Атырау, 14 қараша 07:25
 бұлттыВ Атырау +5
$ 492.17
€ 522.39
₽ 5.00

«Біздің мәжіліске 77 қорқақ қоянның қатысы жоқ!»

5 696 просмотра

Біз Атырау облысынан сайланған төрт депутаттың үшеуіне және тағы бір мәжілісімен Айгүл Соловьеваға екі сауал қойған едік. Бірақ, кейбір менің сұхбаттастарым (әсіресе екіншісі) әлденеден секемденіп, сақтық танытқанымен жауап беруден ешқайсысы бас тартқан жоқ. Төрелігін өздеріңіз айтарсыздар.

1. Елбасы өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу ұсынысы туралы не ойлайсыз, егер ол өтсе, 2012 мәжіліс сайлауын өткізудің қажеттілігі бар ма?

2. 2004-2007 жылдардағы парламент мәжілісінің депутаты Амангелді ТАСПИХОВ «Біз ұсыныстарды қолдап, заң жобаларын талдаудың орынына күн сайын бір-біріміздің аузымызды жабуға машықтанып барамыз. Премьер-министрге, министрге сұрақ қоюдан қорқамыз, заңдарды талдаудан да қорқамыз. Егер парламенттің үшінші шақырылымына алда-жалда ескерткіш қойылатын болса, ол алаңда отырған 77 қорқақ қоянның ескерткіші кейпінде болады» дегені есімізде. Мәселен, сіз өзіңізге қандай ескерткіш қойылуын қалар едіңіз?

 

Ирак ЕЛЕКЕЕВ

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

1. Өскеменде аймақ өкілдері жиынында бастамашыл топ президенттің өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде ұсыныс жасады. Олардың арасында Атыраудан да біраз өкілдер болды ғой. Бәлкім оларға сөз тимей қалған шығар. Мені шақырған жоқ, барсам сөйлейтін едім, қолдайтын едім сөз жоқ. Меніңше парламент сайлауы келер жылы болмайтын сияқты. Ал егер болашақта сайлау болып жатса, екі партиядан кем болмауы жөнінде заң бар ғой. Онда пікірталас қызып, қазіргідей емес, ашық әңгіме болар еді. Бүгін парламентте онша ашық пікірталас жоқ. 10-15 адам ғана өз пікірлерін айтады, қалғаны үнсіз, өйткені айтарлары жоқ. Ол шындық.

2. Депутаттарды қорқақ қоянмен салыстыруға болмайды. Мен өз әріптестерімді қорқақ деп қалай айтамын? Ал қандай ескерткіш - оны халық өзі шешер. Біз депутаттар халық үшін бәрін жасап жүрміз. Мәселен, сіз Атыраудан сайланған депутаттар арқасында қос палатаға бөлінген 46 млрд қосымша қаржының 11 млрд-ы. Атырау бюджетіне түскенін білесіз бе? Осыны айтып жүрсіңдер ме?

 

Айгүл СОЛОВЬЕВА

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі
1. Референдум- ең дұрыс шешім. Конституцияда билік көзі - халық  екені жазылған. Ендеше халық өзінің кез келген маңызды мәселеге орай көзқарасын қалай білдіре алады? Әрине, референдум арқылы. Ал адамдар не дейді, ол басқа әңгіме. Олардың не «ие», не «жоқ» деп айтуға құқы бар. Осы пікірден мемлекет басшысының қандай қолдауға ие екені көрінеді. Ұсыныстар күн шығыстан басталды ғой. Ендігі бір ай ішінде атыраулықтар да оны қолдайтын болады деп ойлаймын.

 Ал парламент сайлауы болып жатса заңға сәйкес екі партия болары сөзсіз. Бір партиялы парламент енді теориялық жағынан мүмкін емес. Сондықтан «Нұр Отан» партиясына ол сайлауда жеңіп шығу қажет, ал содан соң партия ішінде өз сайлауы болады.

2. Ескерткіш жайлы мен ойламаймын да, қаламаймын да. Ал депутаттарды құр шалбарларын үйкеп жүр деп сынау дұрыс емес. Қорқақ деп атау да қате. Ел алдына шығып, көсемсіп сөйлеу бір басқа да, маңдайдан тер төгіп жұмыс жасау бір басқа. Сондықтан мен парламент жаман жұмыс жасаған жоқ деп бағалаймын. Өйткені бірде-бір парламент дәл осы жолғыдай көп заң дайындаған емес. Ал айтыс-тартыстар жұмыс тобының ішінде өтеді де, пленарлық отырысқа келісілген шешім ұсынылады. Бұған қоса бұл парламенттің партиялық парламент екенін ұмытпауымыз керек. Ал біз сол партияның бағдарламасын іс жүзіне асыруға тырысамыз. Депутаттар азаматтардың проблемаларын үнемі жақтап шешуге тырысады. Олардың негізгі бөлігі - еңбекшілдер. Сол себепті депутаттарға қоянның ескерткіші лайық еместігі анық.

 

Ұзаққали ЕЛУБАЕВ

Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

1. Президент сайлауына парламент сайлауының қатысы не? Оны неге шатастырып отырсың? Конституция деген ата заңымыз бар емес пе? Сонда бәрі анық- қанық жазылған. Сайлау өз уақтысында 2012 жылы болады.

Енді референдум арқылы президентке өкілдік беретін болса, мен «ЗА»мын. Шынында оған тең адам жоқ, ол кісі елді басқаруы керек. 2011 жылы референдум өткізіп, 2020 жылға дейін сайланса, мен ол үшін екі қолымды көтеремін. Халықтың ұсынысы - біздің ұсынысымыз. Біз парламентте ол кісінің мәңгілік президент болуына дауыс та бергенбіз.

2. Мен өмір бойы өзіме тиесілі жұмысымды жасап келемін, әкім болғанда жасадым. Елге барып сайлаушылармен кездесіп жүрмін. Сізге бір айғай, шатақ шығару керек болса мен оған бара алмайтын адаммын. Сайлаушылармен кездескенде олардың ұсынысын жинақтап, ішінен маңыздысын парламентте көтеріп келемін. 5 жыл бойы Атыраудан Астанаға қатынайтын жеке поезд шығару мәселесін айтып, сол ұсынысым келесі жылы жаз шыға орындалады. Сіз мені қайда итермелеп отырсыз? Таспиховтың қандай қатысы бар? Ешқандай ескерткіштің керегі жоқ. Алай болады, былай болады деген әңгімені ұнатпаймын, көшедегі анау-мынау әңгімені айтпаймын. Мен елбасыны қолдаймын.

 

Асхат БЕКЕНОВ

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

1. Қоғамдық ұйымдар президенттің өкілеттілігін ұзарту жайлы айтып жатыр ғой, бірақ депутатттардың  сайлауына оның қатысы жоқ. Ол өз уақытында, яғни 2012 жылы өтеді. Егер сайлау бола қалса, өзгеріс - көппартиялы жүйе туралы заңға сәйкес, бір-екі партия келуі мүмкін. Бірақ ол парламент, бүгінгі парламенттен артық не кем болмайды, дәл осындай кәсіби дәрежеде жұмыс істейтін парламент болады.

Мен өз басым президент референдумын қолдаймын. Биылғы өткен оқиғалар, ЕҚҰЫ саммиті бәрі президенттің авторитетімен байланысты. Біздің президентіміз Орталық Азияда, ТМД елдері арасында рейтингісі жоғары, оны көптеген мемлекеттер мойындап отыр. Оның үстіне біздің президентке альтернатива жоқ, жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаты дұрыс. Тек оған Алла тағала денсаулық берсін! Жақын уақытта біздің аймақтағы қоғамдық ұйымдар да қолдауға шығады деп ойлаймын.

2. Сіздер кейде қызық сұрақ қоясыздар. Мен халық қалаулыларына ескерткіш қойып керегі жоқ деп ойлаймын. Неге мен тірі тұрғанда маған ескерткіш қойылуы керек? Ал парламент өткірлігіне келсек, премьер- министрге, басқа министрлерге тіліп сұрақтар қойып отырмыз. Біз телевизордың алында тұрып, премьерді жамандауға тиіс емеспіз, өйткені біздің  мақсат-мүддеміз бір. Оңтүстік Кореядағы немесе Украинадағы күнде төбелесті қарап, олар демократиялық деп ойлайтын шығарсыз. Ондай жағдай ол саяси-экономикалық жағынан тұрақсыз мемлекет болғандықтан орын алып отыр.

Жазып алған Cәния ТОЙКЕН

29 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.