2015 жылдың 11 ақпанынан бастап Қазақстанда айырбастау пунктері үшін жаңа ережелер күшіне енді, деп хабарлайды BNews.kz.
ҚР Ұлттық банкінің қаулысымен айырбастау пунктері арқылы жүзеге асатын операциялар бойынша шетелдік валютаны теңгеге сату бағамынан сатып алу бағамының ауытқу шегін арттыруға тыйым салынады: АҚШ доллары үшін – 2 теңге, еуро үшін – 3 теңге.
Аталмыш шара қаржы жүйесін реттеу саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады және ол ұлттық валютаның экономикадағы рөлін арттыруға бағытталған.
Естеріңізге салып өтсек, 10 қыркүйек күні Ұлттық банк теңге бағамының ауытқу дәлізін +3/-15-ке кеңейткен еді. Енді ұлттық валюта бір доллар үшін 170-188 теңге шамасында ауытқып тұрады. Өзгерістер 11 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Дегенмен, осы теңге бағамының ауытқу дәлізі 2015 жылдың 10 ақпанына дейін ғана жарамды екенін жария етті ҚР Ұлттық банкі.
Атап өту керек, ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкі 2015 жылға арналған экономикалық саясат бағыттары туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Оған сәйкес, Қазақстанда шартты бірліктермен баға белгілеуге тыйым салынады. Бұл шара Қазақстан экономикасындағы ұлттық валютаның рөлін арттыруға бағытталған.
Дереккөз: bnews.kz