Фото: inform.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президентінің қолжетімді баспанаға қатысты тамаша ұсынысын жастар тиімді пайдалануы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова айтты.
«Естеріңізде болса, Президент қолжетімді баспана бойынша тамаша ұсыныс жасаған болатын. Енді бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы қажет. Негізі жалдамалы баспана, несиеге төменгі пайыздық ставка көзделген мұндай норманы кез келген елден көрмейсіздер. Мұның барлығы жастардың жұмыс істей алулары үшін жасалып отыр», - деді Б.Әйтімова БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы ретте сенатор қазақстандықтарға шетелдік құрдастарын мысалға келтіріп өтті.
«Біле білсеңіздер, шетелде жастар осылай істейді. Олар өздерінің мүмкіндігінше өмір сүреді. Олар несие алып, өмір сүреді. Колледжде білімді де несиемен алады. Содан кейін қалай болғанда да жұмыс табуға тырысады. Олар студенттік жылдарында сабаққа дейін не кейін даяшы немесе қызмет көрсетудің басқа да салаларында жұмыс істейді. Осылайша несиелерін ақырындап өтейді. Ал одан кейін баспана қажет болғанда жалдамалы үй алады», - деді сенатор.
Дереккөз: inform.kz