Атырау, 28 қараша 04:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Дежавю немесе Сайпем «қателіктерімен жұмыс»

2 292 просмотра

Италяндық Saipem мұнай-сервистік компаниясы өзінің «Ерсай» («Ерсай Каспиан Контрактор») еншілес компаниясы арқылы Қашағандағы D аралынан «Болашақ» зауытына дейін екі құбыр желісін тарту бойынша жұмыстар тендерін ұтып алды. Келісімшарт сомасы - $1,8 млрд.

Бұл туралы Saipem компаниясы өз сайтында жариялады. Әрқайсысы 97 шақырым болатын мұнай және газ құбыры желілерін салу келісімшарты Қашаған жобасының операторы NCOC консорциумымен жасалды. Жұмыс көлемі ішіне жобалау, платформаларды қондыру және дайындау, тереңдету, дәнекерлеу жұмыстары, құбыр желілерін топыраққа салу және екі құбыр желілерін алдын ала қосу-баптау жұмыстары кіреді.

Компания хабарлағандай, кейбір жұмыс көлемдерін қосалқы мердігерлер орындайды. Хабарламада, сондай-ақ, диаметрі 28 дюм (70 см) екі құбыр желісі көміртектес темірден дайындалып, іші татқа қарсы қабатпен қапталғаны айтылған.

Құрылыс 2016 жылдың аяғында бітеді.

- Бұл біз үшін өзекті өңірдегі өте маңызды келісімшарт, - деп түсінік берді сайтта Saipem бас директоры Умберто ВЕРДЖИНЕ. – Ол сондай-ақ нарықтағы төменгі бағалар жағдайында жұмыс көлемдерімізге үлкен үлес қосады.

Осылайша, Saipem табыстардың азаюы мен Ресейдегі келісімшарттардың тоқтатылуына байланысты туып отырған өздерінің қиын жағдайларында, бұрыннан болжанғандай Тұрбаларды ауыстырумен «Сайпем» мен «Бонатти» айналыса ма?»), құтқарушы тапсырыс алып, Қашағандағы құбыр желісін тарту бойынша бас мердігер болды. Бұл шешімнің дұрыстығы үлкен сұрақтар тудырады, өйткені бұрынғы құбыр желілері жарылуының негізгі себептері әлі белгісіз (немесе әлі ресми жарияланған жоқ) және кінәлі анықталмады.

Естеріңізге салсақ, 43%-ы италяндық Eni-ге тиесілі Saipem – құрамына негізгі құрылтайшылары Нұрлан ҚАППАРОВ пен Ерболат ДОСАЕВ болып табылатын «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС кіретін бірлескен кәсіпорын.

Қашаған кен орнындағы жұмыстарға алғаш қатысуы туралы «Ерсай» компания сайтында былай делінген: «Қашаған кен орнын дамыту ірі көлемді жобасына (магистралды құбыр желісі, эстакадалар және алау қондырғылары) бірлесе қатысамыз. Магистралды құбыр желісі: кен орнының өзіндегі құбыр желілерін (жер үсті және теңіз) дайындау және монтаждау және кәсіпшілікті жер үсті коммуникацияларына қосатын желілерді салу. Келісімшарт бойынша жұмыстардың «ЕРСАЙ» тобы жүргізетін бөлігі құбырларға қорғаныс жабындыларын жүргізуді қарастырады. Құбыр желілері үш түрлі болмақ: газ магистралі, мұнай құбыры және газды отын желісі».

Алайда, кейіннен, құбыр желісіндегі апаттан кейін «Ерсай Каспиан Контракт» ЖШС Қашағанда жүргізген жұмыстары тек құбыр желілерін бетондаумен байланысты болғандығын, қазіргі уақытта кен орнында өндірістің тоқтатылуына себеп болған құбырлардың бұзылуына компанияның еш қатысы жоқ деп мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар, 2014 жылға дейін Eni-дің (Солтүстік Каспий жобасы бойынша жеті әріптестің бірі) атқарушы директоры болған Паоло СКАРОНИ сол жылдың көктемінде өздерінің туған Италиясында экологиялық нормаларды бұзғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылып, басқа да ірі жемқорлық жанжалдар арасынан көрінген еді («Қашағанды қылмыскер итальяндық пен министр орынтағындағы бизнесмендеріміз құртады»)

Құбыр желілеріне келетін болсақ, темірдің құрамы, бұрынғысынша, Х60 спецификасына сәйкес болып, дәнекерленген қосылыстар жері мықты татқа қарсы қорытпамен қорғалады. NCOC құбыр желілерімен бірге D аралы мен «Болашақ» зауытындағы газды кептіру компрессорларын да ауыстырады. Ал бұл құбыр желілерінің істен шығу себептерінің бірі теңіз кешенінде газды дұрыс кептірмегеннен болуы мүмкін деген жорамалды тағы да растайды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

10 ақпан 2015, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.