Атырау, 28 желтоқсан 00:14
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қабырғаны тіреулер ұстап тұр

4 654 просмотра

Облыстан жырақ жатқан Байшонас селосы «мұнайшы ауыл» атағына ие болғанымен, жергілікті тұрғындарға жайлы баспана бұйырмай отыр.

БАРАКТАР МЕКЕНІНДЕ

Мұнайды жамбасына басып жатқан аталмыш ауыл халқына «қара алтынның» қызығын көру жазбады. Сексен жылдық тарихы бар ауылдағы барак үйлерде  тұрып жатқандар жетерлік. Екі қабатты үйлер тіреумен тұр. Бұл тіреу қашанға дейін шыдайтынын тұрғындардың өздері білмейді.Үйлердің екі жақ қабырғасын қысқан ұзын тіреулер бұдан бірнеше жыл бұрын қойылған. Коммунальдық қажеттіліктен ажыратылған бұл баспаналар үй деген атаққа ғана ие.

- 16 пәтерлік екі қабатты бұл үй 1960 жылы салынған. Жарты ғасыр тарихы бола тұра, жекеменшікке өткеннен кейін оған ешкім бас қатырған емес. Ал үй қақ ортасынан жарылып тұр. Көрдіңіз бе, терезеге дейін қисайып кеткен. Осы жарылған бөлігінде қарт адам жалғыз тұрып жатыр. Мұны қанша жекеменшік болса да тұрғындар жөндей алмайды, әкімдік болса өзімізге ысырып отыр. Онсыз да үйдің екі жақ қабырғасында бірнеше тіреу тұр. Тұрғындар бұл үйге кіріп шыққаннан қорқынышта болады, осыған кім көмектеседі. Не істейміз, дейді шарасыз қалғантұрғындар Руслан ЕСЕНҒҰЛОВ, Алдамжар ТАСМАҒАНБЕТОВ, Келдібай СӘРСЕНБАЕВ.

Тұрғындар үйдің апатты жағдайда екенін білдіретін құжат та жасақтамаған. Қайда барарын, не істеу керектігін білмеуде. Ауылдағы барак үй тұрғындары әр күнін қорқынышпен өткізуде. Кезінде бұл ауыл вахталық әдіспен салынған.1931-1960 жылдары салынған барак үйлер көп. Оның үстіне округ әкімшілігінің биылғы қаулысында тұрғын үй салу үшін жер беру тоқтатылған. 

1928 жылы салынған «ең қарт» үй тұрғыны Божаевтар отбасы 1983 жылдан бері осында мекендеп келеді. Үй әбден ескірген, тіпті сыртқы бейнесі адам шошырлық жағдайға жеткен. Есік, терезелер тек ілініп тұр десе болады, төбесінен әлсін-әлсін су ағады. Үйдің жөндейтін жері қалмаса да, Божаевтардың үйді жөндейтін халдері жоқ.

  Онсыз да әзер күн көріп отырмыз. Анам аурулы, есепте тұр. Алатыны - он мың теңге зейнетақы ғана, өзім жұмыссызбын. Қызым төртте, ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, азын-аулақ ақша аламын. Бір жылы шифері ұшып, бір жақ бөлме опырылып құлап қалды. Ел ағалары көмектесіп, тығырықтан шыққандай болып едік. Қыста үй суық болғандықтан, анамды Доссордағы сіңліме апарып тастаймын. Қалт құлт етіп күн көріп отырып баспананы қалай саламын, ал мына үйдің жылдан-жылға күйі кетіп барады, дейді Эльмира БОЖАЕВА.

Бұдан басқа да тұрғындар шағымданумен болды. Ауылдан күн өткен сайын күй кетіп барады.

 Байшонаста шынымен де апатты үйлер көп. Мамандар барып, анықтағанда мұндағы үйлердің (380 үйде 1980 халық тұрады - Л. Қ.) 55 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететіндер және апатты болып саналды. Қажетті құжаттары жасақталғаннан кейін жоғарыдан көмек сұрамақпыз. Оның қаншалықты іске асатынын айта алмаймын. Десек те қол қусырып қарап отыруға болмайды ғой, дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Жарылғасын ЕСМАҒҰЛОВ.

ҚОНЫС ТОЙЫ ҚАШАН?

Байшонас туралы «АЖ» бетінде («Адыра қалған Байшонас» - №19, 12.05.2011ж, «Байшонас босып кеткелі отыр - № 32, 11.08.2011ж») соңғы кезде бірнеше материал жарық көрді. Соңғы сапарда байшонастықтар бізді өте ашулы күйде қарсы алған болатын.

Десек те, сең жайлап қозғалды. Мұнайшылар тұрғындармен кездесуді ұйғарыпты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кездесу Байшонаста емес, «Ембімұнайгаз» ӨФ-ында өткен. Оған 120 шақырым жерден тек он бес шақты тұрғындар кездесуге келген. Тақырып біреу ғана, Байшонас ауылының әлеуметтік мешеулікке тап болғанының себеп - салдары еді. Әзірге ағынан жарылған мұнай басшылығы биылғы қыстан қысылмай шығуға үйіп-төгіп уәдесін беруде. Және әкімдік тарапына болашақта Байшонасты көшіруге мұрындық болатынын жеткізген. Бір ғажабы, бүтіндей бір ауылдың тағдыры талқыға түскен басқосуға облыстық әкімдіктен ешкім қатыспаған. Мұны да кездесуге барған ауыл адамдары айтып отыр. Ал облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ аузынан жылы сөз естілді. Таяуда депутаттармен болған кездесуінде Рысқалиев Ескене мен Байшонасты көшіру үшін «Қазмұнайгазбен» келісімге келіп отырғанын жеткізді. Және бұл мәселе жіті бақылауда болатынын нықтап отыр.

Білуімізше, Байшонас халқын көшіріп, баспанамен қамтамасыз етуге 4 млрд. теңге қажет көрінеді. Оның жарты қаржысын «Қазмұнайгаз» АҚ өз мойнына алмақшы.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

1 қыркүйек 2011, 23:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.