Атырау, 28 желтоқсан 00:19
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Саша Капёнкиннің динозаврлар әлемі

5 648 просмотра

Ол динозаврлар туралы бәрін біледі десем, титтей де өтірік айтқаным емес. №6 мектептің 7 «в» сынып оқушысы динозаврлардың тіршілігі туралы көптеген кітаптарды оқып, 3D арқылы ең қызықты хабарлардың барлығын қараған, ақпарат іздеуде ғаламторды қопарып, ғалымдардың соңғы жаңалықтарының бәрі туралы біледі екен.

Таныс болыңыздар,Саша КАПЁНКИН. Жақында ол Атыраудың танымал палеонтологы және өлкетанушысы Юрий ПАСТУХОВПЕН бірге «Динозаврлар өмірінен» деп аталатын өлкетану мұражайының палеонтологиялық филиалындағы жаңа экспозицияны жасап бітірді. Экспозицияны дайындаған өлкетанушы, ал өз мектебіндегі «Миллениум» экологиялық-туристік клубы мұражайының гиді боп табылатын мектеп оқушысы оны безендірумен айналысқан.

– Мен палеонтологияға көптен бері ден қойғанмын. Тілім жаңа шыға бастаған кезімнен деуге болады, - дейді Саша. – Ал палеонтологиялық мұражайға әжем әкелді. Осы жерде мен Юрий Александровичпен таныстым. Енді қазір ол кісімен доспыз. Ол маған динозаврлардың тіршілік етуі, мінез-құлқының ерекшеліктері туралы көп кітаптар берді. Көптеген ақпараттарды ғаламтордан аламын. Бұл сондай қызықты.

– Экспозиция дайындалған кезде нақты немен айналыстың?

–Динозаврлардың белгілі бір түрлерінің өмірінен көріністер дайындадым. Бұл жерде біз оларды өмірде осылай болуы мүмкін деген пайыммен бейнеледік. Міне, мысалы, мына жерде трицератопстар үйірі орналасқан. Бұл динозаврлардың ерекшелігі - олар керемет ата-аналар болған, егер қауіп туындай қалса, өз балаларын қасық қаны қалғанша қорғаған деп оқыдым. Сондықтан мен  оларды дәл қазір балаларын қорғап жатқандай бейнеледім. Ал мына жерде дилофазавр динозаврлардың басқа түрінің аналығына шабуыл жасамақшы... Бронтозаврларға назар аударыңыз. Сіз бұл түрдің ресми түрде жоқ екендігін белгілеп алсаңыз.

– Сонда қалай?

– Бұл қызықты хикая. Апатозаврды зерттегенде ғалымдар көптеген қателіктер жіберген. Оған басқа атауды ғана емес, бөгде түрдің басын қондырған. Бұл динозаврлар туралы ғылымдағы орасан зор қателік болды. Ғалымдар осы жануардың сүйектерін тауып алып, тіпті «бронтозавр» деген атаумен оларды экспозиция үшін құрастырған. Бірақ кенеттен табылған бастың динозаврлардың осы түріне тиесілі емес екендігі анықталған. Сүйектер табылған жерге қайта келгенде, «дұрыс» басты тапқан. Бұл түрге бірден «апатозавр» деген атау берген. Міне, бейбіт жайылып жүрген ол мынау.

Оқушы аналық үшін төбелесіп жатқан екі стегозаврлар туралы қызықты жайтты әңгімелеп берді.

– Кейбір ғалымдар оның арқасындағы тізбектеліп тұрған пластиналар оған қорғану үшін қызмет көрсеткен деп болжайды. Бірақ, меніңше, бұл бос сөз, - дейді оқушы. – Шабуылдаушылар дененің бүйірінен оп-оңай зақымдай алады. Сондықтан мен бұл пластиналар аса ыстық болған жағдайда денені салқындату үшін көмектескен деген пікірдемін. Өйткені, әр пластинкада ірі қан тамырлары жүйеленген. Қан тамыры жүйесі оған тез салқындауға және керісінше, егер тоңса, жылынуына мүмкіндіктер берген...

– Мына жерде көлдер, таулар бар екен…

– Әрине, мұндай таулардың біздің жерімізде болуы неғайбыл. Бірақ біз птеродактилдерді қалай суреттеген болар едік? Ал мына көлдерде плиозаврлар тұрады. Осынау таңғажайып суда жүзетін жануарлар тек жұмыртқа салу үшін ғана құрлыққа шыққан. Тіршілігінің негізгі бөлігінде суда мекендеп, балықпен қоректенген.

– Динозаврлардың мына мүсіндерін қайдан алдыңыздар?

– Әр жерден. Балалар ойыншығынан, киндер-сюрприздерден. Бұрын бес жаста болған кезде менде коллекциясы болатын. Қазір жасым он екіге келгенде оларды бөлмемде ұстағаным келіспейді ғой. Оның үстіне кейбір мүсіндер нақты бейнелерге сай келмейді. Өндірушілерге кейбір мүсіндерді шығармас бұрын, балаларды шатастырмас үшін кеңесшілер жалдаған жөн ғой. Өзіңіз қараңызшы, мына құбыжық нағыз майозаврға ұқсай ма? Оның жоны анағұрлым дөңес, ал құйрығы ұзын болу керек. Карикатура сияқты, иә...

– І-і…

– Ал олардың реңдеріне келер болсақ, бұл жерде ештеңе айта алмаймын. Олардың реңдері түрлі болуы мүмкін. Өкінішке орай, біздің дәуірімізге дейін ол тасқа айналған тіршілік белгілерінде сақталмаған.

Осы экспозиция ресми түрде таяу күндерде ашылмақ. Кіру ақысы – 100 теңге.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

1 қыркүйек 2011, 23:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.