Атырау, 21 желтоқсан 15:25
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Соғыстан кейін шахматқа оралдым

3 780 просмотра

Соғыс ардагері Өтәлі БАЛҒЫМБАЕВ(суретте) туралы мақалалар газет бетінде талай мәрте жарық көрді. Бірақ көпшілігі оның шахмат бойынша облыс чемпиондарының арасындағы ең жасы үлкен ақсақал (қарияның жасы 91-де) екенін біле бермейді. Қария әлі тың, аптасына бір рет АМУ жатақханасында ашылған шахмат клубына барып тұрады.

- Біз Мақат ауданының Ескене ауылында тұрдық. Әкем Балғымбай мұнара құрастыру кеңсесінде ағаш шебері болып қызмет етті. Анам Хилаш үйде балалар жиналып, ақыл-ойды дамытатын ойындар ұйымдастырған кезде қатты қуанатын. Менің ағаларым Қойшықара, Өтеп (Нұрлан Балғымбаевтың әкесі), Салтанат және Мақаш шахмат ойнап білетін. Ағайынды Боранбаевтар - Әлібек пен Тастанбек те тәп-тәуір ойнайтын. Өтеп 1938 жылы әскерге кетті, ал Қойшықара 1940 жылы аттанды (екеуі де майданнан 1945 жылы оралды). 1941 жылдың қыркүйегінде мен авиация механиктерінің Селищин мектебіне оқуға түстім. Ұзаққа созылған соғыс жылдарында шахмат туралы ұмытуға тура келді...

1942 жылы авиамеханиктер мектебінен Өтәлі Балғымбаевты Азаматтық әуе флотының оқу эскадрильясына ауыстырады. Ол жерде У-2 ұшақтарына ұшқыштарды оқытатын. 42-жылдың тамызында аға сержант Ө.Балғымбаев бөлініс бойынша Вязьма маңындағы ІІІ Белорус майданының 120-шы гвардиялық жеке әуе полкының құрамына түседі. Полкте бес эскадрилья болды: бірінші және екіншісі – қарсылас қорғанысының алдыңғы шебін бомбалады, үшіншісі – партизан отрядтарын қамтамасыз етумен айналысты, төртіншісі – майдандағы бөлімшелермен байланыс ұстады, бесіншісі – ауыр жараланғандарды тылға жеткізумен айналысты. Өтәлі бесінші эскадрильяда 1944 жылдың мамырына дейін қызмет етті.

- Біздің У-2 маршруты Смоленск-Витебск жолының бойымен өтетін. Бізді кеңес жойғыш ұшақтары күзетті. Бірақ белгілі бір себептермен олар әуеге шықпаған кезде, қайдан шыққандары белгісіз, жаудың «Мессершмиттері» шыға келді де, фанерадан жасалған біздің У-2-ні құзғындай атқылай бастады, - деп әңгімелейді Ө.Балғымбаев.

9 ай ішінде Ө.Балғымбаев 42 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, соғыс даласынан тылдағы госпитальға 84 жаралыны жеткізген. Осы ерлігі үшін ол Ұлы Отан соғысының екі орденімен марапатталған.

- 1943-44 жылдардың қысында әскери іс-әрекеттің күшеюіне байланысты жараланғандар саны күрт артты. Бірде алдыңғы шепке звено командирі Петр Коптевпен ұшқан едік. Ол бастаушы (алда), мен – жетекші (артта). Біздің артымыздан тағы бірнеше У-2 ұшып келе жатқан.

... «Мессерлер» тұтқиылдан төнді, бізді жан-жаққа қуып тастады. Мен командирдің тұман арасына жоғалып бара жатқанын байқап қалдым. Ал ереже бойынша тұман арасымен ұшуға тыйым салынған. Басқа амал болмады – мен де оның артынан кеттім. Бес минуттан кейін кері бұрылып, базаға қарай ұштым. Қараймын, командир менің артымнан ұшып келеді. Ашық алаңға қондық. Жаныма Сергей Логинов қонды, ал оның жетекшісі Миша Заименко келмеді. Тұман жақындап қалды. Біз базаға қайтуға мәжбүр болдық. Кешкі аста Заименконы еске алып, спирт ішіп алдық. Таңертең Коптев оның ұшағы құлаған орынды іздеуге шықты. Және тапты. Миша өзінің «әуе кемесінің» сынған фюзеляжының жанында отыр екен. Оның қалайда алдыңғы шепке жетіп, бортқа екі жаралыны тиеп алғаны белгілі болды, ал қайта ұшып келе жатқанда қалың тұманға тап болып, оның ұшағы жерге құлаған екен. Жаралылар тірі екен – оларды партизандар арбаға салып алып келді. «Бүлінген» ұшақ үшін Заименконы бір айға ұшудан шеттетті. Бірақ аздан соң бұйрықты жойды – ұшқыштар күн сайын қаза болып жатты, ал толықтырулар болмады...

1944 жылдың мамырында Өтәлі ауырып қалды. Оның екі тізесі бірдей ісіп, көп ұзамай оны Смоленск госпиталіне жеткізеді. Осы жерде кездейсоқ кездесу орын алды. Оның ауру тарихын оқып тұрған әскери дәрігер бір кезде айқайлап жіберді: «Мәссаған, жерлесімді таптым». Өтәлі оны таныды – бұл Ескене ауылынан шыққан дәрігер Петр Поляков болатын. Өтәлі 1940 жылы бауыры Салтанат турниктен құлап, қолын сындырып алған кезде медпунктте Поляковтың ауруды басатын дәрі салып, таңғыш салып қойғанын еске түсірді.

- Смоленскіден мені Мәскеу түбіндегі Гжатск қаласына жіберді, ол жерден санитарлық пойызбен өзбек қаласы Қағанға аттандырды. Ол жерде жағдайым түзелді. Мені аурухана төсегіне таңған полиартрит жазыла бастады. 1944 жылдың тамызында дәрігерлік комиссия мені әскери қызметке жарамсыз деп тапты. Үйде әке-шешем Ескене маңындағы тұзды көлден емдік балшықты жинап, күн сайын менің аяқтарымда уқалап, орайтын. Көп ұзамай тіземдегі ісік қайта бастады. Әр үш ай сайын әскери комиссариатта комиссиядан өтіп тұрдым. 1945 жылдың сәуірінде мені Орынбор қаласына жіберді, дәрігерлер мені саптан тыс қызметке жарамды деп таныды. Осылайша екінші рет майдан даласына келдім.

...Біздің қосымша полкте кім болмады десеңші – бұрынғы саяси тұтқындар, қылмыскерлер, аурушаң жандар. Біздің эшелон Еуропаға бет алды. 8 мамырда біз Солнок қаласына жеттік, ол Будапештен 40 шақырым жерде орналасқан. Сол жерде мыңдаған тапанша мен пулеметтің дүркіндете атқанын естідік. Жеңімпаз жауынгерлер осылайша салют атып жатты. Бірақ біздің пойыз ары қарай Чехословакияға  кетті. Ол жерде 50 жастан жоғарылардың қайтарылатындығын хабарлады. Менің жасым одан кіші еді. Біз техниканы жөндедік, ағаш шаптық, ас әзірледік. 1945 жылдың жазында бізді Чехословакиядан Венгрияға жаяу әкелді. Полк 356 шақырымды 12 күнде жүріп өтті. Венгрияда қазан айына дейін біз жолдар салдық, тек содан кейін бізге саптағы қызметке шектеулі жарамды жауынгерлердің қайтарылатындығы туралы хабарлады. Үйге 45 жылдың 19 қарашасында оралдым.

1946 жылы Өтәлі Балғымбаев «Эмбанефтьпроект» кеңсесіне техник болып жұмысқа орналасты. Ал 1947 жылы Азаматтық әуе флотының бас басқармасына Кеңес Одағының кез келген нүктесіне ұшқыш болып жұмыс жасауға жіберуді өтінген хат жазады. Бірақ арызы қабыл алынбайды да, ұшқыш карьерасымен қош айтысуға тура келді. Жобалау институтында жұмысын жалғастыра отырып, 1950 жылы Ө.Балғымбаев «ГипроКазНефть» институтында жобалардың бас инженері болып тағайындалады.

Осы уақыт ішінде Балғымбаев өзінің сүйікті ісі шахмат ойынын тастамады. 1946 жылдан 1949 жылға дейін ол облыс чемпионы атағын ешкімге бермеді, ал 1949 жылы Қазақстан чемпионатында бесінші орын алды. Сол жылы шаңырақ көтеріп, жұбайы Бәтима екеуі үш ұлды дүниеге әкеліп, өсірді. Бауыржан, Аманқос, Марат – үшеуі де мұнайшы мамандығын таңдады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

12 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.