Атырау, 19 қараша 10:15
 бұлттыВ Атырау +5
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Экс-әкім ісі: Адвокаттар шабуылы-2

7 540 просмотра

«Бергей Рысқалиевтің ҰҚТ ісі» бойынша сотталғандар шағымдарын қарап жатқан апелляциялық алқаның отырысы жалғасуда. Төрт адвокат бірден өз қорғауындағы адамдарға қатысты соттың айыптау үкімі заңдылығының күмәнді екенін мәлімдеді.

 

ІСТЕ КӨРСЕТІЛМЕГЕН

Кейін анықталғандай, қылмыстық істі тергеу барысында ҚР қылмыстық іс жүргізу заңнамаларының негізгі принциптерінің бірі бұзылған, яғни, бір қатар сотталушыларға қатысты қылмыстық іс қолданыстағы тәртіп бойынша ашылмаған. Алайда сот оларға үкім шығарды.

Сотта қорғаушы тарапының өтінішімен «өз қызметтік жағдайын пайдаланып, бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында құрылған ұйымдасқан топқа қатысу» эпизоды бойынша қылмыстық іс көтеру туралы қаулының мәтіні оқылды. Атырау облыстық ЭСЖҚКД тергеу басқармасының тергеушісі Г. БИСЕНҒАЛИЕВ 2013 жылғы 25 қаңтарда ҚР ҚК-нің 235-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс көтерген. 4 беттен тұратын қаулыда облыстың бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА, оның ағасы, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан РЫСҚАЛИҒА, бұрынғы қаржы басқармасының бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВКЕ, экс-әкімнің жақын туыстары ӘЛБАҚАСОВҚА, ЖЕЛДІБАЕВҚА, ІСБАСАРҒА, кәсіпкерлер Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ, Олег ПАВЛИЧЕНКО, Артем ДАНИЕВИЧКЕ, сондай-ақ Атырау облысы әкімдігінің бір қатар лауазымды тұлғаларына және басқаларға қатысты ҚР ҚК-нің 235-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы көрсетілген. Барлығы 11 адам.

Алайда бұл қағазда «Мемсараптама» РМК-ның бұрынғы бас директоры Тұрланбек ЖИЕНБАЕВТЫҢ аты да, лауазымы да, әрекеттері де көрсетілмеген. ҚР ҚІЖК-нің 186-бабы 2 бөлімінде былай делінген: қылмыстық іс көтеру туралы қаулыда шығарылған уақыты мен орны, кім дайындағаны, қылмыстық істі көтеру себебі мен негізі, кімге қатысты және қандай факті бойынша көтеріліп отырғаны, қылмыстық заңның қандай бабының белгілері бойынша істің көтерілгені көрсетілуі тиіс. Яғни, менің қорғауымдағы адамға қатысты қылмыстық іс мүлдем жүргізілмеген. Іс материалында мұндай қаулы жоқ, - деп мәлімдеді «АЖ»-ға адвокат Тамара ЖҰБАНЫШЕВА. – Жиенбаевқа қатысты осы бап бойынша неге және қалай айып тағып отырғандары түсініксіз.

Жиенбаевқа қатысты қылмыстық іс көтеру туралы қаулының жоқтығы оның ақталғанын білдіреді. Міне, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Сәлімжан НАҚПАЕВҚА қатысты сот тәжірибесінен бір мысал – нақты тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы қаулының жоқтығы ақтау үкімін шығаруға себеп болды. Жоғары соттың қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасының 2012 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен Нақпаев оған қатысты ҚР ҚК-нің 327-бабы («Өзінше билік ету») қылмыстық істің көтерілмегені негізінде қылмыс құрамы жоқ болғаны үшін ақталды.

Сонымен қатар Жұбанышева Жиенбаевтың және басқа сотталушылардың ҚР ҚК-нің 235-бабы бойынша кінәларын телефон арқылы сөйлесулерді детализациялау арқылы растағанын да дұрыс емес деп есептейді.

Бұл айыптаушылардың пікірінше, қылмыстық қауымдастықтың қатысушылары бір-бірімен тікелей байланыста болғанын растайды және олардың бір-бірін танымаймыз деп айтқандарына қарамастан мүдделі болғандарын дәлелдейді. Телефон арқылы сөйлесуді детализациялау қылмыстық іс бойынша дәлел болады деп негізсіз және жария түрде қалай айтуға болады? Істе сөйлесулер мәтіні фонограммасының қағазға түскен құжаты бар ма, іс бойынша дауыстардың сотталушыларға қатысты екеніне сот-фоноскопиялық сараптама жүргізілді ме, сотталушылардың дауыс және сөйлеу үлгісі алынып па еді? Жоқ, бұлардың бір де бірі істе жоқ. Жұбанышева осы факторлар Жиенбаевты ҚР ҚК-нің 235-бабы 3-тармағы бойынша ақтауға жеткілікті негіз болады деп есептейді.

Оның әріптестері, бұрынғы Атырау облысы әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВ пен «Батыстранспорт СИМ» ЖШС-тің бұрынғы директоры Рахметолла ӘЛШЕНОВТЫ қорғайтын Алтынай НӘБИЕВА мен Гүлнара МУСИНА да тергеу тарапының осындай заң бұзушылықтары туралы мәлімдеді.

Сол қаулыда Жиенбаевпен бірге Әлшенов пен Әбдіров та көрсетілмеген, іс материалдарында оларға қатысты бөлек қаулы да жоқ,- дейді Нәбиева. – Сонымен қатар, бұл қаулыда 235-бап 4 тармақ бойынша қылмыстық құрам сипатталған. Алайда қылмыстық істің материалдарында Әбдіров 12 жылға, Әлшенов пен Жиенбаев 8 жылға сотталған 235-баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы қаулы жоқ. Бұл тұлғаларды бірінші инстанция соты қандай жағдайларда және қандай негізде соттағаны түсініксіз. Бұл жағдай осы процеске қатысушы прокурорды да таңғалдырған еді.

Тағы бір сотталушы, 11 жылға үкім шығарылған жұмыссыз КОРИЦКИЙГЕ қатысты алдын ала тергеу органдарының жіберген осындай заң бұзушылықтары жөнінде адвокат Игорь ВРАНЧЕВ мәлімдеді.

Өтініштер қаралуға қабылданды, алайда сот әзірге рұқсат берген жоқ.

 

БЕЙТАНЫС ЖАНДАЙШАП

10 ақпанда адвокат Вранчевтің өтінішімен сотта айғақ беру үшін тергеу изоляторында жатқан, ісі бөлек өндіріске бөлінген Олег Павличенко әкелінді. Естеріңізге салсақ, «СтройКонтрактГрупп» ЖШС директоры 2012 жылы қазанда ағайынды Рысқалиевтермен, олардың үш күйеу баласы және жақын іскери ортасымен бірге халықаралық іздеуге берілген. Барлығы 13 адам. Оны осы уақытқа дейін қаржы полициясы ұстаған маңызды қашқындар ішіндегі жалғыз адам деуге болады. Ол 2013 жылдың қарашасында Мәскеуде ұсталған еді. Оны көршілес Ресейден экстрадациялау бір жылға созылды, біздің бейресми деректеріміз бойынша, Атырауға өткен жылдың желтоқсанында әкелінген. Біздің сол ақпарат көздеріміздің мәліметтері бойынша, ол Рысқалиев және оның айналасындағылардың бюджет қаржысынан заңсыз иемденген ақшаларының ізін жасырды деп айыпталуда. Өкінішке орай, бұл ақпараттарды растай да, жоққа да шығара алмаймыз: біздің 2015 жылғы 15 қаңтарда Мемлекеттік қызметістеріжәнесыбайлас жемқорлыққа қарсыіс-қимылагенттігі департаментіне жіберген ресми сұранысымызға бір айдан бері жауап жоқ. Алайда Павличенконың Атырауда отырғаны шындық.

Апелляциялық сотта берген жауабында ол 7 жылға үкім шығарылған «Аркаим» ЖШС директоры Александр КУЗЕМАНЫ танымайтынын және еш байланысы жоқ екенін айтты (тергеу нұсқасы және сот үкімі бойынша Кузема Павличенконың көмекшісі деп танылды).

Менің қорғауымдағы Кузема тергеу кезінде де осыны айтқан – ол Павличенконы ешқашан көрмеген және танымайды,- дейді Вранчев.

Атырау облыстық соты жақында «АЖ»-ға жарияланған мақалаға түсінік берді. «Экс-әкім ісі: Адвокаттар шабуылы» мақаласында біз Болат ДӘУКЕНОВТЫҢ адвокаты Юрий СЛИНЧЕНКОНЫҢ «ҰҚТ ісі» бойынша үкім шығарған судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА қаржы полициясына тәуелді болғаны, өйткені ҰҚТ бойынша тергеу кезінде оған қатысты да тергеу жүргізілгені, процесс қарсаңында қылмыстық істі көтеруден бас тару қаулысы шыққаны жөніндегі тұжырымын келтірген едік. Облыстық соттың баспасөз қызметі былай деп хабарлайды: «Қаржы полициясы сол кезде Г. Дәулетовамен байланысты басқа қылмыстық іске тергеу жүргізді. Расымен, мақалада айтылған қылмыстық іс Мақат аудандық сотының судьясы Дәулетова төрағалығымен өтті және 2004 жылғы 17 тамыздағы сот үкімімен Қайрат Жалғасұлы Өтебаев ҚР ҚК-нің 109-бабы қарастыратын қылмыс жасады деп танылып, 1 (бір) жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда Қ.Ж. Өтебаевқа қатысты қылмыстық істің сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып отырған Дәукеновке және басқаларға қатысты, сондай-ақ осы істен бөлек өндіріске бөлінген қылмыстық істерді қарауға еш байланысы жоқ. Судья Г.Б. Дәулетоваға келетін болсақ, оған қатысты қаржы полициясы ешқандай тергеу амалдарын жүргізген жоқ». 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

11 ақпан 2015, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.