ӘР ОҚИҒА САЙЫН ЛИЦЕНЗИЯНЫ ҚАЙТАРЫП АЛА БЕРСЕК, КІМ ЖҰМЫС ІСТЕМЕК?»

Мен облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Мұрат ҚҰЛБАСОВҚА қоңырау шалдым.

- Жұмыстарында осындай салмақты кемшіліктер анықталғаннан кейін ұсыныстар туралы емес, лицензияны қайтарып алу туралы әңгіме қозғалуға тиіс емес пе еді?

- Өз тарапымыздан емханаға айыппұл салдық. Айыппұлдан басқа, бас дәрігер орынбасарымен бірге жұмыстан босатылды. Ал лицензия біздің ұйғарымымыз бойынша тек сот тәртібімен қайтарылып алынады.

- Ал неліктен мұндай ұйғарым шығармадыңыздар?

- Түсініңіз, еш әрекет жасамайтын адам ғана қателеспейді. Әр емдеу мекемесінің және әрбір жеке дәрігердің жұмысында қателіктер болады. Егер осындай жағдайлар орын алған сайын лицензияны қайтарып алуды жүзеге асыратын болсақ, кім жұмыс істейді сонда? Екінші жағынан алып қарасақ, ол әйел тиімсіз емделгеннен кейін біздің онкологиялық диспансерге баруы керек еді. Ондағылар уақытында дұрыс диагнозын қойып, ем тағайындар еді. Сол кезде ол ертерек сауығар еді. Ал ол 9 ай бойына дерлік жоғалып кетті. Осы жеке емхананың жауапкершілігін анықтадық. Сондықтан әйелдің өзіне тигізілген материалдық және моралдық зиянды сотта талап етуіне барлық негіз бар.

ДӘРІГЕР ЖОҚ БОЛСА, ПРОБЛЕМА ДА ЖОҚ ПА?

Екінші тарап ретінде «Достар Мед Престиж» басшылығының ұстанымын анықтау мүмкін болмады. Директор Андрей ТЕН комментарий беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бізде тек А.Теннің Л.Толстованың қайтадан жолдаған талап-хатына берген ресми жауабы ғана бар (біріншісіне жауап ала алмаған). А.Тен ҚР Азаматтық кодексінің 921-бабының 1-тармағын келтіріпті. Онда заңды тұлға еңбек (қызметтік, лауазымдық) міндеттемелерін орындау кезінде қызметкері тигізген залалды өтейтіні, қызметкері тигізген зиян үшін жауапкершіліктің жұмыс берушіге жүктелетіні айтылған. Алайда «...осы дау туындаған сәтте дерматолог дәрігер С.Пиржанов «Достар Мед Престиж» ЖШС-де жұмыс істемегенін ескере отырып, зиянды өтеу туралы талаптар заңды тұлғаға емес, дәрігердің өзіне қойылуы тиіс» делінген. Әрі қарай А.Тен емхананың әкімшілік жаза алғанын, сондай-ақ, бұл жағдайда заңды тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін негіз жоқ деп хабарлайды. Атап айтқанда, «заң бұзушылық пен тигізілген зиян арасындағы себепті байланыс дәлелденбеген. Өйткені заң бұзушылық пен Пензадаға операция арасында біршама уақыт мерзімі өткен, сол уақыт ішінде Толстова емханаға бармаған».

«АЛ БЫЛАЙ ОЛ ЖЕР ТАЗА, ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ СЫПАЙЫ…»

Л.Толстовамен болған әңгімеден үзінді:

- Пензаға алғаш барған сапарыңыздан кейін сіз Атырауда қойылған диагноздың дұрыс емес екендігін білдіңіз. Неліктен тек бірнеше ай өткеннен кейін ғана шағымдандыңыз?

- Мен операциядан кейін балдаққа сүйеніп, үйден күтініп жүрген кезімде бұған жағдайым болмады. Ең бастысы өз аяғыммен жүру мүмкіндігімді сақтап қалсам екен, жалпы өліп қалмасам екен деген ой мазалады. Бұл жерде басқа нәрсені ойлайтындай шамаң болмайды ғой. 

- Ал неліктен әуел бастан-ақ, мемлекеттік емхананы емес, жеке емхананы таңдадыңыз?

- Маған да басқа қала тұрғындары секілді ол жердің тазалығы, қызметкерлерінің сыпайылығы, сырт көзге ықыласы мол дәрігерлері ұнады. Меніңше, бұл өз ақшасына сапалы медициналық көмек алғысы келетін адамның табиғи қалауы ғой. Ал сыздауықты емдеу үшін аз нәрсе жұмсалмады. Бастысы - денсаулықтан айырылдым. Маған ІІ топ мүгедектігін тағайындады, мен 70 пайыз еңбекке жарамдылық қабілетімнен айырылдым.     

- Сіз емханамен келіссөздер жүргіздіңіз бе?

- Иә, мен бір күні оларға барғанмын. Департамент тексеру жүргізгеннен кейін олар менің талаптарымды білу үшін мені іздеп тапты. Мен олардың басшылығына 3 миллион теңге өтемақы талап ететінімді айттым. Бұл емделуге кеткен шығындардың және ауырған кезде ала алмаған еңбекақымның жалпы сомасы болатын. Алайда, олар менің талабымды өте жоғары деп есептеді. Енді менің адвокатым сотқа талап-арыз дайындауда.

Толстованың адвокаты, «Каспий S» заңгерлік компаниясы ЖШС директоры Әли СЕЙТАЛИЕВТІҢ пікірінше, жұмыс беруші, яғни, «Достар Мед Престиж», өз дәрігерінің қателігі үшін, мейлі ол жұмыстан шығып кеткен болса да, жауапкершілік алуы тиіс. Бұл жағдайда Л.В.Толстованың денсаулығына тигізгілген зиянды өтеу туралы талап-арыз заңды тұлғаға - «Достар Мед Престиж» ЖШС-нің үстінен берілетін болады.

Алайда ақырғы шешімді сот қабылдауы тиіс.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген  автор

29 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.